
Атадан қалған асыл мұра
Көшпенділер өркениетінің алтын бесігі болған қазақ даласы – санғасырлық тарих пен терең руханияттың куәсі. Ұлттың болмысын айқындайтын салт-дәстүр, қолөнер, әдет-ғұрып, тұрмыс-салт үлгілері – халқымыздың баға жетпес байлығы. Сол құндылықтарды бүгінгі ұрпақ жадында жаңғыртып, болашаққа аманаттау – замана зары мен уақыт сынынан сүрінбей өткен ұлы мұраны сақтау жолындағы қасиетті міндет. Биыл сәуір айында тұсауы кесілген «Асыл мұра» жобасы – рухани жаңғырудың жарқын көрінісі, ұлттық болмысты жаңа ғасырмен сабақтастыратын тағылымды қадам.

Қазақы болмыстың мәйегіндей болған жобаны ұйымдастырған «Қазақия» қоғамдық қорының мақсаты – ұмыт болғанды қайта тірілту, жойыла бастағанды жаңғырту, жас буынның кеудесіне ұлттық рух пен елдік сананы ұялату. Жобаны жай ғана шеберлік сабақтары мен экскурсиялар жиынтығы деп бағалауға болмас.
– Жоба барысында ата-бабамыздан қалған баға жетпес рухани қазынаны бүгінгі ұрпақ үйреніп қана қоймай, болашақта оны насихаттайтын елшілерге айналады. Бұл тек қарапайым сөз емес, себебі жобаның әрбір қатысушысы ұлттық мұраны жүрегімен сезінген жан, ал ондай жандар қай қоғамда да ұлт рухын биік ұстайды, — дейді жоба жетекшісі Жанар Әбіш.
Бір жыл ішінде жобада өнер, дәстүр мен тарихи танымды тоғыстырған үш ауқымды бағыт жүзеге асуы тиіс. Оның алғашқысы – «Ұлы дала өнерінде» қатысушылар киіз үйдің барлық құрылымдық элементтерін қолмен істеп, ішкі-сыртқы көркемдік безендірілуін меңгереді. Сондықтан бұл бағыт аясындағы шеберлік сабақтары техникалық машықтар беріп қана қоймай, халқымыздың зергерлік, ағаш және темір өңдеу, өрнек тоқу секілді көне қолөнер түрлерін қайта жаңғыртатын рухани шеберханаға айналмақшы.

Тамыз-қыркүйек айларында өтетін «Дала мәдениеті» бағытында жасөспірімдер мен студенттер облыстағы тарихи, археологиялық және табиғи ескерткіштерге саяхат жасайды. Осындай тағылымды сапар арқылы жас ұрпақ ел тарихының терең тамырына бойлап, тарихи жадын қалыптастырады.

«Ұрпаққа аманат» кезеңінде әр жастағы қыз-келіншектерге ұлттық киім үлгілері, тұрмыстық рәсімдер мен дәстүрлер үйретіледі. Әсіресе, зейнет жасындағы аналар мен әлеуметтік осал топтағы әйелдердің қатысуы ұлттық мұраны ұрпаққа жеткізудегі аналық миссияның жалғасын табуы іспетті. Ата-бабадан келе жатқан киім кию мәдениеті, әр шұғадан шежіре жазғандай шеберлікпен тігілген камзол мен көйлек – бәрі де халқымыздың көркемдік талғамы мен ішкі рухани жан дүниесінің көрінісі. Бұл бағыттағы сабақтар тек тігіншілік емес, тұтас этнографиялық, мәдени, тәрбиелік мазмұнға ие.
Ұлттық қолөнерге тек дәстүрлі көзбен емес, заманауи және тәрбиелік тұрғыдан да жаңаша үңілетін жанның бірі – Гүлбану Қонаева кәдімгі асықты бүгінгі күннің сұранысына сай қайта өңдеп, одан балдырғандардың жан-жақты дамуына сеп болатын түрлі бұйымдар жасап жүр. Асықтан баланың ұсақ моторикасын, көру қабілетін, логикалық ойлауы мен зейінін дамытатын құралдар, әдістемелік ойын түрлерін ұсынды. Ол асықтан жасалған арт-объектілер, кәдесыйлар мен картиналар арқылы ұлттық өнер мен тәрбиенің үндестігін жаңа сатыға көтеріп отыр.

Педагогикалық және психологиялық зерттеулерге сүйенсек, баланың қол қимылы мен ой-санасының дамуы өзара тығыз байланысты. Асық арқылы бала пішін, түс пен көлемді ажыратып, саусақ бұлшықеттері мен көз-қол үйлесімділігін жетілдіреді. Бұл бүлдіршіндерде кеңістікті бағдарлау, көру арқылы тану, танымдық процестерді жеделдету үшін маңызды. Осы тұрғыда ұлттық элементті негіз еткен бұйымдардың маңызы екі есе арта түседі. Біржағынан, қазақтың төл өнері жаңғырады, екіншіден балаға қажетті даму дағдылары қалыптасады.

– Асықты баланың күнделікті дамуына арналған құрал ретінде бейімдеу – ұлттық ойын мен өнерді тәрбиелік, дидактикалық деңгейге көтеру. Ол тек эстетикалық дүние емес, ұлттық тәрбие мен балалардың зияткерлік дамуын сабақтастырған тың бағыт. Әрбір шығармада ұлттық өрнек, табиғат, тұрмыс көріністері бейнеленіп, асық арқылы сөйлеген көркем тіл баланың қиялын дамытып, рухани өсуіне жол ашады, — дейді ол.
Халқымыздың «Өткенін білмегеннің болашағы бұлыңғыр» деген дана сөзі бар. «Асыл мұра» соны тірілтіп, ұлттың рухани кодын қайта түлеткелі отыр. Сан ғасырлық тарихтың сырын сақтап, атадан балаға мирас болып жеткен асыл қазына – бүгінгі ұрпаққа аманат. Осы аманатқа адал болу – парыз, ал оны осындай жобалардың арқасында жүзеге асыру мүмкіндігі бар.
Тоғжан ЕРМЕК
Суреттерді түсірген автор