«Абдолла домбырасы» бой көтереді
Биыл Атырау облысы Индер ауданының мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Дүниежүзілік студенттер мен жастар фестивалінің лауреаты, қазақ өнерінің Мәскеудегі онкүндігіне қатысушы Абдолла Мұсағалиевтің туғанына — 90 жыл. Аталған мерейлі күнге және шілде айының бірінші жексенбісі — Ұлттық домбыра күніне орай аудан орталығы Индер кентіне көрік қосар жаңа монумент бой көтереді.
Индер ауданының әкімі Дарын Шамұратовтың хабарлауынша, ұзақ жылдар бойы мәдениет майталманының есімін ұлығылау, мәдени нысандарға атын беру мәселесі қозғалып, бұл ұсыныстардың онамастикалық заңдылықтарға сай қолдау табуы мүмкін болмай келді.
-Бұған дейін өңірге белгілі Көшек Ерсайын, белгілі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Ұлдай Аманғалиева да бұл мәселені көптен көтеріп, әртүрлі деңгейде қозғау салған болатын. Осы ойлардың нәтижесінде биылғы Ұлттық домбыра күніне орай “Абдолла домбырасы” деген атаумен 7 метрлік домбыра кіші сәулеттік композициясы бой көтереді. Мұндағы басты ерекшелік, ішкі жағынан дыбыс ұлғайтқыш колонка қойылып, қазақ күйлері ойнап, А.Мұсағалиев туралы деректер жазылатын болады, — деді Д.Шамұратов.
Аудан басшысы бұл бастамаға демеушілік жасап, қолдау білдірген жерлес “ARSM” компаниясының негізін қалаушы Жәнібек Шариповке индерліктердің атынан айрықша алғыс білдірді.
Айта кету керек, жаңа монумент кент орталығындағы «Арбаттағы” шаңырақ астына орналастырылады.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА
Индер ауданы
Рахмет көптен күткен қуанышты хабар ұйымдастырушыларға мың алғыс, Ағамыз иманды болсын.