Жарнама
Инфрақұрылым

Жарық неге жиі өшеді?

Қазақстанда жыл сайын электр энергиясын тұтыну көлемі айтарлықтай өсіп келеді. Ұлттық оператор – «KEGOC» АҚ-ы қоғаммен байланыс қызметінің мәліметінше, өткен жылы республикада электр энергиясын тұтыну көлемі 115,1 млрд. кВт/сағ-ты құрады. Осының өзі алдыңғы жылмен салыстырғанда 1,9%-ға артық көрінеді.

KAZENERGY қауымдастығының дерегінше, Энергетика министрлігі 2035 жылға дейінгі мерзімге арналған электр қуаты өндірісін арттыру схемасын әзірлеген. Осы мақсатта жұмыс істеп тұрған нысандарды жаңғырту, жаңа газ электр станцияларын, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздерін салу жоспарланған. Соның нәтижесінде, 2035 жылға қарай елімізде шамамен 26,5 ГВт электр энергиясы өндіріледі деген есеп бар. Мұның өзі бастауын қуатты өңірден алатын қуатты Қазақстанды қалыптастыруға кепілдік берері даусыз.

Бірінші кезекте – қауіпсіздік

Бұл жердегі ең басты мәселе – энергетикалық қауіпсіздікті сақтау. Оны қамтамасыз ету үшін бірінші кезекте  саланыңәлеуетін арттыруға кепілдік беретін тетіктерді іздестіріп, іске қосу керек. Бұл мақсатқа  Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, қолдағы бар резервтер мен мүмкіндіктерді жұмылдыра отырып, аймақтарда бірыңғай энергетикалық кешен құру арқылы, барлық тараптар бірдей мүдделілік танытқанда ғана жетуге болатынын уақыттың өзі көрсетуде.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Айдулат Кенжебековтың айтуынша, қазіргі таңда облыстағы электр желілерінің жалпы ұзындығы 14 мың шақырымды, тозу деңгейі 40 пайызды құрайды. 

Соның ішінде, бұрын теміржол бөлімшесінің теңгерімінде болған, болат жолдың  бойында орналасқан 13 елді мекенді электр қуатымен қамтып келген ЭЧ-4 мекемесіне қарасты электр желілері ескіруіне және жарамдылық мерзімі өтуіне байланысты жаңасымен ауыстырыла бастады. Оған жергілікті бюджет қаражаты есебінен 15,6 млрд. теңге бөлінген. Бүгінде бұл жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Нақтыласам, қазірге дейін 8 ауылда бұл жұмыс мәресіне жеткізілсе, қалған бесеуінде осы жылдың соңына дейін аяқталады, — деді салалық басқарма басшысы. 

«Нұрсая–Самал» – маңызды учаске

Білгеніміздей, Атырау қаласының Береке мен Зарослый шағынаудандарында жоспарланған жұмыстар былтыр мәресіне жетсе, биыл ол Сарыөзекте аяқталмақшы екен. Бұдан бөлек, қаланың оң жақ жағалау бөлігін тұрақты және сенімді электр қуатымен қамтамасыз ету мақсатында 32 МВт-тық «Нұрсая–Самал» қосалқы стансасының құрылысын салу жоспарланыпты.

Көктемгі су тасқынының салдарынан облыста төтенше жағдай жариялануына байланысты бұл бағытта белгіленген жұмыстарды межеленген мерзімінен кешіктіріп бастауға тура келіп отыр. Жобаның сметалық құны 3,2 млрд. теңгеніқұрайды. Осылайша, бірінші кезекте өзгелеріне қарағанда проблемасы басымдау  Нұрсая шағынауданының мәселесін оңтайлы шешу үшін 66 шақырым электр желісін ауыстыру (полиэтиленмен қапталған) көзделген. Құны 5,8 млрд. теңгегебағаланған бұл жоба шеңберіндегі құрылыс-монтаж жұмыстары осы жылы басталады. Басқа шағынаудандар бойынша жаңартылуға жататын электр желілерінің ұзындығы 110 шақырым болады екен.

Түйінін тарқатар тұстар көп

Атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарға қарамастан, бұл салада түйінін тарқатар түйткілді тұстар аз емес. Ол жөніндегі әңгіменің тиегін  «Атырау-Жарық» АҚ президенті Мейірбек Ғұбашев ағытты.

– Жылдағы жағдай қайталанып, биыл да жаз келіп, ыстық түсісімен жарықтың өшуі (әсіресе қалада) жиірек орын алуда. Атап айтқанда, Нұрсая, Нұрсая-3, Тұлпар-1,2, Жерұйық, Самал-1,2 шағынаудандары мен  Құлманов көшесі, қала іргесіндегі Тасқала, Водников, Балауса, Жұлдыз елді мекендерінің тұрғындарынан осы жағдайға байланысты арыз-шағымдар көптеп түсіп отыр. Алайда, оларға электр қуатын жеткізуші желілердің қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің теңгерімінде болуы себепті жарықтың өшу себебін біліп, мәселенің мән-жайын анықтау оңайға түспеді. Ақырында, осы аумақтарға электр энергиясын тасымалдайтын 6/10кВ кабельдік желілердің зақымдалғаны белгілі болды, — деді кәсіпорын басшысы.

Орын алған жағдайды негізге алып, қала әкімдігі мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөліміне ақаулы кабельді шұғыл ауыстыру қажеттігі туралы хат жолданды. Өйткені, қазіргі кабель желілерінің жағдайы өте нашар күйде, ескіріп, тозығы жеткен. Жарық беруі әлсіз. Осылай жалғаса берсе, апатты жағдайдың орын алуы ықтимал екендігі ескертілді.

Осылайша, қала әкімдігі мен «Атырау-Жарық» акционерлік қоғамы басшылығы арасында келісімшарт жасалды. Соған сәйкес, жалпы ұзындығы 32 шақырымдық желі заманауи үлгідегі айқаспалы полиэтилен кабельдеріне ауыстырылатын болып шешілді. Сонымен қатар, Нұрсая шағынауданындағы  Елорда даңғылында, 7-өткелде, Жеті қазына шағынауданы  мен Құрманғазы,  Қуанышбаев көшелерінде, Сарықамыс шағынауданында ұзындығы 3435 метрді құрайтын бағаналарды орнату, қазып-көму жұмыстары жүргізіліп жатыр.  

Кабельдерді тартуды тамыз айының 1-іне дейін бітіру жоспарланыпты. Барлығы, апатты жағдайдағы 1409 дана тіректі ауыстыру жұмыстары қолға алынған. Бүгінгі таңда Самал шағынауданы мен Ақсай ауылындағы 164 дана тірек ауыстырылыпты. Оған қоса, қаладағы көпқабатты үйлерді қуат көзімен үзіліссіз қамтамасыз ету үшін осыған дейін басталған қосалқы трансформаторлық стансаларды орнату жұмыстары да жүріп жатыр.

Қосалқы станса – қосымша қуат

Елімізде энергия тапшылығын болдырмау мақсатында Энергетика министрлігі энергетикалық кешен құрамындағы компаниялардың көмегімен қолданыстағы стансаларды қайта құру және кеңейту есебінен 5,6 ГВт қуат алуды мақсат етіп қойған. Мұндай жобалардың қатарында Екібастұздағы бірінші ГРЭС-тегі (500 МВт) №1 блокты қалпына келтіру, Қарағандыдағы үшінші жылу-электр орталығына  (120 МВт) қазандық қондырғысын салу және турбинаны ауыстыру кіреді.

Атырау облысы аумағында орналасқан «Karabatan Utility Solution» стансасын 620 МВт-қа дейін кеңейту де осында қарастырылған. Сөйтіп, барлығы 17 жобаны жүзеге асыру ойластырылған. Қуаты 6,7 ГВт-тық жаңа генерацияның құрылысын жүргізу  жоспарға енгізілген. Сондай-ақ, аукцион өткізу жолымен Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Тараз, Қызылорда, Түркістан, Шымкент қалаларында қуаты 3 ГВт-тан асатын жанармай құю стансаларын салу жоспарланғанын білдік. Тағы бір жағымды жаңалық, 2029 жылдың соңында Ұлытау облысының орталығы – Жезқазған қаласында қуаттылығы 500 МВт болатын жаңа жылу электр орталығы пайдалануға беріледі.

«Артық ақша төлемейміз»

Министрліктің мәліметтеріне сүйенсек, республикамыздағы мұнай-газ өндірілетін кен орындарын энергиямен жабдықтаудың сенімділігін қамтамасыз ету үшін «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы өз қаражаты есебінен ENI компаниясымен бірлесіп 2025 жылдың басында 1200 МВт-тық қуатты іске қосуды жоспарлаған. Мұндай ірі жобаны «Самұрық-Энерго» компаниясы жүзеге асырады.

Сарапшылардың сөзінен түйгеніміз, қуат тапшылығы негізінен халық көп тұтынатын уақыттарда орын алады. Әсіресе, кешкілік, жүктеме ең жоғары болған мезгілде жетпей қалып жатады.

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің пікірінше, қандай қиын жағдай, тапшылық болса да,  тығырықтан шығатын жол табылады. Сондықтан Қазақстан  энергия үшін Ресейге артық ақша төлеуге мүдделі емес. Осы тұрғыдан келгенде, жоғарыда аталған  жобаларды іске асыру энергия жүйесіндегі тапшылықты жоюға және оны қажетті қуат қорымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жоспарланып отырған генерациялау объектілері электр қуаттарындағы тепе-теңдікті және электр желілеріне біркелкі жүктемені қамтамасыз ету мақсатында энергия жүйесі бойынша таратылады.

Дәулетқали АРУЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button