Аймақ басшысы айтыскерлермен кездесті
Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов айтыс өнерінде өз қолтаңбасын қалдырған ардагер ақындар мен жас айтыскерлерді қабылдады.
Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Айтыс өнері халқымызбен қашанда бірге жасасып келеді. Әсіресе, Тәуелсіздік жылдары жаңа мазмұн, тың сипатқа ие болды. Ақын сөзімен елдің көкейіндегі мәселе ашық айтылса, айтыстағы өлеңнің де құндылығы арта түспек. Жаңа Қазақстан құруда айтыстың өзіндік өрнегі, айшықты қолтаңбасы бары анық. Бүгінгі ұрпақ сан ғасырдан жеткен саф өнердің салтанат құрып дамуына әрқашан қамқорлық көрсетері де кәдік. Сұлу сөзге, сындарлы ойға оранған айтыс елдің елдік санасын өсіреді, ұлы мұраттар жолында бірлікке шақырады. Айтыстың жоғын жоқтап жүретіндердің еңбегі сонысымен аяулы, сыйлы» деді аймақ басшысы.
Кездесуде ақындар өңірдегі айтыс өнерінің бүгінгі ахуална қатысты ұсыныс-тілектерін білдіріп, көкейдегі сауалдарын қойды, еркін форматта пікір алмасты.
«Өңірде айтыс өнерін өркендетіп, ақындардың өсіп-жетілуі үшін, әрине, қолдау керек. Облыс орталығынан айтыс ақындарының бас қосып, пікір алмасуы үшін мәдени орталық ашылуы қажет деп ойлаймын. Әр ауданда айтыс мектебін, білім ошақтарында айтыс үйірмелерін ұйымдастыру қолға алынуы тиіс. Осылайша жастардың бойына асыл қасиеттердің нәрін құя аламыз» деді Сырымбек Сәрсенбаев.
Сондай-ақ, Шалқарбай Ізбасаров киелі күй елінде облыстық, республикалық айтыс ұйымдастыруды ұсынды. Айтуынша, соңғы кезде мұндай шаралар мүлде өтпеген. Ал, бұл өз кезегінде жас ақындардың шыңдалуына, қазіргідей әлеуметтік желіге жіпсіз байланған жандарға қасиетті өнерді насихаттап, рухани ләззат сыйлауға жақсы мүмкіндік.
Амандық АБДОЛ