Жол бойында қауіп бар
Қыстағы ауа райының мың құбылып, сан түрленіп тұратыны – табиғаттың заңдылығы. Осындай сындарлы сәтте жауапты құрылымдар ұжымдары да жұдырықтай жұмылып, қала көшелерін қардан тазарту жұмыстарына кіріседі.
«Арнаулы көлік базасы» ЖШС директоры Алмас Ізтелеуовтың айтуынша, бұл бағыттағы іс-шаралар қаланың орталық көшелерінен басталған. Бұған жалпы саны 30-ға тарта көлік пен техника жұмылдырылыпты. Жұмысқа тартылған 120 адам алдымен автомобиль көпірлері мен айналма жолдардағы қарды күреп, көліктер қозғалысында кідіріс болмауына күш салды.
– Алғашқы күннің өзінде шаһардың басты даңғылдары мен орталық көшелеріне (негізінен қауіптілігі жоғары мұздақ,тайғақ учаскелерге) 40 тонна құм аралас тұз (реагент) себіліп, 120 текше метр көлеміндегі қар қала сыртына тасымалданып шығарылды. Қар шамадан тыс көп жауған кезде өзіміздің күш-мүмкіндігіміз жетпей, қиындық келтіріп жатса, қала әкімдігімен арада жасалған меморандумға сай ірі кәсіпорындардан қосымша қуатты техникалар көмекке келеді, — деді серіктестік басшысы.
Облыс аумағындағы жергілікті және республикалық маңызы бар жолдардың бойындағы қарды тазалауға да айрықша назар аударылып отыр. Мұндағы жұмыстарды «ҚазАвтожол» РМК-ның Атырау облысы бойынша филиалы атқаруда. Әсіресе, «Ақтөбе–Атырау–Астрахан (Ресей бағыты)» магистралды автокөлік жолындағы жағдайға ерекше көңіл бөлінуде.
Республикалық мемлекеттік кәсіпорынның баспасөз қызметінің мәліметінше, үлкен трассалардың бойында орналасқан жол пайдалану учаскелерінде іші жылытылған бөлмелер қарастырылған. Онда көліктері жолда қалған адамдардың аялдап, ас-суларын ішіп, қажетіне қарай түнеуіне қолайлы жағдай жасалған. Осы учаскелердің иелігінде барлығы 45 түрлі техника (автогрейдер, трактор, жүк тиегіш) бар. Бұлардың барлығына «ҚАЖсервис» ЖШС қамту қызметін көрсетеді.
Бүгінге дейін қыс кезеңіне деп дайындалған 873 текше метр тұздың 700 текше метріне жуығы пайдаланылған. Сол сияқты, 2 540 текше метрден астам құмның тең жартысы мұздақ пен тайғақта жолдарға шашылыпты.
«Атырау–Астрахан» мемлекетаралық магистралы бірнеше бөліктен тұрады. Күретамырдың бойында қалыпты да қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз ету үшін керекті инертті материалдар бұл учаскеге жеткілікті көлемде жеткізілген. Осындайда ауа райының қолайлы сәтін қалт жібермеуге ұмтылған жолшылар бүгінге дейін ел мен елді жалғап жатқан жолдағы толассыз да қалыпты қозғалысты қамтамасыз ету үшін «ҚазАвтожол» РМК Атырау облыстық филиалы басшылығы кезекшілік ұйымдастырып, тәулік бойы жолдардың жағдайын жіті бақылауда ұстауда.
Осы орайда, жолдардың қыс мезгіліндегі ахуалы мен күтіміне мүдделі мемлекеттік құрылымдардың бірі – «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК АОФ болып табылады. Кәсіпорын директорының міндетін атқарушы Дәурен Кенжешевтің баяндауынша, жол сапасын бақылауда ұстайтын мамандар биылғы жыл басынан бері 15 рет тексеру жүргізіліп, 19 сынама алған. Ақтөбе–Атырау жолының Сағыз елді мекеніне дейінгі аралығында қатты бұрқасын мен өкпек желдің салдарынан үдете жауған қар ой-шұқырлы, сай жерлерге толып қалған екен. Қазіргі уақытта осы және өзге де орын алған төтенше жағдайлар жөнге келтіріліпті.
Түйіндей айтқанда, қазіргі қарекеттеріне қарап, қалаішілік жолдар мен көшелердің тазалығына жауапты «Арнаулы көлік базасы» ЖШС мен республикалық және жергілікті маңыздылықтағы трассаларды күтіміне алған кәсіпорындардың сын кезеңде жол бойында қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз етудің қамында екеніне көзіміз жетті. «Оған қажетті материалдар қоры да, күш-мүмкіндік те жеткілікті» дейді жолшылар нық сеніммен.