АСАУКЕРІҢ ТАНБАСЫН ШАБЫСЫНАН!
Өйткені ол, ең алдымен, Индер ауданының перзенті. «Аз еді Жарсуатта жаңа құрылыс, көп еді жапырайған қоңыр үйлер» деп Қойшығұл өлеңге қосқан, өскен Жарсуат — осы аудан аумағындағы елді мекен. «Сары атанды сарнатып, сабылдырып, төрт бидон мен арбаны бағындырып» он жасар Қойшығұл осында түйе арбамен сүт тасыған. Ұлы Отан соғысынан кейінгі тауқыметті жылдар, тұралаған колхозды ауыл, ауыр тұрмыс, Қойшығұл «Байлық деген еді ғой жырақ ұғым, біздің үй тым кедейлеу тұра-тұғын, жатар шақта ата-ана балаларын бір көрпенің астына жия-тұғын» десе, сол кездің ортақ бейнесі еді. Бірақ, сондай жағдайда бала көңілінде қатарынан қалмауға деген ұмтылыс барын байқауға болады. «Қыс келгенде қысылып, жыртық бөрік, жамау тонды мектепке киіп барып», он жылдық білім алды, училищені бітіріп, механизатор мамандығын игерді, ауылдағы белсенді жастардың бірі ретінде құрбылары оны совхоз комсомол ұйымының хатшылығына сайлады. Өнерпаз жігіт жылжымалы клуб меңгерушісі болып, малшылар ауылын аралап, концерт қойып, кино көрсетті. Болашақ ақынның алғашқы жауқазын жырлары да осында оқушы дәптерінің бетіне түсті.
Аудандық газеттің 1966 жылғы 20 наурыздағы санында Қойшығұлға «Ұштала берсін қаламың» деп сәт-сапар айтылып, оның төрт өлеңі жарияланды. Соның бірі «Шопанда» Қойшығұл «Айқасып қыстың қарлы боранымен, кей түнде қардан көрпе оранып ең» депті. «Қар астында қалатын едің», «Қар басып қалатын» демей, бұлай деуі — біздіңше, ақын болуға талпыныстың нақты нышаны.
Екінші өлең «Махамбет» деп аталады. Онда Қойшығұл:
— Отты жыл, уытты өмір бастан кешкен,
Қан майдан, қарбалас кез астан-кестен.
Махамбет — сол дәуірдің жұлдызы ғой,
Сорғалап ағып барып аспанда өшкен, — депті. Әлі он сегізге толмаған балаң ақын одан артық не десін?! Осы жерде айта кетуіміз керек, Махамбет және оған қатысты жайлар Жылқышиев шығармашылығының негізгі тақырыбына айналған. Ақын қаламынан туған «Бас туралы баллада», «Менің атым – Махамбет», «Қараой», «Махамбет мазарында», «Махамбетке мұң шағу», «Махамбеттің ариясы», «Махамбет мәселесі…» — әлгі сөзіміздің айқын айғағы. Сол үшін де ол М.Өтемісов атындағы сыйлықпен марапатталды.
Жылқышиев ауылдан аудандық газетке хабарлар жіберіп тұратын болды. Өлеңге икемі, жазуға ебі бары ескеріліп, Қойшығұл редакцияға қызметке алынды. Ол мұнда да әрбір жазарына ынталы ізденіспен қарайтынын көрсетті. Бірде «Төсінде кең жайлаудың мал жайлатып» деген көлемді суреттемесі жарияланды. Материал бірнеше тақырыпшаға бөлініп, бірнеше шопанның шаруасы жайлы баяндалған. Мысалы, «Папа» деген тақырыпшада «Мінезі мейлінше тік, барынша ыссылау болғанымен, жөн білетін ақыл ойлы адамдардың қатарына жататын Қайырды жұртшылық «папа» дейді» деп алады да, шопанның үйлескен шаруасын, қойының семіз, тапқаны егіз екенін жазады.
Одан әрі жазғаны:
«Шопан үйі үлкен алқапқа қоныстанған. Анадайда, үй сыртынан үш жүз метрдей жерде әлдекім қарауытады. Баста бөрік, үстінде қалың киім. Тұрған жерінде түнде қой жатқанға ұқсайды. Әлгі адам орнынан қозғалмайды, әлі тұр.
«Ана кісі кім?» дейміз біз.
Ұмсын (үй иесі) күліп жіберді. Біз де күлдік. Ол ит-құсқа қорқыныш туғызу үшін қойылған қарақшы екен…».
Көбіне «солай екен, былай екен» деп шаруашылық жайы сөз болатын газетте бұлайша баяндалған материалды оқырманның жылы қабылдары шүбәсіз.
Аудандық «Дендер» газетінің ақындық тұсауын кесуі, редакцияда бірнеше жыл жұмыс жасауы Қойшығұлдың талпынысын күшейтіп, талғамын өсірді. ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітірді. Сөйтіп, орда бұзар отызында «Тұңғышын» ұсынып, төрт жылдан кейін ақындық жолға біржола түскенін білдіргендей болып «Бастауын» берді. Алпысында Мұхтар ақынға сан салалы сұрақтар қойып «Мұң кітаппен» мұң шаққандай болып еді, тағы да төрт жылдан кейін «Асаукері» «ақсамалмен аймаласып, аралап кете барды кең дүниені».
Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Қ.Жылқышиев — бұлардан басқа ондаған кітаптың, бірнеше деректі фильмнің авторы. Басшы болсын, қосшы болсын, кезінде «Тамаша» ойын-сауық отауының танылуына өзіндік үлес қосқандардың бірі екенін ұмытуға болмайды. Сондай-ақ, «Думан» шығармашылық бірлестігін, «Өнерпаз» қоғамдық қайырымдылық қорын, ЮНЕСКО шеңберінде тойланған Махамбет Өтемісұлының 200 жылдық мерейтойын дайындап, өткізу жөніндегі облыстық штабты басқарған кезінде өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарды деп ойлаймыз.
Біз ақын да, әдебиет сыншысы да емеспіз. Сондықтан, кез келген ақын бара бермейтін баллада жанрына көбірек ден қоятын және оны ұзын-сонар баяндауға құрмай жұп-жұмыр шығара алатын, күй жайлы, күйші туралы бірнеше сәтті шығармаларды тудырған Қ.Жылқышиев шығармашылығына терең талдау жасап, талғаммен баға беруден аулақпыз. Осы жолдарды жазғандағы мақсатымыз – кезінде қызметтес болған әріптес ініге оның «Інілерге болар ықтасын өзіңдей аға көп керек» деп өзі айтатындай ықтасын болмасақ та, Қойшығұлға жеткен жетістігі, шыққан биігі үшін мақтана алатын аға екенімізді, ақындықтың Асаукері шабысынан танбауына тілеулес екенімізді білдіру ғана.
«Айтпаған, ашылмаған жыр қоймам бар,
Ал енді алды-артымды, жұрт, ойланыңдар.
Елуде естен шығып кетпес үшін,
Қырық бесін Қойшығұлдың бір тойлаңдар», — деген біраз уақыт бұрын ол.
Индерліктер Қойшығұл Жылқышиевтың елуін де, алпысын да естен шығарған жоқ. Көп болып қошемет көрсетіп, мерейін өсіріп отырды ақынның. Ел үмітін ақтап, ізгілікті сақтап жүрген Қойшығұлға Индер ауданының Құрметті азаматы атағы берілді.
Ерсайын КӨШЕК,
Қазақстанның Құрметті журналисі,
Индер ауданының Құрметті азаматы.