Жарнама
Инфрақұрылым

Жол: Маман тапшы. Материал жетіспейді

Аймақта көліктік-тасымалдау әлеуетін дамытуға, жаңа технологиялық шешімдер енгізу, көлік инфрақұрылымын жаңғыртуға баса назар аударылып отыр. Атырау, Орал қалаларында өндірілетін жол құрылысына арналған отандық технологиялар мен материалдардың таныстырылымына арналған семинарда да осы тақырып кеңінен талқыланды.

Салада кадр тапшы

«Қазақстан жол ғылыми зерттеу институты» АҚ-ы бастамашы болған жиында отандық өндірушілердің өңір ерекшеліктеріне сәйкес жол жамылғысының сапасын жақсартуға бағытталған жетістіктері мен инновацияларына ерекше назар аударылды.

Батыс өңірі үшін жол құрылысының жаңа технологиялары мен кадрлық қамтамасыз етудің инновациялық тәсілдерін талқылауға арналған жиынға төрт облыстың мамандары мен жолшы мамандығына қызығушылық танытқан 500-ден астам оқушы қатысты.

– Атырау–Астрахан, Ақтөбе–Қандыағаш, Казталовка–Жәнібек–РФ шекарасы учаскелерінде қайта жаңғырту жұмыстары аяқтала келді. Президент биылғы Жолдауында бүкіл ел бойынша кемінде 10 мың шақырым тас жолды орташа жөндеумен қамтуды тапсырды. Бұл ауқымды жұмыстың бір бөлігі батыс өңірі бойынша да іске асырылады.

Батыс өңірі климаттық және географиялық тұрғыда өте ерекше екені белгілі. Топырағының құрамы әртүрлі, климаты қатал, құрылысқа қажетті материалдар тапшы. Мұның бәрі құрылысқа ғылыми тұрғыдан қарауды қажет етеді. Сондықтан мұндай семинарды өткізу қажетті шара болып тұр. «ҚазжолҒЗИ» қазір өңірлермен, оның ішінде елдің батыс бөлігімен жан-жақты жұмыс жүргізуде. Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарынан материалдар іріктеліп алынды. Жақын арада Маңғыстау және Атырау жерлерінен топырақ іріктеледі. Бұл жұмыстардың нәтижесінде тұрақтандырғыштар мен түрлендіргіштерді қолдану бойынша ұсыныстар жасалады, — деді семинарда сөз алған Көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев.

Вице-министр жол құрылысы саласында кадр жетіспейтіндігін жасырмады. Сондықтан шетелдік мамандардың білімі мен біліктілігіне жүгінетін жағдайлар жиі кездеседі екен. Оның сөзінше, аймақтағы тас жол құрылыстарының кешеуілдеуінің бір себебі осында жатыр. Сонымен қатар, инертті материалдардың тапшылығы, топырақтың тұрақсыздығы, аймақтағы мамандандырылған оқу орындарының болмауы да іске кедергі көрінеді.

Жиында облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев облыстық маңызы бар және ауылішілік жолдардың құрылысы қолға алынатындығын айтты.

– Азғыр өңіріндегі «7 жолайрығы – Асан – Балқұдық – Сүйіндік» тас жолы аудан орталығынан 280 км-ден астам қашықтықта орналасқан. Оның бір жерінде құм жатса, екіншісі сор және сазды. Осы өңірде 8 мыңнан астам халық тұрады. Мемлекет басшысы шекаралас аймақтарды дамыту еліміз үшін стратегиялық маңызы бар мәселе екендігін айтқан болатын. Облысқа инертті материалдардың барлығы тасымалданып жеткізілетіндіктен, мұның бәрі бюджетке салмақ түсіреді. Жол салынған соң қызмет көрсету орындары ашылып, кәсіпкерліктің де дамуына ықпал ететіні сөзсіз. Осындай шешімін күтіп отырған ауылдар көп. Семинар барысында мамандар бірлесіп, осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру туралы тиімді ой-пікірлерін ұсынады деп ойлаймын, — деді Қайрат Талапұлы.

Технологиялар тиімді ме?

Семинар барысында «ҚазжолҒЗИ» АҚ ғалымдары әзірлеген жаңа материалдарды, соның ішінде құм мен құмды-шағыл тастың қоспасына арналған катализаторлар таныстырылды. Аталған материалдар жол жамылғысының беріктігі мен ұзақ мерзімділігін едәуір арттырады деген үміт бар. Бұл температурасы +45-тен -45 градусқа дейін өзгеретін экстремалды климатты батыс аймақтары үшін өте маңызды.

Жиында жол құрылысы мамандығын насихаттауға да ерекше көңіл бөлінді. Сондай-ақ, басқосуда заманауи жолдар, олардың құрылысындағы мәселелер мен шешу жолдары талқыланды. Қазақстанның жол саласының келбетін өзгертетін жаңа технологиялар мен материалдар туралы институттың өкілдері пікірлерін ортаға салды.

Полиэфирлі геосинтетикалық материал өндіретін «Интаго Қазақстан» ЖШС мен химия өнеркәсібімен айналысатын «Қазреагент» ЖШС кәсіпорындарының өкілдері де өздерінің тың технологияларымен бөлісіп, отандық өнімдердің артықшылығы туралы айтты.

Семинар аясында Көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев жоғары сынып оқушыларымен кездесіп, заманауи жол құрылысы тек физикалық еңбекті ғана емес, сонымен қатар IT-технологияларды қолдану, жобалау, диагностика, көпірлерді тексеру және ғылыми зерттеулер сынды көптеген аспектілерді қамтитынын айтты. Сондай-ақ, елдің көліктік-транзиттік әлеуеті қарқынды дамып жатқанын және көлік инфрақұрылымын ауқымды жаңғыртуға ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті.

Вице-министрдің айтуынша, биылдан бастап 2030 жылға дейінгі аралықта кезең-кезеңімен жалпы ұзындығы 4,7 мың шақырымды құрайтын жаңа жол құрылысы жобаларын іске асыру жоспарлануда. Инфрақұрылымдық жұмыстардың кеңеюіне байланысты, автомобиль жолдары саласында білікті мамандарға деген сұраныс жыл сайын артып келеді.

Сол себепті осы жылы «Көлік құрылысы» білім беру бағдарламасы ашылып, оған 770 грант бөлінген. Бұл оқушылар үшін осы мамандыққа грант негізінде түсіп, өз ісінің кәсіби маманы атанып, елдің дамуына елеулі үлес қосуға тамаша мүмкіндік болмақ. Өйткені, жол саласындағы кадр тапшылығына байланысты салада 1,5 мың маман жетіспейтін көрінеді.

Семинарда Көлік министрлігі мен С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Келісім елдің батыс аймақтары үшін өзекті болып табылатын автожол саласында білікті мамандардың тапшылығын шешуге бағытталған.

Меморандумның мақсаты қандай?

Меморандумның негізгі мақсаты – мамандардың кәсіби даярлау деңгейін арттыруды көздейді. Тараптар университет оқытушыларының теориялық білімін және Көлік министрлігі қызметкерлерінің тәжірибесін біріктіре отырып, авто жол саласының заманауи талаптарға сәйкес тиімді жұмыс істеуге қабілетті жоғары сапалы кадрларды даярлауды қамтамасыз етуді жоспарлауда.

– Келісім аясында ғылыми зерттеулер жүргізу, көлік құрылысы бойынша білім беру бағдарламаларын әзірлеу және іске қосу, сонымен қатар студенттерді, магистранттарды және докторанттарды ғылыми-зерттеу қызметіне және практикалық оқуға белсенді тарту көзделген. Студенттер мен магистранттарға арналған кәсіби тәжірибелер мен қос тарапты оқытуды ұйымдастыруға ерекше назар аударылатын болады. Бұл теориялық оқытуды салада жұмыс істеу үшін қажетті практикалық дағдылармен үйлестіруге мүмкіндік береді, — деді С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті ректорының міндетін атқарушы Нұркен Ахметов.

Жол саласындағы мамандардың басын қосқан іс-шарада еліміздің батыс өңірі бойынша саладағы үздік өкілдерді вице-министр Сәтжан Аблалиев пен «ҚазжолҒЗИ» АҚ президенті Арман Әлібаева Көлік министрлігінің Құрмет грамотасы және Алғыс хаттарымен марапаттады.

Аймақты дамытуға арналған кешенді жоспарда Атырау қаласында көлемді вибросығымдаудың инновациялық әдісімен бетоннан қабырға және жол бұйымдарын шығаратын зауыт салу да жоспарға енген. Осы секілді өнеркәсіптер іске асатын болса облыстағы жол саласындағы күрмеулі мәселелер азаяды деген сенім бар.

Алмас ҚАБДОЛОВ

Суреттерді түсірген автор

Коллажды жасаған Айнагүл ЖОЛДЫБАЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button