ӘЛЕМ НАУРЫЗДЫ ҚАЛАЙ ТОЙЛАЙДЫ?
Әзербайжан халқы өздерінің тілімен айтқанда «новрузды» ең сүйікті мереке санайды. Бұл елде Наурыз мерекесіне дайындық біздегідей бірнеше күн бұрын басталады. Дәлірек айтсақ, ескі жылдың соңғы сәрсенбісі, яғни «ахыр чершенбе» күнінен бастап, жаңа жыл қамына кірісетін көрінеді. Сол күні үй мен ыдыс-аяқтарын тазалап, қайтыс болған туыстарына дұға етеді. Ал, жаңа жыл кірген күні ерте тұрып, өзенге немесе бұлақ басына барып, шомылады. Осылайша, жаңа жылдың бірінші күнін таза ниетпен, ақ пейілмен қарсы алады. Сондай-ақ, бұл күні әзербайжандықтар оразасын балмен немесе қантпен ашады. Ол «алдағы өміріміз бал мен шекер сынды тәтті болсын» деген ниеттен туған екен. Мерекенің қуанышымен-ақ өтіп кететін жаңа жылдың алғашқы күнін олар да түрлі ас қойылған ақ дастарханмен қарсы алады. Ас мәзірінен «йеди-левин» тағамы да қалыспайды. Бұл тағамның біздің наурыз көжемізге ұқсастығы бар. Оған да жеті түрлі дәм қосылады.
Иранхалқы үшін Наурыз – басты мереке. Жаңа жыл кірмес бұрын ирандықтар жасамық, бидай сынды дәнді-дақылдарды өсіріп, солардың өскінімен үйлеріне әшекей жасайды. Бұл – үйден тоқшылық кетпесін деген ниет. Дәнді дақылдардың өскіні үйде 13 күн сақталып, содан кейін өзенге тасталады.
Бұл елде де ескі жылдың соңғы сәрсенбісі ерекше күн. Сәрсенбінің сәтінде Иран жұрты үлкен от жағады. Бұл жаңаруды білдірсе керек. Сонымен қатар, жаңарудың белгісі ретінде бұл күнде қандай да бір жаңа киім алу міндетті екен. Ирандықтар Наурыз мейрамының тағамын жеті жаңғақ түрлерінен жасайды. Бұл ас түрімен бірге дастарханға Құран қойылады. Бұл дінге беріктікті көрсетеді. Жаңа күн туғанда ел ақсақалдары жасы кіші балаларға күміс немесе алтыннан жасалған тиын табыс етеді. «Аиди» деп аталатын бұл дәстүр келер ұрпақ аталарының жолын қуып, жасына-жас қосылып, үбірлі-шүбірлі болсын дегенді білдіреді.
Түрікменстан жұрты да бұл күнге алдын ала дайындалады. Яғни, ескі жылда істелетін жұмысты жаңа жылға қалдырмау қағидасы бар. Бес-алты күн бұрын басталатын дайындық барысында олар үй-жайын реттеп, тазалап, тағам дайындауға кіріседі. Бірінші астың атасы – нанды, одан кейін түрлі ұлттық тағамдарды пісіреді. Келесі жылдың табысты болуы үшін дастарханды барынша молынан жаюға тырысады. Ал, мереке күні палау пісіріледі. Сонымен қатар, ұн мен қанттан және бірнеше дәнді дақыл түрлері қосылатын «семени» тағамы қатар дайындалады. Сол күні дастарханға арабтың «син» әрпінен басталатын жеті тағам түрі де қойылуы парыз екен.
Толық нұсқасын газеттен оқи аласыздар.