Жылқы – түлік төресі

ZHyil yi Қоғам

Жылыой өңірі – қазақы дәстүрдің қаймағы бұзылмай бүгінгі заманға жеткен киелі аймақ. Халқының әсіресе, мінсең көлік, саусаң сүт, жесең ет болатын түлік төресі жылқыға деген ықыласы ерекше.         

Аудандағы «Достан Ата» шаруа қожалығының төрағасы Сейітжан Балжігітов  арғы атасы Қасбайдан, атасы Балжігіт, әкесі Қапанға дейін әулетте жылқы малына деген құрмет пен қызығушылық үзілмегенін айтады.        

«Достан Ата» шаруа қожалығын 1996 жылы әкем Қапан Балжігітов құрды. Сол уақыттан бері қожалықта төрт түлік мал өсіріліп, шұбат, қымыз дайындала бастаған. «Әкемнің қоластында жұмыс жасай жүріп мал шаруашылығының қыр-сырын жетік меңгеріп, анамның балдай тәтті құрт-ірімшігін, шөл басар шұбатын, шипалы қымызын дайындау тәсілдерін үйреніп, осы күнге дейін сол тәсілді бұзбай келеміз. Жыл сайын жайлау кезінде 25-30 биеге дейін байлап, сауып, бұрынғы технология бойынша қымыз дайындап ауыл жәрмеңкесіне шығарамыз. Сондай-ақ, Мақат аудандық туберкулезге қарсы ауруханасын қымызбен қамтамасыз етудеміз. Бүгінде «Достан Ата» шаруа қожалығында 672 бас қалмақ тұқымды ірі қара мал, 598 бас жылқы, 564 бас түйе және 5 428 бас еділбай тұқымды қой малдары бар. Жылқы малының етінде емдік қасиеті бар болғандықтан, Ақтөбе облысынан мұғалжар тұқымды жылқы малдарын әкеліп, асылдандырып ет бағытына да бет бұрудамыз» дейді ол.   

ZHyil yi

Иә, жылқы малының қадірі мен қасиетін о бастан түсінген дана халқымыз оны көлік ретінде де, азық ретінде де, қымызын сусын ретінде де кеңінен пайдаланған. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан бері жерімізден құлын, ернімізден қымыз бен шұбат кеткен жоқ. Сондықтан да болар, ата-бабамыздан дарыған жылқыға деген қызығушылық биенің сүтімен бізге берілгендей болып тұрады.               

Ауданымызда 15 жылдан бері қымыз дайындаумен, оны өткізумен айналысып келе жатқан Маран Шығыров есімді азамат бар. Бір ерекшелігі, ол сауын биелерді қолға ұстайды. Үйі мен аула-қорасы далалық жерде емес, Құлсары қаласының  ортасында орналасқан. «Қазақ тек атымен қатар,  затымен де қазақ болуы тиіс. Ал, заты деген не? Ол ­­ ­–  төрт түлік малы, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, діні мен ділі, ұлан байтақ жері. Қазіргі таңда осы айтылғандар азайып кеткен сияқты. Сондықтан, Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақалалары елді ояту, сананы жаңғырту деп білемін. Бұл бізге өте қажет және оны іске асыруға тиістіміз. Ал, жылқы төрт түліктің ішіндегі адамға ең жақыны, қос қанаты десек те болады. Жылқының адаммен байланысы өте ерекше нәзік, әрі қатал. Мұны ұстап-күту үшін күш-айла, мінез, мейірім керек. Осылар болса ол сенің сенімді серігің. Жылқы – мақтаныш сезіміңді, көңіліңнің хошын келтіретін адам жеткізе алмайтын қасиеттерге ие жануар», дейді Маран.           

Нұрдәулет АҚНАЗАРОВ, 

Жылыой ауданы әкімі жанындағы қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз