
«АТЫРАУ ЭТНО FEST»: Қала және аудандардың мәдениет күндері ерекше форматта өтті
Атырау өңірінде ұлттың бай мәдени мұрасын ұлықтап, салт-дәстүрлерді насихаттауға бағытталған «АТЫРАУ ЭТНО FEST» фестивалі аясында қала және аудан мәдениет күндері жоғары деңгейде өтті.

Ауқымды іс-шара облыс әкімдігінің қолдауымен, облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы мен облыстық ғылыми-әдістемелік халық шығармашылығы және мәдени демалыс қызметтерін ұйымдастыру орталығының бастамасымен қолға алынды.
Фестивальдің басты мақсаты – облыстағы қалалар мен аудандар арасындағы мәдени байланысты нығайту, жергілікті өнерпаздардың шығармашылығын кеңінен насихаттау, сондай-ақ қазақтың ұлттық өнері мен дәстүрін жаңғыртып, жас ұрпаққа үлгі ету.

Ашық алаңда өткен бұл мерекелік жиын көрермендерге әр өңірдің бай мәдениетін, шығармашылық әлеуетін, салт-дәстүрге негізделген өнерін паш етті.
Әр аудан мен қала өздерінің өнер ұжымдарын, этно-фольклорлық ансамбльдерін, театрландырылған көріністерін және ұлттық нақыштағы концерттік бағдарламаларын ұсынды.

Жиын аясында қолөнер шеберлерінің көрмесі, этноауыл, ұлттық тағамдар жәрмеңкесі, балаларға арналған шығармашылық шеберханалар мен түрлі мәдени ойын-сауық алаңдары жұмыс істеді.

Көпшілік назарына ұсынылған концерттік бағдарламалар, халық әндері мен күйлері, дәстүрлі би мен ұлттық киім үлгілері – барлығы да көрермен көңілінен шығып, рухани серпіліс сыйлады.

«АТЫРАУ ЭТНО FEST» – өңірлер арасындағы достықты, мәдени байланыстарды арттырып қана қоймай, ұлт руханиятының жаңғыруына жол ашқан ерекше алаң болды.
Тоғжан ЕРМЕК
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ