Жарнама
Мәдениет

Атыраулық жазушының шығармалары Лондонда жарық көрмек

Атыраулық жазушы Бақытгүл Сәрмекованың әңгімелерінің ағылшынша аудармасы Лондондағы «Tilted Axis Press» баспасынан жарық көреді. Кітапты ағылшын тіліне АҚШ-та тұратын аудармашы Миргүл Қали аударған.

Бұл туралы жазушы қыз Бақытгүл Сәрмекова «Фейсбук» желісіндегі парақшасында жазды. «Бүгін лондондық кітап баспасы шотыма қаламақының елу пайызын аударыпты. Аса көп ақша емес болса да бұл жолғы табыстың қуанышы үлкен болды. Шетелден кітап шығару, сату процесін ашық түрде айта отырып, қатарлас жазушыларға үлгі бергім келеді. Жақсы шығармалар сыртқа шығуы керек, біздің жазушылар да осал емес екенін көрсетсек екен деген ниетім еді. Әлемдік бестселлер Муракамидің кітаптарын он орап кететін жақсы шығармалар бізде де бар» деп жазды Бақытгүл Сәрмекова. Бұған дейін «kazunite» сайтына берген сұхбатында жазушы қыз шығармаларының ағылшын тіліне қалай аударылғанын айтқан болатын.

«Осыдан екі жыл бұрын шамасында АҚШ-та тұратын Миргүл Қали фейсбуктағы мессенджеріме жазып, шығармаңызды аударып көрейін деп рұқсат сұраған болатын. Бас кезде таңырқап әрі қуанып қалдым. Кейін кітабымды АҚШ-қа жібердім. Миргүл кітаппен танысқаннан кейін, толық аударып, халықаралық конкурстарға қатысқысы келетінін айтты. Аудармалар бірден жетістіктер әкелді. Бұл екі шебердің: жазушы мен аудармашының өзара үйлесім тапқанының жемісі шығар. Иә, аударма жұмысы қиын, бірақ өзінше қызықты дүние екен. Аударманың сапасы қандай болады деп еш алаңдаған жоқпын, себебі бастама аудармашының өзінен болды. Сондықтан, адам өзі жақсы көріп, қалап тұрып жасаған нәрсесінен сапасыз дүние шықпайтынын білемін. Өзім ағылшын тілін білмеймін, бірақ халықаралық «Pen America» конкурсында қазылар алқасы Миргүлдің аудармасын жоғары бағалағанын кейін білдік» деген болатын Бақытгүл Сәрмекова.

Талантымен талайды мойындатып келе жатқан жазушының «Қарагер тай», «Итгершілік», «Ақындардан жеріну» сынды көптеген шығармалары әдеби порталдарда жарияланып жүр.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button