Жол құрылысында кемшілік неге көп?
Биыл Атырау қаласының Жастар көшесінен бастап, Еркінқала ауылына дейінгі аралықтағы жалпы ұзындығы 11,7 шақырымды құрайтын автокөлік жолы реконструкциядан өткізілуде.
Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 16 млрд теңге бөлінген. Қайта құрылымдаудан бөлек, жобада инженерлік инфрақұрылымдар (54 шақырым ұзындықтағы электр желісін жаңадан жүргізу, 322 баған мен бағдаршамдар орнату, газ бен су құбырын, байланыс, сыртқы жарықтандыру желілері мен жылу жүйелерін тарту) құрылысы жоспарланған.
Айта кету керек, жолдың реконструкциясымен «Атырауинжстрой-АИС» ЖШС айналысуда. Бас мердігер компания саналатын серіктестік бұл жобаны екі жыл жарым мерзімде мәресіне жеткізуге міндеттеніпті. Көктемгі су тасқынына байланысты құрылыс-монтаж жұмыстары белгіленген уақытынан екі айға кешіктіріліп басталғанына қарамастан, қазіргі қарқыны жоғары көрінеді.
Өкінішке қарай, тиісті мемлекеттік құрылымдар тарапынан жаңадан төселіп жатқан жолдың сапасына жүргізілген тексерулердің қорытындысы мұнда бірқатар кемшіліктердің орын алғанын анықтаған. Нақтыласақ, ұлттық жол активтері сапа орталығы облыстық филиалы мамандарының мәліметінше, Жастар көшесіндегі асфальт бетонның жоғарғы қабатының қалыңдығы сақталмаған. Яғни, тиісті нормативтік-техникалық талаптарға сай келмейтінін көз жеткізілген. Осыған ұқсас олқылықтардың орташа деңгейдегі жөндеумен қамтылған Гагарин және Берғалиев көшелеріне төселген тас жолдың құрамынан да табылыпты.
Қадағалаушы мемлекеттік құрылымдар тарапынан мердігер мекемеге кемшіліктерді қалпына келтіріп, жауапкершілікті күшейту туралы жазбаша нұсқау берілген.
Дәулетқали АРУЕВ