
Жол жұмыстары жалғасады
«ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы АҚ Атырау облыстық филиалының директоры Серік Керімқұлов «AMANAT» партиясы облыстық филиалының баспасөз алаңында өткен кездесуде өңірде жүзеге асырылып жатқан жол құрылыс жұмыстары туралы мәлімдеді.

Соның ішінде облыс үшін ғана емес, ел үшін де аса маңызды, қоғамда үлкен қызығушылық тудырған екі жобаға ерекше назар аударылды. Оның бірі – республикалық маңызы бар Атырау – Астрахан автомагистралі болса, екіншісі – жергілікті маңызы бар Доссор – Құлсары автокөлік жолы.

— Жалпы ұзындығы 272 шақырымды құрайтын Атырау – Астрахан трассасының Ресей Федерациясынан басталып, Құрманғазы ауылына дейінгі 60 шақырымы және Құрманғазыдан Зинеден ата кесенесіне дейінгі 80 шақырымы толықтай пайдалануға берілді. Қалған 132 шақырымында (үш лотқа бөлінген) жоспарланған жұмыстар 99,9%-ға орындалды. Мұнда төселген екі қабат асфальт жабындысы көліктердің қалыпты қозғалысын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді, – деді кәсіпорын басшысы.
Оның айтуынша, биыл ел мен елді байланыстыратын бұл трасса толықтай пайдалануға беріледі. Нақтылай айтқанда, осы жобаға енгізілген Исатай ауданының орталығы – Аққыстау ауылындағы 800 метр жаяу жүргінші жолының құрылысы аяқталады. Сондай-ақ күре жол бойында үш демалыс алаңы мен басқа да табиғи қажеттіліктерге арналған бірнеше орын салу қарастырылған.
Мұндай республикалық трассаларда әрбір 50 шақырым сайын әжетхана орнату тәжірибеде бар екен. Одан бөлек, Исатай ауданы аумағындағы Байшақа өзегінің үстінен өтетін көпір құрылысы да аяқталуы тиіс.
Ал Доссор – Құлсары трассасында 66 шақырым жол жабындысын орташа жөндеуден өткізу қажет. Бұл жобаны жүзеге асырушы мердігер мекеме – «Бірлік Жол Құрылыс» ЖШС.
Жоспар бойынша, 2024 жылдың мамыр айында басталып, 2025 жылдың қазан айында аяқталуы тиіс жұмыс былтыр уақытылы басталғанымен, белгілі бір себептерге байланысты (оның ішінде көктемгі су тасқыны мен қолайсыз ауа райы жағдайлары бар) тоқтатылған.
Енді күн жылыған соң бұл учаскедегі жұмыстар да қайта жалғасады. Бұл жолдың Маңғыстау облысымен жалғасатын бөлігіндегі (101 – 220 шақырым аралығы) жөндеу жұмыстарын «Sine Midas Stroy» БК ЖШС жүргізеді.
Дәулетқали АРУЕВ
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ