Жарнама
Мәдениет

«АЛТЫН ҚАЙЫҚТАН – EXPO-2017-ГЕ»

«Ақ Желкен» шығармашылық орталығында өткен осынау көрменің ашылу салтанатына Атырау қаласы әкімінің орынбасары Гүлмира Шәкірова қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Ол өз сөзінде қала әкімі Нұрлыбек Ожаевтың атынан көрмеге қатысушыларға ең ізгі тілегін жолдады.
Осындай жылы лебізді аталған орталықтың басшысы Нұрберген Дәулетов те арнады. Ол бұл көрменің осымен төртінші жыл өтіп тұрғанын, өткен сайын батыстың әр қиырынан жаңа таланттардың танылып келе жатқанын қуана жеткізді. Өз кезектерінде олар бір топ суретшілер мен сайысқа жолдама алған шеберлерді Алғыс хатпен және Дипломмен марапаттады.
Көрмеге көркемсурет, мүсін және қолөнер шеберлері Әділқайыр Жантасов, Манарбек Дәулетияров, Бақыт Салиев, Тілекші Зейнеденова, Нұрсұлтан Қалиев, Құндыз Нұрғалиева, Сәрсенбай Әлиев, Талғат Қисметов, Оксана Ким, Мұрат Рахметов, Қалымбек Жұмашевтардың қолынан шыққан әсем де әдемі туындылары қойылды.
Аталған көрме аясында еліміздің батыс аймағы бейнелеу өнері шеберлерін анықтау, ынталандыру және өнердің нақ осы саласын өркендетуге бағышталған «Алтын қайық» номинациясының Атырау облысы бойынша үміткерлерін анықтау жүзеге асты. Осыған дейін Ақтөбе облысынан Кенбай Жәдігер, Ирина Курманалина, Орынғали Хайруллин, Жәнібек Есенғұлов, Батыс Қазақстан облысынан Қуандық Мәдір, Қайыр Оразғалиев, Нұрбек Жәрдемов, Асхат Әбдешев сынды шеберлер желтоқсан айында болатын номинацияның ақтық шарасына жолдама алған еді. Ал, батыстағы төрт облыстан шыққан шеберлер арасынан ең мықтысы жыл аяғы — желтоқсан айында анықталып, «Алтын қайық» статуэткасы мен бір миллион теңге жүлдеге ие болады.
Көрмеге өз туындыларын ұсынған Махамбет ауданының Береке ауылында тұратын Тілекші Зейнеденова мектепте бейнелеу пәнінен сабақ береді екен. Сурет салуға бала күнінен ынтызар болған. Осынау көрмеге өткен жылдан бері қатысып келеді.

Лиза СЕЙТІМОВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button