Жұрт асықса да, жолшы асықпайды!..
Қаланың негізгі жолдары жөнделуі себепті бүгінде атыраулықтар жамау-жамау көшелермен жол азабын тартып жүр. Ал, жөндеу жұмыстарының әзірге бітетін түрі көрінбейді. Қарқындары төмен. Әр жерде бірді-екілі арнайы техниканың жүргені болмаса, «айтарлықтай іс тындырып жатыр» деуге ауыз бармайды. Ал, оншақты күннен кейін жаңа оқу жылы басталатынын ескерсек, қаладағы кептеліс пен жол қозғалысын көзге елестетудің өзі қиын. …Біз газет фототілшісі Ерлан Алтыбаевпен бірге облыс орталығындағы көше бойында атқарылып жатқан жұмыс барысымен танысып қайтқан болатынбыз.
Жолдың жайы…
«Жолдың жайын жүрген біледі» дегендей, бұл жолдардың ахуалын күнделікті жұмысы мен үйіне қатынап жүрген жолаушылар жақсы біледі. Біздің материал дайындауымызға да сол оқырмандарымыздың хаттары түрткі болған еді.
«Қызметім қаланың орталығында орналасқандықтан, Еркінқаламен екі ортаға күніне бірнеше рет қатынауға тура келеді. Сондай-ақ, немерелерімді балабақшаға апарамын. Тұран көшесінен біз бірнеше мәрте өтеміз. Осы жолды жөндеу жұмыстары басталған кезде қуанған едік. Алайда, қазір сол басталған істің шеті-қиыры байқалмай кетті. Жұмысшылар жұмысын таңертең бастағанымен, сағат тілі 19.00 болғанда үйлеріне қайтады. Кешкілік уақытта іс тоқтап, техникалар да қаңырап бос тұрады.
Әрине, әр компания еңбек заңдылығы немесе басқа да жағдайларға байланысты 8 немесе 12 сағаттық жұмыс кестесін таңдайтын болар. Оған еш қарсылығымыз жоқ. Десек те, осындай жаз мезгілінде жұмысты көбірек өндіру үшін екі ауысыммен істесе, жолымыз тезірек пайдалануға берілер ме еді? Оның үстіне, айналма жолдар жеке тұрғын үй секторының бойымен өтетіндіктен, тұрғындарға да қолайсыз болуда. Өйткені, жол қозғалысында шектеу жоқ қой» дейді редакцияға хабарласқан Еркінқала ауылының тұрғыны Күләш Қалиева.
«Жұмыс әлі жеткілікті»
Әрине, оқырман пікірінің жаны бар. Айтқандай-ақ, бұл аумақта екі бригада жұмыс істеп жатыр екен. Өзін Әбдіқадыр деп таныстырған азамат «АтырауИнжСтрой» ЖШС-інде еңбек ететінін айтты. Оның шағын бригадасы –қарамағында 12 адам бар. Жұмыс уақыты таңертеңгі 8.00-ден басталып, 19.00-де аяқталады.
Оның айтуынша, жол жөндеу, асфальт төсеу жұмыстары күн суытып, қыс басталғанша жалғасады. Ал, нақты өздері қызмет етіп жатқан нысанды тапсыру уақытын айта алмайды. Себебі, оны компания басшылығы біледі екен.
Осы учаске екі аптада аяқталуы тиіс. Жол жиектері орнатылғаннан кейін асфальт төселіп, пайдалануға берілуі мүмкін. Бірақ, жаяу жүргіншілер жолы мен велосипедшілерге арналған жол енді жасалады,-деді біз тілдескен компания қызметкері.
Келісімшарт қандай жағдайда бұзылады?
Жол құрылысына қатысты өткен жиындардың бірінде облыс әкімі Серік Шәпкенов құрылыс маусымы қызу жүріп жатқанымен, нәтиже көңіл көншітпейтінін атап айтқан еді. Аймақ басшысы мердігер ұйымдардың жұмыстарды орындау мерзіміне және басқа да коммуналдық қызметтермен келісу рәсімдеріне жеке тоқталып, берілген жұмысты дер кезінде орындамаған мердігермен келісімшартты бұзуды тапсырған.
–Егер мердігер жөндеу жұмыстарын жүргізуге бірнеше учаскені алған болса, бәрін қатар жасауы керек. Ауқымды жоба болса, жөндеуді уақытында аяқтауға бірнеше бригаданы тарту, сондай-ақ күші жетпейтін мекемелермен келісімшартты бұзу керек. Жол жұмысын жауапты қызметтермен үйлестіру үдерісін жеделдету қажет, бәрі қатаң түрде кесте бойынша жүруі тиіс. Биыл Атырау қаласында жол құрылысы бойынша жоспарланған жұмыстар аяқталуы керек, бұған толық жағдай жасалған,- деген еді Серік Шәпкенов.
Біз осынау маңызды мәселеге қатысты жауапты мамандар мен мердігерлерге сауалдар жолдағанбыз. Олардың жауабы кешігіңкіреп жатқандықтан, оны газетіміздің алдағы номерінде жарияламақ ойымыз бар.
Айбөпе САБЫРОВА
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ