«Ақсақ кемпір» ғұмырнамалық хикаят кітабының тұсауы кесілді
Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің «Зейін» оқырмандар клубында тәлімді шара өтті. Облысқа белгілі қаламгерлер мен жастардың басын қосқан шара «Ақсақ кемпір» ғұмырнамалық хикаят кітабына арналды.
Қандай заманда да қоғамның ұйытқысы – әйел азаматы. Қазақ әйелдерінің қайталанбас қасиеттері арқау болған туындылар қатары тағы бір биік шығармамен толығып отыр. Кітаптың басты кейіпкері Қарабала Есенұлының келіні Тиын Іскендірқызы. Осылайша ел басына күн туған жылдары үрім-бұтағын сақтап қалу жолындағы тағдыр тауқыметін кейінгі ұрпаққа тағылым ретінде насихаттау. Кітаптың авторы Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Сайпеден Сидағалиевтің «Ақсақ кемпір» хикаяты-дәстүрлі дала мәдениетінде қазақ әйелдерінің отбасында ғана емес, қоғамдық-әлеуметтік ортада айрықша орны болғанын көрсете білген.
Басқосуда кітаптың кейіпкерлері, тағдыры кітапқа арқау болған Қарабала қажының ұрпақтары да қатысты.
Шараға облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова қатысты.
– Тарихты тану – туып өскен өлкені, оның шежірелі жолын, тұғырлы
тұлғаларын танудан басталады. Қазақ халқының басынан өткен тар жол, тайғақ кешулер осы туындыға негіз болған. Сүлеймен Қабдырахманұлы мен Тиын Іскендерқызынан тараған ұрпақ бүгінгі таңда тәуелсіз елдің ардақ тұтар азаматтарына айналды. Жаңа кітап әр жастың рухани қазығы, оқырманның олжасы болсын! – деді Бақытгүл Қайыржанқызы.
Кездесуде кітапқа арқау болған әулеттің ұрпақтарының атынан Ұзақбай Сүлейменұлы, Сақыш Қабдырахманқызымен қатар, өзге де өңірге белгілі қаламгерлер сөз алып, тағылымды кездесуде естеліктерімен бөлісті.
Шар барысында облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Қайыржанқызы мен Сақыш Қабдырахманқызы «Ақсақ кемпір» ғұмырнамалық хикаятының тұсауын кесті.
Осылайша бір әулеттің тарихы арқылы Жайық бойын жағалаған жұрттың тағдырын, замана зауалын, аштық пен репрессия нәубетін, соғыс зобалаңын суреттеген «Ақсақ кемпір» кітабы оқырманға жол тартты.
Алмас ҚАБДОЛОВ