Жарнама
Мәдениет

ӘСЕМ ӘУЕН, СЫРЛЫ САЗ

Осы орайда «Нарын» халық аспаптар оркестрі сахнада жаңашылдығымен ерекше көзге түскенін айта кеткен жөн. Жанды әуен, домбыраның күмбірлеген дауысы, оркестрдің сүйемелдеуімен вокалда шебер орындаған Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Гүлмайдан Сүндетова, белгілі әнші-композитор Елемес Мағазов, термеші Манарбек Дәулетов кештің сәнін одан әрі асыра түсті.

Халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Манарбек Дәулетов  «Әсет пен Кемпірбайдың қоштасуы» өлеңін дауыс ырғағын өзгерте отырып, екі кейіпкердің бейнесін тамаша ашып берді. Ал, «Шымыр» әнін орындаған Елемес Мағазовтың да өнеріне көпшілік қошеметін аяп қалмады. Тек Қазақстанның ғана емес, сонымен қатар, Франция, Түркия, Германия, Испания және тағыс басқа елдер халықтарының да оң бағасына ие болған Гүлмайдан Сүндетова классикалық вокалдық орындаушылары арасында көш бастап тұр десек, артық айтқандық емес. Есептік концертте өнер иесі «Ақ айша» халық әнін орындап, жұртшылық жүрегіне жол тапты.                                                                                                                                                                 

Құдіретті күй өнері дүлдүлдерінің бірі, домбырашы, Қазақстанның халық әртісі Қаршыға Ахмедияровтың шәкірті Құттыгерей Дүйсеев Құрманғазының «Байжұма» күйін нақышына келтіріп орындады,  сондай-ақ, Жаннат Ермағамбетова мен Бауыржан Ақтаевтың өнері де бей-жай қалдырмады.

Жас аккордеоншылар Баубек Өмірғали мен Ерік Көшеров «Париж аспанының астында» композициясын тарту етті. Аккордеоншылар дуэтін құру – облыстық филармонияның басты мақсаттарының бірі, — дейді ұжым басшысы Ғ.Дүйсенғалиев.

«Нарын» оркестрінің дирижері және көркемдік жетекшісі Ержан Қитаров та өзіндік ерекшелігімен көрінді.

Кештен соң біз филармония директорының орынбасары Хамиль Сүйекбаевқа жолыққан едік.

— Жыл сайын біздің ұжым көршілес Астрахан облысындағы «Жолдастық» қазақ қоғамының арнайы шақыртуымен Ресейге барып, концерт береміз. Осы жолы да бұл дәстүр сақталады. Сонымен қатар, ерлер хореографиялық ансамблін құру жоспарымызда бар. Қазіргі таңда «Зерде» және «Інжу-маржан» би ансамбльдеріміз бар. Сондай-ақ, Атырауда алғаш рет ерлердің би ансамблін ашуды да қолға алмақпыз. Мұнда Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер Академиясының шәкірттері мен көршілес Батыс Қазақстан облысынан бишілер өнер көрсетпекші. Әзірге ансамбль құрамына алты адам алдық. Көктем айларында сахнаға шығатын болады, — дейді Х.Сүйекбаев.

Филармония ұжымы мұнымен шектелмей, өткен сенбі күні эстрадалық оркестрдің концертін көрермен назарына ұсынды. Бұл – джаз байқауларының лауреаты Алексей Назариковтың басшылығымен Атырау және Астрахан музыканттарының біріккен жобасы.               

— Филармония әртістерінің құрамы өзгерді. Қазір халықтық және эстрадалық әндерді орындайтын әртістерді екі топқа бөліп отырмыз. Бұдан басқа «Мұрагер» деп аталатын этноансамбліміз бар. Олар желтоқсан айында Үндістан, Катар елдерінде болып қайтты. Облыс тарихында алғаш рет эстрадалық оркестр құрылып, жұмыс істеуде — дейді филармония директоры Ғ.Дүйсенғалиев.  .

Кеш барысында халық жанды әуенге елтіді. Вокалшыларымыз – Ақмарал Машимова, Венера Машқалиева, Елена Ералина, Әсет Қарамырза, Хамиль Сүйекбаев, Қуандық Нұғымаров, Әсет Әлиев жанды дауыста өз өнерлерін ортаға салды. Олардың көбі алғаш рет эстрадалық оркестрдің сүйемелдеуімен Ш.Қалдаяқовтың, Н.Тілендиевтің, Е.Хасанғалиевтың және тағы басқалардың әндерін орындады.

— Филармония әртістерімен осы жобаны қолға алып, аз ғана уақыттың ішінде концерт бағдарламасын дайындадық, — дейді оркестр дирижері Алексей Назариков. – Көктемде Атырау және Астрахан облыстарына гастрольдік сапармен шығып, концерт ұйымдастырмақпыз.

 

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

 

 

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button