20 аспаптың тілін білген Абзал
«Мульти инструменталист» дегенді естуіңіз бар ма?..
Қазақша тәржімаласақ, бір емес, бірнеше музыкалық аспапта емін-еркін ойнай алатын жанды айтамыз. Яғни, бұл бір ғажайып қабілет, тіпті басқа қонған бақ па дерсіз. Бір ғана аспапты үйренуге адамдар жарты ғұмырын арнайтыны да жасырын емес. Ал, көп аспаптың тілін түсініп, оның әрқайсысында шебер ойнауы нағыз өнердің шыңы десек артық болмас. Осы шыңды бағындырған дарын иесінің бірі – жерлесіміз Абзал Сиғуат. Ол – Дина Нұрпейісова атындағы академиялық оркестрі жанындағы «sarmad» этно-фольклорлық ансамблінің мүшесі және Орал қаласындағы DDRECORDS орталығының әншісі, мульти инструменталист. Оны көпшілік әлеуметтік желі арқылы жақсы таниды. Себебі ол 32 елдің танымал әндеріне қазақтың ұлттық аспаптарымен кавер түсіріп танылды. Желі қолданушылары таңғалыстарын жасыра алмай, «оркестр адам» деп те ат қойған. Ол тек орындаушылықпен шектелмей, әр аспаптың жанын түсініп, әр дыбыстың мағынасын жүрегімен сезінеді. Музыканы шын сүйетін, оның тереңіне бойлаған адам ғана осындай көп қырлы өнер иесі бола алады. Ұлттық аспаптан бастап заманауи музыкаға дейінгі аралықта еркін жүзген оның шығармашылығы – ұлтымыздың мәдени мұрасын жаңғыртудың бірегей үлгісі.
Өнерлі отбасында дүниеге келген оның алғаш рет қолға алған аспабы кәдімгі қара домбыра, оны алты жасынан бастап үйреніпті. Өзінің өнерге деген қызығушылығын әкесінен дарыған деп біледі. Себебі әкесі қарапайым шофер болғанмен, жеті аспапты еркін меңгерген жан екен. «Әкеге қарап ұл өсер» деген осы болса керек. Біз Абзалдың бойындағы қабілет-сырды тереңірек түсіну үшін оның өнерге деген көзқарасы мен шығармашылық тәсілдерін ашып көрсетуді мақсат етіп, сұхбаттасқан едік.
– Абзал, бойдағы қабілет-дарыныңыз кімнен дарыды деп ойлайсыз, жалпы өнерге қалай келдіңіз? Әрине, бұл дәстүрлі сұрақ қой…
– Қасиетті Қызылқоға өңіріндегі Жасқайрат ауылында кіндік қаным тамып, негізгі білімімді Шүкір Еркінов атындағы орта мектептен алдым. Жетінші сыныптан бастап Атыраудағы дарынды балаларға арналған Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясында вокал және пианино мамандығы бойынша оқып, өнер әлеміне қадам бастым. Бұл мені музыканың терең әлеміне жетелеп, шығармашылығымды дамытуға зор ықпал етті.
Ал, мені өнерге әкем баулыған. Өйткені, отбасымыз өнерден құралақан емес. Қасиет деген осы ғой, қанмен беріліп, шарықтай береді. Әкем де, бауырларым да түрлі музыкалық аспапта шебер ойнайды. Бала күнімнен көргенім сеп болып, бұл менің де, жанұямыздың да ажырамас бөлігіне айналды.
Академияны тәмамдаған соң Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің музыка және өнер факультетіне оқуға түсіп, одан әрі академиялық ұтқырлықпен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында жарты жыл білімімді шыңдадым. Менің өнерге қадам басып, қанат жаюым осылай басталған.
– Тамаша!.. Қобыздың қоңыр үні мен тоғыз перне, қос ішектен төгілген күйден бастап, баян, гитара, фортепиано сынды батыстық үлгідегі терең әуендерді шебер орындайсыз. Жиырма түрлі аспаптың тілін түсіну оңай болмайтыны бесенеден белгілі. Дегенмен мұны үйренуге қанша уақыт жоғалттыңыз?
– Барлығы да өнердің құдіреті ғой, әр аспаптың жанын түсініп, оны сөйлете білу керек деп ойлаймын. Әрине, әр аспап өзінше қиын әрі өзіне тән үйрену тәсілі бар. Бірақ бала кезден аспапты жаныма серік етуім көп септігін тигізгенін жоғарыда айттым ғой.
Жасыратын не бар, жиырма түрлі музыкалық құралдың бірі біріне мүлде ұқсамайды. Оларды үйреніп, еркін ойнай алу үшін көп күш те, табандылық пен шыдамдылық та аса қажет екен. Ең бастысы, талмай еңбектену керек, өз басым он бес жылға жуық уақытта толық меңгердім. Әр адам әртүрлі болады ғой, аспаптар да дәл солай. Өзіндік мінезге, қасиет пен сырға толы. Осыны терең түсіну қажет және шексіз, шетсіз ниет болу керек. Бүгінде мұнымен тоқтап қалмай жаңа аспаптарды да меңгеруге талпынып жүрмін.
– Өнерге деген құрметіңізге тәнтімін. Ал, 32 елдің әуенін түрлі аспапта орындау идеясы қалай пайда болды?
– Бұл идея өзім жұмыс істейтін DDRECORDS орталығының музыкалық продюсері Данияр Рахметжановтың мұрындық болуымен жүзеге асты. Әлемнің түрлі музыкалық аспабында 32 әнді орындау маған үлкен тәжірибе болды. Жаңа бір белес десем де артық етпес.
Бірақ осы арқылы әртүрлі ұлт пен ұлыстың мәдениетімен, өнерімен таныстым. Еліміз көп ұлтты мемлекет қой, өзара достықты нығайтып, берік етуге шақыруды да мақсат еткенмін. Меніңше, біздің ойымыз бен ниетіміз сәтті жүзеге асты.
– Музыкалық шығармаларды өңдеу мен орындау кезінде ең үлкен шабытты неден аласыз?
– Музыкамен жұмыс істегенде шабыт көзі әртүрлі ғой. Мысалы, маған әр аспаптың өзіндік үні мен ерекшелігі жаңа идеялар мен шығармашылық тәсілдер ұсынады. Ең бастысы, жанымдағы достарым мен халықтың қолдауы ерекше шабыт береді. Бір аспаптың дыбысы менің назарымды аудартып, оның жанын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.
Түрлі музыкалық стиль мен жанрларды зерттеу де маған ерекше әсер етеді. Өзімнің көпаспапты шеберлігім арқылы әрбір шығарманың жаңаша қырын ашып, оны өзіме тән ерекшелікпен орындауға тырысамын. Шығармашылық процесте мені әсіресе жаңа дыбыстар мен әуендердің үйлесімі, оларды тыңдарманға жеткізу жолындағы үрдіс шабыттандырады.
– Керемет, шабытыңыз шалқи берсін! Ал, желіде танымал болу сіздің музыкалық мансабыңызға қалай әсер етті? Сіздің бұл өнеріңізге жастардың қызығушылығы қандай?
– Шынымды айтсам, өзімді аса бір танымалмын деп есептемеймін. Ол үшін әлі де көп тер төгуім керек. Біздің көздегеніміз – шығарманы ұлттық аспапта орындау арқылы әлемдік аренаға қазақ өнері мен мәдениетін таныстыру. Заманға сай әлеуметтік желіде белсенді болу аса қажет. Міне, осы арқылы біз өз қабілетіміз бен ұлттық өнерді көрсетуді мақсат тұттық. Желі арқылы жастар танып, концертке келсе де зор жетістік.
Жас ұрпақ оркестрге, ансамбльге қызығушылығы оянып, концертке келіп, рухани тұрғыда дамиды деп ойладық. Олардың рухани өнермен сусындап, қуыс кеуде болмағанын құп көрдік. Ал, бұған жету жолында түрлі тәсілдерді қолдану керек-ақ.
– Мақсатыңыз орындаларына сеніміміз кәміл. Болашақта қандай музыкалық жобаларға қатысқыңыз келеді, алдағы жоспарыңыз қандай?
– Жоспар көп. Соның бірі – әлеуметтік желіні дамытып, түрлі бағытта контенттер түсіру. Қазір «sarmad» этно-фольклорлық ансамблінде жұмыс істеп жүрмін. Өзімді жан-жақты шыңдап, тың идеялармен жаңа әндер жазу ойда бар. Бәрі де бұйырған уақытта қажырлы еңбекпен жүзеге асарына сенемін.
Ең бастысы – халықтың қошемет-қолдауына байланысты. Сол арқылы шабыттанып, ісіміз өрге басады деген үміттемін.
– Әрине, ойыңыз орындалсын. Сізге шығармашылық табыс тілей отырып, оқырман үшін әңгімелесуге уақыт тапқаныңыз үшін алғысымызды білдіреміз.
Түйін:
Қазіргі заманның талабына сай, әрбір өнер иесінің өз орнын табуы керек. Абзал Сиғуаттың 20-дан астам аспапты меңгеріп, сан қырлы талантымен қазақ музыкасының жан-дүниесін ашып көрсетуі – осы заманның шынайы келбеті. Әр аспаптың тілін түсініп, оны шеберлікпен орындау арқылы ол өнердің шексіз мүмкіндігін әлеуметтік желі арқылы паш етіп жүр.
Абзалдың шығармашылығы «Өнердің шебері өз заманының тілін тауып, оны жүрекпен жеткізеді» деген афоризмнің нақты дәлелі іспетті. Музыканттың шеберлігі әр аспаптың табиғатын түсініп, оны ерекше әуенге айналдыру қабілетінде жатыр. Мұндай өнер иесі әр дыбысты жан дүниесімен сезініп, тыңдарманның жүрегіне жол табатынына сенеміз.
Жайна МӘЛІМҚОЖА