
Атырауда «Асыл мұра» жобасының тұсаукесері өтті
Қазақ халқының бай тарихи-мәдени мұрасын жаңғырту мақсатында Атырауда «Қазақия» қоғамдық қорының бастамасымен және «Теңізшевройл» ЖШС-нің қаржылық қолдауымен жүзеге асырылатын «Асыл мұра» жобасының тұсауы кесілді.

Жобаның мақсаты – ұлттық құндылықтарды насихаттау арқылы тарихи сананы қалыптастыру және елге, жерге деген сүйіспеншілікті арттыру.
2025 жылдың сәуірінен бастап 2026 жылдың ақпанына дейін жүзеге асатын бұл жоба үш негізгі бағыт бойынша өтетін шеберлік мектептері арқылы халыққа ұлттық мұраларды заманауи форматта ұсынуды көздейді.
Жобаның негізгі бағыттары өңір тұрғындарына ұлт тарихы, мәдениеті мен дәстүрін кеңінен насихаттау, ұмыт бола бастаған рухани мұраны жаңғырту, энотанымдық және шығармашылық шаралар арқылы жас ұрпақтың ой-санасын дамытуды көздейді. Бұдан басқа ұлттық болмысты сақтай отырып, рухани жаңғыруға үлес қосу да негізгі мақсат.

Үш бағыттағы шеберлік мектептері қолға алынады. Мамыр-шілдені қамтитын «Ұлы дала өнері» мектебі бойынша Атырау қаласында — 6, Құлсарыда 2 шеберлік сағаттары өткізіліп, қатысушылар дәстүрлі киіз үйдің 2 нұсқасын – 8 қанатты және шағын демонстрациялық үлгісін жасауды үйренеді. Киіз үйдің ішкі және сыртқы безендіру элементтері де назардан тыс қалмайды.

Ал «Дала мәдениеті» (тамыз-қыркүйек) жобасы аясында облыс оқушылары мен студенттері үшін тарихи, археологиялық және табиғи ескерткіштерге 6 экскурсия ұйымдастырылады. Атырау қаласында – 4, Жылыой ауданында 2 танымдық саяхат жоспарланған.
«Ұрпаққа аманат» (қазан-желтоқсан) шеберлік мектебі 40 әйелді қамтиды, олардың ішінде зейнет жасындағылар мен әлеуметтік осал топ өкілдері бар. Қатысушылар ұлттық өнер мен дәстүрлі рәсімдердің мәнін түсініп, арнайы костюмдер арқылы көрнекі түрде үйренеді.
«Асыл мұра» жобасы – қазақтың дәстүрлі қолөнері мен салт-дәстүрлерін сақтау және ұрпаққа жеткізу үшін маңызды қадам. Қатысушылар алған білім мен дағдыларын болашақта кәсіби немесе жеке бағытта қолдана алады.

Жоба аясындағы шеберлік мектептер әлеуметтік және экономикалық тұрғыда да оң әсер береді. Әлеуметтік байланыстар нығайтылып, жастар мен аға буынның өзара тәжірибе алмасуына жағдай жасалады.
Экономикалық мүмкіндігі де жоғары, қолөнерді меңгергендер шағын бизнес ашып, өзін-өзі жұмыспен қамтуға мүмкіндік алады.
Жобаға облыстық басқармалар, мәдениет мекемелері мен қоғамдық ұйымдар қолдау көрсетіп отыр.
Қ.ШӘКІРОВ
Суреттерді түсірген Е.АЛТЫБАЕВ