Жол жағдайы жолаушыны қинайды
Атырау өңірінде жол құрылысы саласындағы ең күрделі мәселе – 277 шақырымдық Атырау-Астрахан тасжолы еді, биыл ол да толық пайдалануға берілмек. Бұл туралы республика Көлік министрі Марат Қарабаев облысқа келіп тұрғындармен кездескенде жария етті. Ведомство басшысы өткен кездесудің қорытындысы бойынша істелген жұмыстың нәтижесіне тоқталды.
Айталық, кәсіпкердің жұмысына кедергі келтіргені расталған көлік инспекциясының маманы тиісті жауапкершілікке тартылған. Мүгедектігі бар жандардың көмекшілері үшін пойыз билетін алу кезінде жеңілдік қарастыру бойынша министрлік тарапынан бұйрыққа өзгеріс енгізіліп, республикалық бюджеттік комиссияның қорытындысы шығыпты. Енді билет құнының тең жартысын төлейтін мүгедектігі бар жандардың көмекшілеріне де дәл сондай жеңілдік берілмек.
Министрдің айтуынша, жеңілдік шамамен бір айдың ішінде жүзеге асады. Аққыстау ауылының айналма жолының құрылысы тиісті келісім-шартқа сай жұмыс аяқталған соң келесі жылы жүзеге асады екен.
Тұрғындардың өтініші бойынша Исатай ауданына қарасты Аққыстау, Тұщықұдық ауылдарының ішінен өтетін жол салу мердігер компанияның жоспарына енген, бұл жұмыстар биыл толықтай аяқталады.
– Президент Әкімшілігі бекіткен кестеге сәйкес әрбір министр өңірлерге барып, халықпен кездесуі қажет. Кейбір мәселе бірден шешілмеуі мүмкін. Осыған орай Президент Әкімшілігі мен Премьер-Министрдің қойып отырған талабы – халықпен ашық сөйлесіп, олардың мұң-мұқтажына құлақ түру, бұқарамен бірлесе жұмыс істеу, — деді Марат Кәрімжанұлы.
Жиында салаға қатысты өзекті проблемалар сөз болды. Өйткені, Атырау тұрғындары көтерген мәселе бұл жолы да аз емес. Мысалы, Атырау мен Орал арасын жалғайтын күре жолдың жағдайын алайық. Жолды қалыпты күйінде сақтау – ортақ мүдде екенін алға тартқан тұрғындар ауыр салмақты жүк көліктеріне тыйым болмай тұрғанына шағым айтты. Олар салынған сапалы жолдың тез тозып кетуіне негізгі себепкер, сондықтан жүк көліктеріне шектеуді күшейтуді ұсынды.
«Ақиқат» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғазиз Ғабдуллин Президент тапсырмаларының жергілікті жерде орындалуы көңіл көншітпейтінін, істелген жұмыстарды қадағалау ісінің кенжелеп тұрғанын көтерді.
– Бірнеше миллиард теңгеге тасжол салынады. Бірақ оны тиісті деңгейде күтіп ұстамайды. Shacman және 20 тонналық КамАЗ көліктері күндіз-түні жолды бүлдіріп жатыр. Соның салдарынан үш-төрт жылдан кейін қайта жөндеуге қазынадан қаражат бөлінеді. Ал, оны қадағалаушы мекемелердің жұмысы қанағаттандырмайды. Көлік инспекциясы мекемесіне қарасты бір ғана көлік бар, ол барлық ауданды қадағалауға аздық етеді, — деді Ғ.Ғабдуллин.
Сондай-ақ, №29/30 «Атырау-Алматы-2» бағытындағы пойыздың қатынасына да шағым көп. Министр осы салаға жауапты мамандарға тиісті тапсырмасын бере отырып, орындалуын өзі қадағалайтынын ескертті.
Министр М.Қарабаев еліміздің барлық аймағына алдағы жылдан бастап шамамен 220 дана көліктің салмағын өлшейтін таразылар мен камералар орнатылатынын атап өтті.
– Осы арқылы мәселе түбегейлі шешіледі деп ойлаймын. Жүк тасымалдаушылар ғана емес, құрылысшылар мен карьер иесіне де айыппұл салу туралы мәселе пысықталып жатыр. Болашақта көлік инспекциясына көлік алып береміз. Қазір облыстағы төрт-ақ көлік инспекторы облыс аумағын толық қамтуға аздық ететіні рас. Қоғам белсенділерін де жолды бірлесіп қорғауға шақырамын, — деді Марат Кәрімжанұлы.
Тұрғындар жолаушылар тасымалы бойынша мүгедектігі бар жандарға жеңілдік көлемін арттырып, қосымша теміржол вагондарының санын көбейту, ал III топтағы мүгедектерге теміржол және ұшақ билеттеріне жеңілдік қарастыру бойынша шағым-өтініштерін айтты. Министр теміржол көлігінде жолаушылар тасымалы ережесіне сәйкес III топтағы мүгедектігі бар жандарға тиесілі жеңілдіктер, әуе билеттері авиакомпаниялардың ішкі талап-ережесіне сәйкес қарастырылатыны туралы түсіндірді.
Кездесуде жол құрылысындағы олқылықтар, талапқа сай жұмыстардың жасалмауы, тоз-тозы шыққан теміржолдың жағдайы да айтылды.
Алмас ҚАБДОЛОВ