Атырауда азамат бар Нұрым дейтін!
Атырау – маған жат өлке емес. Талантты қос курстасымның – Табылды Досымов пен Нұрым Ерғалиевтің туып-өскен жері. Бірі – күллі қазаққа танымал бард-композитор, екіншісі – қаламының желі бар журналист һәм адуын ақын. Сондықтан мұнда өз құдамның ауылына асыққандай емін-еркін қыдырыстай барып, еркелеп жата беремін. Жолай маңғаз Маңғыстауға – курстасым Гүлбаршын Байназароваға, арқалы ақын Светқали Нұржанға, «Сөз бен саз» авторлық бағдарламасының жүргізушісі, адуын асаба Бердіхан Әлменге, бард-әнші Есенбай Құлиге, ар жағында Оралға – суретші-ақын Ерсайын Жапаққа сәлем бере кетсем де болады… Ешқайсысы жатсынбайды, дастарханын жайып, құдайы қонағындай күтеді.
Табыл досым көзі тірісінде Атыраудан былай деп сәлем хат жолдап еді:
«Беке! Салаумалейкум! Кездеспегелi қанша жыл, қанша заман. Сендердi сағынумен күндер зулап өтуде. Үй-iшi, жеңгей, балалар аман болар. Бiз де аманбыз. Индерде жүрiп жатырмын. Қарттар бар, балалар төртеуге жеттi. Аудандық мәдениет бөлiмiндемiн. Творчество жәйiмен жалғасуда. Реклама жағы кемшiндеу, алыстамыз ғой. Бердiбаймен, Нұрыммен хабарласып тұрамын. Нұрым жақында қонақ болып келiп кеттi. Сенiң баяғы әнiң бұл жақта кең жайылған. Кел, гастролiңдi ұйымдастырамыз. Мынау Сансызбай Базарбаев деген әріптес – ағамыз. Журналист, ақын, азамат кiсi. Саған хабарлас деп отырмын. Амандығыңды айтып жiбер. Үй-iшiңе сәлем айт! Сәлеммен досың: Табыл Досымов. Индер кенті, 30 мамыр 2001 жыл».
Сол хат әлі күнге дейін өз қолтаңбасымен альбомымның ішінде сақтаулы. Нұрым елге келген сайын соны көрсетіп, екеуміз студенттік шақтарымызды еске алып, бір марқайып, бір мұңайысып қаламыз.
Бүгін сол Атыраудан жылы хабар алдым. Курстас досым, 5-ші жатақханада бір бөлмеде тұрып, қара домбыраны бірге сабалап, филфактың балконға қонақтаған қыздарының «тынышын алған», әдемі әндерімізбен жүректерін жаулаған айнымас әрі сырлас әріптесім Нұрым Ерғалиев өзі «Құрметті азаматы» болып абырой биігіне көтерілген Махамбет ауданындағы «Өнерпаз» мәдениет үйінде «Шіркін, Дәурен!..» атты шығармашылық кешіне шақырыпты.
Нұрым әр жылдары «Атырау» газеті бас редакторының бірінші орынбасары, Балықшы аудандық «Каспий таңы», Құрманғазы аудандық «Серпер» газеттерінде бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары, Исатай аудандық «Нарын таңы», Махамбет аудандық «Жайық шұғыласы» газеттерінде бас редактор, «Атырау-Ақпарат» ЖШС баспаханасында әдеби редактор қызметтерін атқарған екен. Қазір «Сарайшық» журналының әдеби редакторы. Президенттің Жарлығымен алған «Ерен еңбегі үшін» медалі кеудесінде жарқырайды.
Қаламы да, арыны да жүйрік әріптесіме асығып отырмын! Қайбір жылы барғанымда, достары бірінен соң бірі қолтықтай әкетіп, апта жатқызып күткен. Пойызға әзер үлгеріп қайтқаным есімде. Атырау жұртының қонақжай екенін сол жолы байқағам. Шүкір, Нұрымның да дос-жараннан кенде емес екенін сездім. Сауық-сайранға әуес кілең сал-сері, ойын-сауықшыл, жігерлі жігіттер екен. Әсіресе, танкист достары есімде ұзағырақ қалыпты.
Жолға шығар күні әнім ұнады ма, жоқ, сәнім ұнады ма, әйтеуір, Нұрымның танкист «полчандары» бөлектеп күтетін болды. Ән де, жыр да кезегімен ағытылып жатыр. Дастарханнан ешкімнің де тұрғысы жоқ. Әшейінде қозғалмайтын сағат минуттары секундтап жылжып жатыр. Пойыз жүрер уақытқа жарты-ақ сағат қалды. Мен қолсағатыма қарағыштап тықыршып отырмын. Танкистердің қозғалар түрі жоқ. Ішінде командирі бар, «Бәке, саспаңыз, бәрі бақылауда!» деп қояды көңіл жұбатып.
Мен «Встать!» деп айқай салғанда үлкенің бар, кішің бар сыртқа тұра жүгіресіңдер. Бізде әскери тәртіп!» деді. Сөйтсем, вокзалға жүріп барар жолды секундтап уақытын мөлшерлеп-ақ қойған екен. Не керек, «Тұр!» деген команда болып, бәріміз жүгіре көлікке мініп, вокзалға пойыз жүрер уақытқа үлгердік-ау. Сондағы қимай тұрғанымыз – арадағы достық пейіл мен әсерлі ән екен!
Кешегі сері, ән-думанның еркесі Нұрым бүгін ата ғұмыр – Пайғамбар жасында!
Демесек те шаршадық, бел бүгілді,
Осылай сәл мұңдылау хәл бүгінгі.
Халқымның жүрегінде қалсам болды,
Пайғамбар емес, Нұрым боп сол бұрынғы,-деп өзі жырлағандай, менің көңіл төрімде Нұрым сол баяғы жап-жас курстас дос, сырлас әріптесім күйінде қалады. Көңіл қымбат! Нұрым қымбат!
Бекжігіт СЕРДӘЛІ,
композитор, профессор,
Мәдениет қайраткері,
Түркістан қаласы