Жарнама
Инфрақұрылым

Жаңғырту – уақыт талабы

Бүгінде еліміздің отын-энергетика кешенін жаңғырту – мұнай, газ, электр энергиясымен шектелмейді. Бұл деген – біздің күнделікті өміріміз, тіршілігіміз, үйіміздегі, мектептер мен балабақшалардағы, ауруханалар мен емханалардағы, мәдениет ошақтары мен спорт кешендеріндегі, басқа да әлеуметтік нысандардағы жылу мен жарық, “көгілдір отын” мен ауызсу және өзге де тұрмыстық қажеттіліктерімізге тікелей байланысты жағдайлар.

Сондықтан да отын-энергетика кешенін жаңғырту – есеп беру үшін емес, адамдардың алаңсыз өмір сүруі мен қалыпты тіршілігі үшін жасалуға, оның жоғары сапада болуын қамтамасыз етуге тиісті шаруа, маңызды мәселе ретінде бағалануы тиіс фактор.

Осы тұрғыдан алғанда, не істелді, не істелмеді, қандай қарекет жасалды? Бұл сауалдарға қатысты жауапты қоғам белсенділері мен тәуелсіз сарапшылардың пікірі мен пайымына сүйене отырып іздестіріп көрдік. Солардың бірі – Қазақстан Халық партиясы облыстық филиалының төрағасы Балжан Досмұхамбетова. Оның айтуынша, мұнай-газ саласында зауыттар жаңғыртудан өткізілді. Мұның өзі, ең алдымен, елімізде өндірілетін отынның сапасын көтеріп, көлемін көбейтуге мүмкіндік берді.

Сол сияқты, газдандыру секторында жоспарланып, жүзеге асырылған жұмыстардың нәтижесінде қазақстандықтардың басым бөлігі, көптеген отбасылар көмір жағу азабынан құтылып, құбыр бойымен келетін “көгілдір отынның” игілігін көріп отыр. Мұнай-газ өндірісі мен өңдеу өнеркәсібінде заманауи техникалар мен цифрлық технологиялар кеңінен қолданыла бастады. Соның арқасында компаниялар жұмысының тиімділігі мен ашықтығына қол жеткізіліп, мүмкіндіктері артты, табысы молайды.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Ескіріп, тозығы жеткен жүйелер мен желілер жаңартылып, тұрғын үйлер терможаңғыртудан өткізілуде. Бұл бағыттағы іс-шаралар бағдарлама шеңберінде жалғасын табуда. Жылу мен су жүйелерінде, қалаберді электр желілерінде апатты жағдайлар азайды. Тұрғындар болса, бұрынғы мен бүгінгінің арасындағы айырмашылықты айқын сезінуде. Үйлер мен пәтерлерге электр қуатынан бөлек, жетілдірілген үлгідегі су мен жылу есептегіш құрылғылар орнатылып, кеңінен қолданысқа енгізілуде. Бір сөзбен түйіндегенде, бұның бәрін жүйелі түрде жүргізілген жаңғырту жұмыстарының жемісі ретінде бағалаған дұрыс, – деп түйіндеді сөзін Балжан Ибатқызы.

Әрине, мұнымен барлық мәселе шешілді, түйін тарқатылды деген қорытындыға келуге ертерек. Адамдар әлі де болса күнделікті судың, электр қуаты мен жылудың берілуінде қиындықтар мен кедергілерге тап болуда. Өйткені осыдан ондаған жыл бұрын тартылған инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым желілерінің тозығы жетіп, істен шығуда. Олардың бәрін бір мезгілде жаппай алмастырып, жөнге келтірудің мүмкіндігі бола бермейді. Әңгімеміздің басында айтылған мұнай-газ секторындағы инфрақұрылымдардың жағдайы жақсарғанымен, бұрынғысынша шикізат экспортына тәуелділіктен арыла алмай отырмыз. Осылайша, балама амалдың жоқтығынан мемлекетіміздің байлығы ел игілігіне жаратылудан гөрі көбірек сыртқа шығарылуда.

Қалыптасқан ахуалды сауықтырып, жағдайды түбегейлі жақсарту үшін жылу трассаларынан бастап, сумен жабдықтау жүйелеріне дейінгі барлық коммуналдық жүйелерді толығымен жаңғырту қажет. Осы мақсатта көп шығынды талап етпейтін, әрбір тұтынушының қаражаттың қалай, қайда жұмсалатынын, не үшін қанша ақы төлейтінін қадағалап, бақылап отыруына кепілдік беретіндей тиімділігі жоғары “ақылды” технологияларды қолданысқа кеңінен енгізудің маңызы зор.

Сарапшының сөзінше, мұнай мен газды еліміздің ішінде өңдеу көкжиегін кеңейте отырып, жаңа жұмыс орындарын ашу, коммуналдық қызмет бағаларын төмендету арқылы қызмет сапасын арттыру – өзекті мәселе болып отыр.

Дәулетқали АРУЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button