Жол қозғалысы қалпына келтіріледі
«Доссор–Құлсары» тасжолының 101-шақырымында Жем өзенінің тасуы салдарынан жол қозғалысы 4 сәуірде тоқтаған еді. Тасқын асфальтты шайып, 40 сантиметрге дейін көтерілген. Соның салдарынан Доссор кенті маңында 470 жүк көлігі тұрып қалды. Оның 370-і – шетелдік автокөлік.
Судың ағысы бәсеңсіген соң жауапты мекеме жұмысшылары трассаның осы бөлігін қалпына келтіруге кірісті. Оннан астам техника жұмылдырылған жолдың осы учаскесіне су өткізетін 11 құбыр салынады. Оның бетінен инертті материалдар төселіп, көліктердің уақытша жүріп-тұруына рұқсат беріледі. Ал, су құрғағаннан кейін күрделі жөндеу басталмақ.
«Атырау және Батыс Қазақстан облыстарындағы су тасқыны салдарынан бүлінген жол учаскелерін қалпына келтіру үшін «Қазавтожол» ұлттық компаниясы 400 жуық арнаулы техника бөлді. Мердігер компаниялар қазір қайта жаңарту жұмыстарын бастап кетті. «Қазақстан теміржолы» компаниясы бөлген жүк вагондары арқылы инертті материалдар Құлсары қаласына тасылуда. 15 сәуірде «Доссор–Құлсары» автокөлік жолы толық қалпына келеді», — деді «Қазавтожол» Ұлттық компаниясы АҚ Батыс аймағы бойынша кураторы Марат Махамбетов.
Қуандық ШӘКІРОВ