Айдар БАТЫРХАНОВ: «ОРАЛДЫҢ ҮЗДІК ӨНЕРІН АТЫРАУҒА СЫЙЛАЙМЫЗ»
— Батыс Қазақстан облысының Атырау облысында өтетін мәдениет күндері бағдарламасына тоқталсаңыз.
— Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев облыс басшыларына экономикалық, мәдени, гуманитарлық қоғамдағы барлық жеткен жетістіктерді өзара бөлісе отырып, Қазақстанды дамытуға үлес қосу жөнінде тапсырма берген болатын.
Өздеріңізге белгілі, Елбасының бұл тапсырмасын облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің бастауымен Атырау делегациясы Ақжайық жерінде өте жоғары деңгейде орындап шықты. Хас таланттарын баптап, бәйгеге қосқан атыраулықтардың өнері оралдықтарды таңғалдырды.
Осы игі істің жалғасы ретінде, Батыс Қазақстан облысының Атырау облысындағы мәдениет күндері аясында облысымыздың өнерін, жеткен жетістіктерін паш ететін боламыз.
Делегацияның құрамында 300-ге жуық адам бар. Суретші Сәкен Ғұмаров атындағы музей қорынан көрме, тарихи-өлкетану музейінің жәдігерлері, қылқалам шеберлері жәрмеңкесі, театралдық көркем қойылымдар көрсетіледі.
Дәлірек айтқанда, Атыраудағы өнер сапарымыз 15 мамыр күні Индер аудандық мәдениет үйінде өткізілетін концерттік бағдарламасынан басталады. Осы күні Махамбет атындағы Атырау облыстық драма театрында облыс суретшілерінің, тарихи-өлкетану және С.Ғұмаров атындағы сурет музейлері мен Ж.Молдағалиев атындағы облыстық кітапхана көрмелерінің ресми ашылуы өтеді.
Сондай-ақ, Н.Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясында Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның Дәулеткерей атындағы халық аспаптар оркестрінің, Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында Батыс Қазақстан облысы әкімінің эстрадалық-симфониялық оркестрінің және Махамбет атындағы драма театрында Батыс Қазақстан облыстық драма театры әртістері Исраил Сапарбайдың «Махамбет» тарихи дастанын сахналайды.
16 мамыр күні Атырау қаласындағы мәдениет және өнер мекемелерінде, жоғары оқу орындарында Ақжайық өңірінің ақын-жазушылары мен өнер қайраткерлерінің кездесуі жоспарланған.
Мәдениет күндері Махамбет атындағы қазақ драма театрында гала-концертпен қорытындыланады.
— Мәдениет саласында театрлардың алатын орны ерекше. Әсіресе, Орал өңіріндегі қос театрдың қазіргі жағдайы, репертуары жайлы не айтар едіңіз?
— Біздің облыста қазақ драма театры мен А.Н.Островский атындағы драма театры қызмет жасайды. Театрлар жыл сайын алты-жеті жаңа жоспарлы қойылымдар қойып, репертуарларын жаңартып отырады. Қазақ театрының сахнасында дүниежүзілік классикадан Шекспирдің «Ромео мен Джульетта», А.Камюдің «Калигулла», Шыңғыс Айтматовтың «Шыңғыс ханның ақ бұлты» қойылымдарымен қатар, ұлттық рухтағы Иран Ғайыптың «Махамбет», «Қорқыт», Хамит Ерғалиевтың «Құрманғазы», Рахымжан Отарбаевтың «Сырым батыр» спектакльдері, орыс драма театрында Н.Гогольдің «Ревизор», Л.Толстойдың «Власть тьмы», М.Булгаковтың «Кабала святош», А.Чеховтың «Вишневый сад» спектакльдерімен қатар, қазақ драматургиясынан Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», Ш.Айтматовтың «Плаха» шығармалары сахналанды. Театр репертуарындағы бұл спектакльдер күні бүгінге дейін өз көрерменін жоғалтқан емес.
Талабы биік көрермен қауымның рухани сұранысы мен талғам деңгейінен шығу үшін жыл сайын Қазақстанның қалалары мен алыс-жақын шетелдердің танымал режиссерлері шақырылып отырады. Ел өмірінің айнасына айналған қос театр күннен-күнге дамып, шет елдерде өнер көрсетіп, еліміздің танылуына үлес қосып келеді.
Облыстық қазақ драма театры 2011 жылы Уильям Шекспирдің «Ромео мен Джульетта» атты трагедиясымен бауырлас Қырғыз елінің астанасы Бішкекте өткен халықаралық театр фестиваліне қатысып, көрерменнің және театр қайраткерлерінің ыстық ықыласына бөленіп қайтты. 2012 жылы Қостанай қаласында өткен Ілияс Омаровтың 100 жылдығына арналған республикалық театрлар фестивалінде Г.Гориннің «Атың өшсін, Герострат!..» трагикомедиясын (ауд. – Қ.Төлеуішов, реж. – М.Томанов) сахналап, бес номинация бойынша жеті әртіс марапатталды.
Биылғы жылы А.Н.Островский атындағы драма театрдың бас режиссері Оксана Малуша Қазақстан театр қайраткерлері Одағының шешімімен «Жыл режиссері» номинациясы бойынша «Еңлікгүл» кәсіби сыйлығының лауреаты атанды.
Соңғы жылдары театр сахналарында М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының, Мәскеу қаласының тәуелсіз Арбат театрының гастрольдері, Халық қаһарманы, КСРО Халық әртісі Әзірбайжан Мәмбетовтің 80 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының ХХ республикалық фестивалі, өткен жылы Қазақстан театр қайраткерлері Одағының ұйымдастыруымен «Батыс Қазақстан аймағындағы театрлардың шығармашылық жағдайы және оны жақсартудың жолдары» тақырыбында форум-фестиваль өткізілді.
— Шет елдерде қазақтың төл өнерін насихаттап жүрген оралдық өнерпаздар мен шығармашылық ұжымдар жайында да тарқатып айтсаңыз…
— Облысымыздағы өнер ұжымдары мен аудандардағы көркемөнерпаздар жыл сайын Орынбор, Самара, Саратов, Астрахан, Волгоград облыстарына гастрольдік сапармен барып, өнер көрсетуді дәстүрге айналдыруда. Күні кеше шығыс халқының ұлық мерекесі – Наурыз мейрамын Саратов облысының қазақтары да кеңінен тойлады. Саратов облысының Маркс қаласында өткен Наурыз мейрамына облыс делегациясын облыс әкімі Нұрлан Ноғаев бастап барды. Сонымен қатар, өткен жылы Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның «Орал сазы» фольклорлық ансамблі Рим Папасының арнайы шақыруымен Ватикан мемлекетінде, Әбу Даби мен Дубай қалаларында және Германия Федеративтік Республикасының Берлин, Магдебург, Дрезден қалаларында қазақтың ұлттық өнерін насихаттау мақсатында өнер көрсетті. Македония мемлекетінің Струго қаласында өткен «Езерские бисеры» халықаралық арт-фестиваліне қатысқан Жастар мәдениет үйінің әншісі Омар Хибашев жүлделі І орынға ие болса, Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның әртістері Марат Сарбөпеев пен Ақсұлу Жұмалиева лауреат атанды.
Мәдениеті мен өнері қарыштап дамыған мемлекеттерде ақжайықтық өнерпаздардың болуы — біз үшін үлкен мақтаныш.
Осыдан бірнеше жыл бұрын өнер сапарымен Астанаға барғанымызда Әбіш Кекілбаев облысымыздың өнеріне «Ақжайық атырабы – Қазақстанның Венасы» деп жоғары баға берген болатын. Алдағы уақытта осы биіктен аласармауға тырысып, еңбек ете бермекпіз.
Әңгімелескен
Нұргүл ЫСМАҒҰЛ.