Жарнама
Мәдениет

АЙТЫС ТАҚЫРЫБЫ – «БОЛМАСЫН СОҒЫС!»

Осы айтыстағы ең бір өткір де, шабытты ақындар деп саналғандар – Жәнібек Садыров пен Шалқарбай Ізбасаров. Айтыстың басты тақырыбы Ұлы Жеңістің 70 жылдығы болғандықтан, ақындар Ғабит Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» романына кейіпкер болған даңқты жерлесіміз Қайырғали Смағұловтың, Марина Раскованың авиаполкінде немістерге қырандай шүйілген қазақтың батыр қызы Хиуаз Доспанованың, Кеңес Одағының батыры Александр Афанасьевтердің ерлігін жырға қосты.

«…Ақындар Жеңіс жайлы толғаса екен,

Қанатын еркін серпіп, самғаса екен.

Қазақтың ұланғайыр даласында,

Тілегім – енді соғыс болмаса екен» деген Жәнібектің сөзіне қайтарған Шалқарбайдың жауабы:

«…Атам менің соғыстың ардагері ед,

Майданнан жараланып оралған соң,

Өмір сүрген байлығым – ұрпағым деп».

Айтыс – синкреттік жанр. Ол импровизация арқылы туады. Импровизация дегеніміздің өзі – қазіргі сөзбен айтқанда, ой ұшқырлығы, сана шапшаңдығы. Ақынның ойына келген өлең шумақтарының құйылып келіп, ұйқасы мен мағынасының балталаса да бұзылмайтын бірлігі болуы тағы да шарт. Міне, осы тұрғыдан алғанда, Амангелді Панабердиев пен Сырымбек Сәрсенбаевтың айтысы жоғары деңгейде болды.

«Жеңіс тойын ұйымдастырған ағаларым,

Ақиқат пен шындықты құрықтасын.

… Тайсалмай пулеметті тұншықтырған

Нысанбаев екенін ұмытпасын», — деген Сырымбек батыр Боранның бұл ерлікті Александр Матросовтан бұрын жасағанын тарихи дәлелдермен айта білді.

Сахна төріне шыққан келесі ақындар жұбы – Әсел Тәушенова мен Серік Қойшығұлов болашағынан үміт күттіретін жастар екені даусыз. Серіктің:

«Сондықтан, мамырдағы жаңбырында

Қайғы мен қуаныштың қатар жасы» немесе

«…Кешегі Әлия мен Мәншүгім де,

Қолына құламайтын ту ұстаған», — деген жолдары жадағайлықтан ада, салмақты ойды білдіреді. Ел басына күн туған қиын кезеңде Отанымызды қорғап, жанын пида еткен қазақтың қос шынарын елдің мәңгі ұмытпайтынын паш еткендей.

Әселдің де:

«Тәңірім енді тербеткей,

Тәуелсіз елдің бесігін»,

немесе

«Мен болсам нәзік бәйшешек,

Сен шыңға біткен шынарым», — деп толғануы көкейге қонымды. Аға мен қарындас арасындағы жып-жылы мейірім шуағы көңілдерді еріткендей әсер қалдырады.

Көрерменнің үлкен үмітпен күткен ақындары Шынарбек Қабиев пен Өнербек Дәулекенов ортаға шықты. Айтыстардан жиі көрініп жүрген Өнербекті ендігі өресі мен деңгейі өскен шығар деген сеніммен қарсылағанымыз рас. Жып-жылы шумақтарымен елді ұйытып, көрермен көзайымына айнала білді. Ал, Шынарбектің:

«Адамдар бір-біріне дос емес пе,

Өмір де өтіп жатқан көш емес пе?

Ойпырмай, 70 жыл да өтіп кетті,

Жеңістің тойланғаны кеше емес пе?

Рахымжан, Бауыржандай батырларым,

Хас батырдың ел үшін өзі емес пе?» деген жыр жолдары көрерменді баурап алды.

Қазылар алқасының ұйғаруымен Ғалымбек Мұстафа, Аманжан Ташов, Нұрбек Сарбасов, Серік Қойшығұлов, Асылбек Есжанов, Ерболат Қарағойшиев, Әнуарбек Садықов, Нұрбейбіт Нұғманов, Нұрболат Нұғманов ынталандыру сыйлығына ие болса, үшінші орынды Өнербек Дәулекенов, Шынарбек Қабиев, Әсел Тәушенова өзара бөлісті. Екінші орын Сырымбек Сәрсенбаев пен Амангелді Панабердиевке бұйырса, бірінші орынды Жәнібек Садыров қанжығасына байлады. Бас жүлдені Шалқарбай Ізбасаров иеленді.

Айтыстан кейін сахна төріне айтыс өнерінің жоқтаушысы Жүрсін Ерман көтерілді.

– «Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай Атырауда 2015 жылғы 1-3 мамыр аралығында республикалық ақындар айтысы өтпек. Бүгінгі айтыс – соған дайындық. Ежелгі грек ойшылы Диоген тал түсте қолына шам алып жүреді екен. Таңырқағандарға ол «Адам іздеп жүрмін» деп жауап беріпті. Мен ақын іздеп жүрмін»,-  деді Жүрсін тебірене тұрып.

Айтысқа арнайы келген облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов: «Қазақ халқының тарихы мен тағдыры, өмірі мен көңілі өлең жолында өрілген. Сондықтан, біз халық өнері дамысын деген ниетпен осы айтысты ұйымдастырып отырмыз. Ақындар халық атынан сөз сөйлеп, халықпен бірге келешекке сапар шегеді. Бұл – екінің біріне берілмейтін дарын. Ақындық өнерге жауапкершілікпен қараған дұрыс. Сонымен қатар, хас таланттарды қолдап, оларға бағыт-бағдар беріп отыру – аға ұрпақтың парызы. Болашағынан үміт күттіретін жас таланттарды іздеп тауып, жыр додасына қоса алсақ, біздің бір парызымыздың өтелгені. Бүгінгі күні көптеген жас ақындар сахнаға шығып, халыққа танылды. Осының өзі – елге мерей. Бүгін ортамызға айтыстың атасы атанған Жүрсін Ерманның келіп, жас дарындарды қолтығынан демеп, жол нұсқауының өзінде де үлкен парасаттылық жатыр. Алдымызда республикалық ақындар айтысы күтіп тұр. Бұл шара да өз облысымызда өтетін болғандықтан, баршамызға үлкен сын, жауапкершілік жүктейді» деп өнерге деген қалтқысыз ықыласын танытты.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button