
Абай тойының әсері
«Той дегенде қу бас домалайды» дейтін қазақпыз ғой. Ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жылдық тойына Абай облысына Атырау жерінен тұп-тура 15 адамдық делегация барды. Облыстық мәслихаттың төрағасы Муса Хайруллиев бастаған топтың құрамында қалалық, аудандық мәслихаттардың төрағалары, ақын-жазушылар мен өнерпаздар болды.

Негізінен Семей қаласы мен Абай ауданында өткен тойдың басталғанына біз барғанда он шақты күн болыпты. Жан-жақтан жиылған халықта есеп жоқ, нөпір халықты қабылдауға жергілікті мекеме-ұйымдар түгел жұмылдырылған. Абайдың 180 жылдығына арналған онкүндік мерейтойлық шаралар легі сан түрлі жанрмен ұйымдастырылыпты. Тамыздың 1-інде «Абай академиясы» энциклопедиялық порталы мен «Бейбітшілік» аралындағы Этноауылдың ашылуынан бастап, халықаралық сән көрсетілімі мен түрлі көрмелер, қолөнершілер фестивалі, мерейтойлық концерт, ашық аспан астындағы кино көрсетілімі, түрлі әдеби-рухани кештер мен арнайы жобалар, облыстардың мәдени күндері мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі, «АБАЙ QUIZ» республикалық зияткерлік ойыны, «Семей батыры» ашық турнирі, концерттер мен спорттық чемпионаттар, зағип және нашар көретін азаматтарға арналған кітапхананың ашылуы, ақындар айтысы мен мүшәйра, шығармашылық кештер, тағысын-тағы шаралар Абай мерейтойының сән-салтанатын келістірді. Жан-жақтан келген таныс та бейтаныс меймандар бір-бірімен құшақтасып көрісіп, «Той құтты болсын!» деген ықылас-ілтипаттарын білдіріп жатыр.

Ал, Қарауылтөбе басына жиылған халықта қисап жоқ. Семейге Астана арқылы ұшақпен жетіп, одан әрі автобуспен Атырау сияқты алыс өңірлердің өкілдері болмаса, жақын маңдағы кейбір облыстардың өкілдері көлікпен барған екен. Әйтеуір көз жетер жерде жыпырлаған көліктен жер қайысады. Тойға барған халықтың саны шамамен 40 мыңнан асып жығылады. Тіпті, шетелден арнайы келген туристер де байқалды. Бәрінің санасында – Абай бейнесі, аузында – Абайдың сөзі!..
Семейге дейін ұшақпен жеткен біздің делегация құрамы да Абай тойынан материалдық емес, рухани тәбәрік алуға асықты. Себебі қасиетті Семей топырағындағы шалқыған думан әр қазақтың көкейіне шалқар шабыттың сәулесін төгіп, жүрегіне руханияттың нұрын құйғандай әсер береді.
Абай ауданының орталығы – Қарауыл ауылынан төрт-бес шақырым жерде ақшаңқан киіз үйлер сап түзеген сарбаздай тізіле тігілген екен. «Бұл жердің атауы Қарауылтөбе» деді ұйымдастырушылар. Талай әсем табиғатты көріп-ақ жүрміз ғой, дегенмен көркем әдебиетте суреттелетін нағыз жайлауды енді көргендей болдық. Қарауылтөбенің басына шыққандағы көрініс көздің жауын алады. Қарауылтөбе деген қыраттың өзі де біздің Дендерге ұқсайды, бірақ төңіректегі әсемдікті суреттеуге тіл жетпейді. Құдіреті шексіз Құдай Тағала сұлулықты осы өңірге арнайылап жиып әкелгендей екен. Тойға жиылған көпшіліктің бәрінің аузында осы сөз!..
Атыраулық делегация мүшелерінің бір бөлігі – ақындар Әлия Дәулетбаева мен Бақытгүл Бабаш 9 тамыз күні Семей қаласында өткен «Адамзаттың Абайы: руханият, парасат, таным» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция мен «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп…» тақырыбымен өткен халықаралық ақындар фестивалінің ашылуына қатысты. Күйші Жәнібек Жәмиев, әншілер Байбақты Ідірбай мен Мейіржан Қабдол 9 тамыз күні Семей қаласының орталық алаңындағы «Абайға тарту» және 10 тамыз күні Қарауылтөбедегі «Желсіз түнде жарық ай» атты гала-концертінде өнер көрсетті.
Онкүндік мерейтойдың соңғы нүктесі 10 тамыз күні Абай ауданында қойылды. Қарауылтөбеде ұлттық спорттың бірнеше түрінен сайыстар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, «Жеті қазына» фестивалі аясында жорға жарысы, 16 шақырымдық топ бәйге мен 25 шақырымдық аламан бәйге өтті. Қазақша күрестен 90 келіден астам салмақтағы түйе палуан мен 74 келіге дейінгі салмақтағы өгіз палуан анықталды.
Жүлделі орындарға ие болған спортшыларға облыстың демеушілері атынан жалпы саны 90 бас жылқы мен 10 автокөлік сыйлық ретінде берілді.
Ерекше атап өтерлігі, ұлы Абайдың жақсы көрген ойыны – тоғызқұмалақ сайысы мен 180 шақырымдық ультрамарафонға күллі елде тұңғыш рет автокөлік сыйға тартылды. Семей мен Қарауыл арасын 19 сағат, 9 минутта жүгіріп өткен батысқазақстандық Баубек Ілиясов жарыс жеңімпазы атанды. Тоғызқұмалақ сайысында шымкенттік Ғалымжан Темірбаев бірінші орынды иеленді. «Түйе палуан» сайысында маңғыстаулық Нұрдәулет Жарылғапов, «Өгіз палуан» сайысында алматылық Жігер Еркінұлы қарсылас шақ келтірмеді. «Топ бәйгеде» Алматы облысының, «Аламанда» Кереку қаласының, жорға жарысында Қырғыз елінің жүйрігі топ жарды. Жүлдегерлердің барлығы көлікті болды. «Жеті қазына» фестивалінің жеңімпаздары жүлдеге жылқы алды.
Абай облысының әкімі Берік Уәли мерейтойлық онкүндік аясында той тойлауға емес, ой ойлауға, рухани, зияткерлік, танымдық, спорттық шараларға баса мән берілгенін айтты.
– Жалпы, 10 күндік іс-шара елдің береке-бірлігінің арқасында жоғары деңгейде өтті деп есептеймін. «Абай академиясы» атты энциклопедиялық портал ашылды. Бірнеше кітаптың тұсауы кесілді. Мыңнан астам команда қатысқан «Абай куиз» интеллектуалдық ойыны өтті. Зағип жандар мен нашар көретін азаматтарға арналған кітапхана іске қосылды. Ұлттық ойындарда жүлде қорларының әр аймаққа, тіпті Қырғыз еліне дейін кеткені қуантады. Бұл – ұлт мерейінің өсуі, — деді облыс басшысы.
Он күнге созылған Абай хәкімнің тойы Қарауылтөбеде «Желсіз түнде жарық ай» гала-концертімен түйінделді.
Назарбек ҚОСШИЕВ
Атырау-Астана-Семей-Қарауыл-Қарауылтөбе-Жидебай-Қарауылтөбе-Семей-Астана-Атырау