Алла Елшін «оралды»
Тараз төрінде дүние жүзі киім дизайнерлерінің басын қосқан «ASPARA FASHION WEEK» халықаралық сән апталығы әйгілі Кристиан Диордың музасы, аты аңызға айналған париждік манекенші, этникалық қазақ қызы Алла Елшінге (Ильчун) арналды. Қазақстандық дизайнерлер Алла Елшіннің әлемдегі ең жақсы подиумдарда дефилирленген киімдерін дайындады. Оған жерлес дизайнер Айсұлу Оразбаева да қатысып, әйгілі модель бейнесін подиумға жезтаңдай әнші Ақмарал Машимова алып шықты.
Аты әлемге мәшһүр сәнгерлер Мэрилин Монро, Софи Лорен, Одри Хепберн, Грета Гарбо, Алла Елшіндердің өмірлеріне арналған фильмдер мен олардың өмір жолдары туралы кітаптарды жата-жастанып оқымаған, тарихына қызықпаған әйел заты жоқ болар. Ал, сол әлемге әйгілі сәнгер Кристиан Диордың музасы болған, көзі тірісінде «жеке талисманы» атанған Алла Елшіннің этникалық қазақ екенін екінің бірі біле бермейді.
– Былтыр күзде Парижде өткен қазақстандық дизайнерлердің сән көрсетіліміне қатысып келгенбіз. Тарихи шара болды десем де болады. Сол сапар кезінде әйгілі сәнгер Алла Елшін туралы көп әңгіме айтылды. «Франциядағы қазақстандықтар қауымдастығының» негізін қалаушы Берлин Иришевтің тамыры қазақ танымал сәнгер туралы кітабының таныстырылымына да куә болып, ерекше әсер алдық. Қазақы дәстүрмен Алла Елшіннің бейітіне барып құран да бағыштадық. Жасырып қайтейін, бұл сапардан өзгеше әсермен оралдым. Әлемдік сән әлемінде ойып тұрып орын алған қазақ қызының мықтылығына қуандым, маған шабыт берді десем де болады. Кейін талантты дизайнер Дана Әшім екеуміз «ASPARA FASHION WEEK» сән апталығында Алла Елшіннің образын жасау туралы идеяны іске асырып, жоба жасау туралы ойлана бастадық, — деген Атырау дизайнерлерінің жетекшісі Айсұлу Оразбаева бұл идеяның «ASPARA FASHION WEEK» президенті Айдархан Қалиевтің қолдауына ие болғанын айтты.
Апталыққа қатысатын дизайнерлерге ұсыныс тастағанда оны 15-і қолдап, образ дайындауға келісім берген. Ал, жалпы халықаралық сән апталығына 53 дизайнер қатысса, оның 23-і шетелдіктер екен.
Халықаралық сән апталығында Алла Елшіннің подиумдарда дефилирленген киімін дайындаған Айсұлу Оразбаеваның айтуынша, туындының етегінің өзіне 6 метр материал кеткен.
– Көрсетілімде көбінесе жас, бойы ұзын қыздар өнер көрсетеді. Дегенмен, атақты сәнгердің бейнесін халыққа қызмет еткен, еңбегі сіңген жанның бейнелеп, алып шыққанын қаладым. Оның образын аша алатын, астарына үңіле білетін және еңбектің не екенін түсінетін модель туралы ойлағанда бірден атыраулық жезтаңдай әнші, елдің еркесі Ақмарал Машимова ойыма орала кетті. Өтінішімді Ақмаралға айтқанымда, сөзімді жерге тастамай, келісімін берді. Алғысым шексіз, — дейді жергілікті танымал дизайнер Айсұлу Оразбаева.
Иә, жиырма жыл француз киім модельері Кристиан Диордың сүйікті моделі, табыс тұмары болған Алла Елшін (Ильчун) Қытайдың Харбин қаласында туып, Шанхайдан Францияға 10 жасында шешесімен бірге аттанады. Уақыт өте келе Еуропаның жарық жұлдызына айналған Алла Елшін киген көйлектерін танымал актрисалар мен аристократия өкілдері сатып алатын болыпты.
– Отандық сәнгерлер аптаның бір күнін Алла Елшінді еске алуға арнап, модельдің атын сақтауды өздерінің міндеті деп санады. Мұндай қомақты, халықаралық деңгейдегі шарада бой көрсетіп, үлесімді қосқаным өмірімдегі ұмытылмас сәттердің бірі болды. Әрине, оңай болған жоқ, елдің алдында өнер көрсетіп, ән шырқап жүрсем де, подиумда жүріп өту мүлдем басқа екен. Талантты дизайнер Айсұлу Оразбаева секілді нағыз маманның қолдауының арқасында нәтиже жаман болған жоқ, — дейді Ақмарал Ғайноллақызы.
Бір ерекшелігі, қазақ қызы Алла қыпша белімен де танымал болыпты. Шығармашылық мансабының бүкіл кезеңінде Алланың белі 47-49 сантиметрден айнымаған.
Алланың әкесі Қуантқан 1897 жылы Верный қаласында (Алматы) ауқатты отбасында туған. Өткен ғасырдың 20-шы жылдары инженер мамандығын алған Қуантқан Қытайдың солтүстік-шығысындағы Харбинде 1891 жылы басталған әлемдегі ең ұзын темір жолдың құрылысына аттанады. Сол жерде Тамара есімді орыс қызымен танысып, үйленеді. Дүниеге келген нәрестеге Алла деген есім беріледі. Көп ұзамай Маньчжурияда жапон интервенциясының басталуы олардың өмірін мүлде басқа арнаға бұрып әкетеді. 1935 жылы Қуантқан отбасын теміржол арқылы Шанхайға әкетуге әрекет жасайды. Осы сапарда атыс болып, Қуантқан әйелі мен қызын Францияға кетіп бара жатқан Норвегия кемесіне отырғызып үлгереді.
Ал, Алла Елшіннің сәнгерлік тарихы ыдыс жуып жүрген кезінде даңқты модель атануды армандайтын құрбысы Кристиан Диордың сән үйіне ертіп апаратын тұстан басталады. Бұл кастингтен құрбысының жолы болмай, Кристиан Диордың таңдауы Алла Қуантқанқызына түседі де, ол ертеңінде маэстроның музасына айналып шыға келеді.
Бір қызығы, атақты Кристиан Диор есігін Елшін ашқанға дейін елеусіз болған екен-мыс.
Рита ӨТЕУҒАЛИ