Атырауда «Қыз Жібек» этно-фольклорлық мюзиклі қойылады
Атырауға гастрольдік сапармен «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының «Astana Musical» театрының ұжымы келді, деп хабарлайды Атырау облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі.
Ұжым өкілдері «Қыз Жібек» этно-фольклорлық мюзиклін қоймақшы. Мюзикл «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында және Астананың 20 жылдығына орай ұйымдастырылуда. Мюзиклді қоюдағы мақсат — қазақтың бай мәдениетін таныту.
«Қыз Жібек» мюзиклі осыған дейін Франция, Бельгия, Австралия, Ресей сахналарында қойылған болатын. Шетелдік көрермендер бізді өте жылы қабылдады және біз шетелдік сыншылардың біздің қойылымымызға тамсана қарағанын көрдік. Енді атыраулықтар да өнеріміздің лайықты бағасын береді деген үміттеміз», — деді ҚР Еңбегі сіңген мәдениет қайраткері Асхат Маемиров.
Басты рөлдерді Игілік Оразалы мен Инабат Ризабекова орындайды. Көрермендер қойылым барысында тек қазақстандық күйлерді тыңдап қана қоймай, қазақтың бата беру, жоқтау сияқты дәстүрлерінен көріністерді тамашалап, айтыс сияқты қазақтың өзге де өнерлерін көре алады.
Этно-фольклорлық мюзиклді 9-10 сәуірде сағат 19-00-де Махамбет атындағы академиялық драма театрынан көруге болады.