
Ән мен күй үндескен мереке
Наурыз мерекесіне орай өткен мерекелік концерт көрермендерді ұлттық музыка әлеміне жетеледі. Сахна төрінде Дина Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрі мен «Сармад» этно-фольклорлық ансамблі өнер көрсетті.

Концерт бағдарламасына қазақтың күй өнерінің жауһарлары енді. Олардың қатарында Ықыластың «Жезкиік», Құрманғазының «Адай» және «Сарыарқа» күйлері орындалды. Сонымен қатар, Нұрғиса Тілендиевтің «Махамбет» және «Өз елім» шығармалары халықтың жүрегіне жол тартты. Халық әндері мен этно-фольклорлық композициялар да көрермендерді ерекше әсерге бөледі.
Ансамбльдің жетекшісі, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері, Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы Бауыржан Ақтай бастаған өнерпаздар қазақтың бай музыкалық мұрасын паш етті. Кеш барысында «Шашу», «Әгугай», «Қайран елім», «Көктем сазы», «Алаш аманаты», «Көшпенділер рухы» сынды туындылар орындалып, көрермендерді ерекше рухани шабытқа бөледі.

Сахна төріне шыққан өнерпаздар халық әндерін орындап, көрермендерді шынайы өнерімен тәнті етті. Әсіресе, «Ақжайнақ», «Не пайда?», «Тойбазар», «Япурай», «Әләлім» сияқты халық әндері ұлттық болмысымызды айшықтап, мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Концерттің соңы патриоттық әндермен түйінделді. «Жайнай бер, мәңгі Қазақстаным», «Атамекен», «Қазақия» сияқты шығармалар ұлттық рухты көтеріп, елге деген сүйіспеншілікті арттырды.
Атырау аспанын әнмен тербеткен дәстүрлі өнер шеберлеріне халық зор алғысын білдірді.
Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ
Суреттерді түсірген автор