Жарнама
Мәдениет

АҚКӨЛДЕГІ АҚЖАРМА КӨҢІЛ

 

Бүгінгі таңда бейбіт өмір мен ынтымақта тұрмыс кешіп отырған Қазақстан халқы үшін әр күн мерекелі де берекелі. Елімізді мекендеген 130-дан астам ұлт өкілі татулықта өмір сүруі үшін Ата Заң кепіл болып отыр. Сондықтан, ешқандай да келіспеушілік, дүрдараздық жоқ. «Біз Қазақстанды ортақ Отанымыз санаймыз» дейді елімізді мекендейтін өзге ұлт өкілдері. Олар қазақ халқының салт-дәстүрін құрметтеп, әдет-ғұрыптарын да берік ұстанып келеді. Соның негізінде сан түрлі ұлт өкілінің басын біріктіріп, берекесі айрандай ұйыған ауылдар жетерлік. Соның бірі – Құрманғазы ауданындағы Ақкөл ауылы.  

Мұнда қазіргі таңда 11 ұлттың өкілі тату-тәтті өмір сүруде. Атап айтсақ, олар  –  қазақтар, орыстар, украиндар, өзбектер, татарлар, кәрістер, немістер, әзірбайжандар, армяндар, латыштар, молдавандар және басқалар. 

Ауылдық округ әкімі Бисенбай Рамазановтың айтуынша, бұл ұлттардың өкілдері, негізінен, Кеңес үкіметі кезінде Ганюшкин стансасы құрылып, темір жол саласының құрылысы басталған кезде 1967-1970 жылдары осы Ақкөл топырағына келіп қоныстанған. Солардың бірі – орыс қызы Екатерина Веткова сол жылдары байланысшы қызметін атқарған алғашқылардың бірі болды.

— 1967 жылы осы елге келіп, қазақтардың дархан көңілдерінің куәсі болдық. Ешкім бізді шеттетпеді. Қазақстанда біздің көңіліміз жайланды. Жолдасым және ұлым үшеуміз 1995 жылы Ресей Федерациясының Брянск қаласына көшіп кеткен едік. Алайда, үш айдан соң мұнда, Ақкөлге кері оралдық. Елден жырақта жүріп, туған жердің түтіні қаншалықты ыссы болатынын түсіндік. Мен Қазақстанды туған жерім санаймын. Қазақ жеріне келген жылдардан бері экономикалық өркендеудің, халықтың ынтымағы мен бірлігінің куәсі болып жүрмін.

Ал, ең берекелі мейрам – Наурыз тек қазақтың ғана емес, еліміздегі барлық ұлт өкілдерінің мерекесіне айналды. Қазақстанды өзінің Отаны санайтын әрбір ұлт өкілі бұл мейрамды «бір үйдің баласындай» атап өтіп жүргенін көріп, қуанамыз, — дейді Екатерина.

Ауылға өзге ұлттардың екінші толқыны 1988-1990 жылдары қазіргі Ақкөл желілік өндірістік басқармасы құрылысы басталған кезде келді. Кешегі тоқырау кезінде кейбір ұлт өкілдері басқа жерлерге қоныс аударған. Бірақ, қалған отандастарымыз  осы елге сіңісіп, тіпті көпшілігі қазақтармен құдандалы ағайын болып кеткен.  Мәселен, Ақкөл орта мектебінің информатика пәнінің мұғалімі, неміс қызы Виктория Қалменова атасының Қазақстанға Ұлы Отан соғысы жылдары келгендігін айтады. Әжесімен бірге Махамбет ауданындағы Сарытоғай ауылына  қоныстанады.

— Әкем Махамбет ауданында дүниеге келген. Үйде үш қыз және бір ұл тәрбиелендік. Үш қыз да қазақ жігітіне тұрмысқа шықты, ал, ініміз қазақ қызына үйленді. Тойларымыз қазақтың салт-дәстүріне сай өтті. Құда түсу, сырға салу, беташар рәсімдерін тиісті деңгейде өткізуді әкемнің өзі қалады. Сондықтан, тойымызда қазақы салт-дәстүр толықтай сақталды. Қазір де балаларымызды бесікке салып, әке аманатын орындап келеміз, — дейді ол.

Викторияның күйеуі қазақ, ал, енесі – татар. Он жеті жыл бойы қазақ отбасында келін болып келе жатқан Виктория да  жыл сайын Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесін асыға күтеді.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button