Жол азабынан құтыла алмадық
Былтыр Жайық, Ойыл және Жем өзендеріндегі су тасқыны кезінде облыс аумағындағы автокөлік жолдары мен көпірлерді су басып, біршама қиындық туындатқаны белгілі. Атап айтсақ Қызылқоға, Жылыой, Индер, Махамбет аудандары мен Атырау қаласы аумағында жалпы ұзындығы 27,9 шақырым жол мен 6 көпір бүлінген. Енді оларды қалпына келтіру жұмыстары жыл соңына дейін аяқталуы тиіс. Дейтұрғанмен одан бері жылға жуық уақыт өтсе де жергілікті халық жол бойындағы жұмыстың шабандау жүріп жатқанына көңілі толмайды.
Жұмыс неге сапасыз?
Бұрыннан ойдым-ойдым «Атырау-Орал», «Атырау-Индер», «Атырау-Құлсары» бағыттарындағы тасжолдар су тасқынынан кейін жамап-жасқап жатса да, сапасы көлік жүргізушілерінің титығына тиіп тұр. Махамбет ауданындағы Есбол ауылының байырғы тұрғыны Алпыс Есенғалиевтің айтуынша, Индер бағытындағы жолдың жағдайы нашарлап кеткен. Су шайған жол бөліктеріне жөндеу жасалып жатқанымен, жұмысы көңіл көншітпейді, кедір-бұдыр жерлері көп. Сондықтан қалаға баратын жолаушы Махамбет ауылындағы көпірден асып жүруге мәжбүр. Алайда аса сақтық керек, өйткені жүргізуші машинасының бауырын қалай соққанын да аңғармай қалатын көрінеді.
– Жамалған жерлер стандартқа сәйкес емес, жолды қырып тастаған. Жол белгілері жоқ, ойылып қалған шұңқырлары бар. Қыруар қаражат бөлініп жасалып жатса, соған лайық болуы тиіс қой, ондай жұмысты көрмей отырмыз. Тек топырақпен тегістеп жатыр, оны да жарытып төкпейді. Осы жолдың бойында бірнеше мәрте жол апаты болды. Еңбекшіл, Тегісшіл ауылдарының тұсындағы айналма жолдың кейбір жерінде жол белгілері жоқ. Ортақшыл мен Махамбет ауылдарының тұсындағы көпірдің екі жағына да арнайы жол белгісі қажет, — деді А.Есенғалиев.
Ал Жылыой ауданында мерзімді жұмыс істеп жүрген қала тұрғыны Нұрлан Әміров бастаған жұмысшы жігіттер өздері жиі жүретін болғандықтан көліктерінің жағдайына алаңдаулы. Өйткені қырып тастаған жолдан өткенше көлікті әбден қинауға тура келеді екен. Қаупі де көп. Қазан айында қыза түскен жол бойындағы жұмыс соңғы уақытта саябырсып қалыпты.
Мердігер неге кешікті?
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы Нұржау Маратов су тасқыны салдарынан облыс бойынша барлығы 11 көлік инфрақұрылымы нысаны мен 6 көпір істен шыққанын айтты. Келген шығынның жалпы құны – 8,8 миллиард теңге. Оларды қалпына келтіруге жергілікті бюджеттен 2,8 миллиард, ал Үкімет резервінен 5,9 миллиард теңге бөлінген. Осы ақшаға 27,9 шақырым жолды қалпына келтіріп, 6 көпір, 13 мал өткелі, 49 су өткізгіш құбыр салу жоспарланған. Бірақ былтырға жоспарланған бұл жұмыстар әлі күнге дейін аяқталмаған. Себебін сұрасақ бөлінген қаражаттың есепшотқа кеш түсуінен көрінеді. Мердігер компаниялар межелі уақытта жұмысын бастап кете алмаған соң осындай қиындық туындаған.
– «Атырау-Индер» тасжолын қалпына келтіру үшін «Казахдорстрой» ЖШС-не 759 миллион теңге бөлінген еді. 100 метр көпір салу үшін жобалау-сметалық құжаттары жасақталуда. Мемлекеттік сараптаманың қорытындысы ақпан айында берілсе, келесі жылы құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталуы тиіс. Бұзылған көпірдің тұсына айналма жол салынды, — дейді басқарма өкілі.
Облыстық маңыздағы осы жолдың Махамбет ауданының аумағындағы бөлігін орташа жөндеу үшін тендерден жеңімпаз деп танылған «Атыраужолдары» ЖШС-не 1 миллиард 503 миллион теңге бөлінген. Компания 3 мал өткелі мен 19 су өткізгіш құбыр құрылысын 90 пайызға орындапты. Жұмыс биыл наурызда толық бітуі тиіс. Ал Сарытоғай ауылына кірмежол мен 8 су өткізгіштің құрылысына бөлінген 89 миллион теңгенің жұмысын мердігер «West Buildinq Group» ЖШС толық аяқтаған. Талдыкөл ауылына кірмежолдың негізгі қабаты іске аспауынан жобада көзделмеген көпір өткелінің зертханалық қорытындысы жарамсыз болып шығады, соған байланысты жобаға түзету енгізіліп, құрылыс жұмысы биыл бірінші тоқсанда басталып кетуі тиіс. Оған мердігерлік ететін – «АВС Лимитед» ЖШС.
– Қызылқоға ауданы бойынша Ойыл өзенінің сағасындағы Қарабау ауылына кіреберіс жол, «Индер-Қарабау-Миялы-Сағыз» тасжолындағы 3 көпір мен 4,3 шақырым жол жабындысын қалпына келтіру керек. «АтырауИнжСтрой» ЖШС «Индер-Қарабау-Миялы-Сағыз» жолын қалпына келтіріп, көпір, су өткізгіштер салып жатыр. Құны 1 миллиард 323 миллион теңгеге бағаланған жұмыстың біраз бөлігі жасалған. Қазір Миялы ауылына кіреберіс көпір салынып, уақытша пайдалануға берілді. Ал «АссанаДорСтрой» ЖШС жолды орташа жөндеп, 15 су өткізгіш, 6 мал өткізгіш жұмысын 90 пайыз атқарды, құны 1 миллиард 368 миллион теңгенің бұл жұмысын наурыз айында толық аяқтайды. «Даму Құрылыс» ЖШС 81 миллион теңгенің Қарабау ауылына кіреберіс жолын қалпына келтірді, — деп Н.Маратов жұмыстың кідіруіне қыс түсіп, күн райының салқындауы себеп болғанын түсіндірді. Негізгі жұмыс күн жылынған соң жалғасатын көрінеді.
Жылыой ауданында тасыған Жем өзені бүлдірген ауданішілік жолды қалпына келтіруге 2 миллиард 390 миллион теңге бөлініпті, қазір «Казкомсервис» ЖШС өзіне тиесілі жұмысты 90 пайызға орындады. Құлсары қаласына төсемтас төсеуге бөлінген 321 миллион теңгені мердігер «Өмірзақ» ЖШС толықтай игеріп, діттеген межені толық аяқтаған. Аудан орталығында істен шыққан «Достық» шағынауданындағы автомобиль көпірінің 12 желтоқсанда бастаған жөндеуін «SK Kazalem» ЖШС наурызда толық бітіруге міндеттелген, оның құны 475 миллион теңгеге бағаланыпты. Қажетті материалдар Ресейден алыныпты, 20 техникамен 40 жұмысшы қызу жұмыс үстінде.
Ал Индербор кентіне кіреберістегі 7 шақырымдық жолға 550 миллион теңге бөлініпті. Орташа жөндеуді мойнына алған «Казсервисгруп» ЖШС жұмысты толық бітіре қоймаған. Бұл жерде 1 су өткізгіш, 4 мал өткелі және көлік қатынасы үшін қосымша айналма жол салынған, жұмыс 90 пайызға орындалған. Сондай-ақ «Атырау-Индер» тасжолының 100 шақырымының құрылысы былтыр басталған.
Былтыр елорда төріндегі қорытынды есебінде облыс әкімі Серік Шәпкенов қазір жолдың 25 шақырымы қалпына келтіріліп, асфальт төселгенін, 3 көпірдің жөндеуден өткенін айтқан еді. Оған қоса, Атырау облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында биыл ұзындығы 86 километрлік республикалық маңызы бар «Атырау-Доссор» автомобиль жолын реконструкциялау және І санатқа ауыстыру үшін техникалық-экономикалық негіздемесі жасалды. Ұзындығы 136 километр болатын «Құлсары-Мұқыр» республикалық маңызы бар автокөлік жолын орташа жөндеу жұмыстары басталды. Әйтсе де бұдан басқа да жоспарлы жұмыстар жетіп-артылады.
Тек бұл шаруалардың жүйелі түрде іске асып, тұрғындарды толғандырған мәселелер әуре-сарсаң, дау-дамайсыз орындалуын тілейміз.
Алмас ҚАБДОЛОВ
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ