Жарнама
Инфрақұрылым

Жаңа құрылым  жарылқай ма, әлде?..

Ұзақ жылдар бойы көпқабатты үйлердің тұрғындары өздерінің тұрғын үй қорын пәтер иелері кооперативтері (ПИК) немесе пәтер иелерінің тұтыну кооперативтері (ПИТК) арқылы басқарып келді. Алайда, қызметінің тиімсіздігінен бұл құрылымдар (бәрі бірдей болмағанымен) халықтың сынына ұшырады. Жұмысының ашықтығы мен жариялылығынан гөрі, бұлыңғырлау жағы басым болғаны да шын. Нақтырақ айтқанда, тұрғындар төлеп отырған ақшаларының қандай мақсатқа, қайда, қалай жұмсалып жатқандығынан бейхабар еді. Сөйтіп, олардың кооперативтердің атқарған қызметіне деген үмітінен гөрі күдігі басым түсіп, сенімсіздік пайда бола бастады.

Жарық пен жылу, газ бен қатты тұрмыстық қалдықтарды шығарғаны үшін төлейтіні өз алдына, кооперативтегілер «пайдалану шығындары» деген желеумен халықтан ақшаны сыпырып алатынды шығарды. Мемлекеттік терможаңғырту бағдарламасы бойынша күрделі жөндеуден өткізілген көппәтерлі үйлердің бәрінде бірдей жоспарланған жұмыстар сапалы әрі уақытылы жүргізілмеді. Соған қарамастан,  тұрғындар мердігер кәсіпорын, пәтер иелері кооперативтерімен арада жасалған үшжақты келісім-шартқа сәйкес, ай сайын қыруар ақшаны төлеп тұруға міндеттелді. Осыдан келіп, тұрғын үй қорын, тұтастай кондоминиум нысандарын басқарудың жаңа жүйесіне, жаңаша формасына көшіру қажеттілігі туындады.

Үш жылда – 12%

Осыдан үш жыл бұрын елімізде тұрғын үй саясатын реформалау кезеңі басталған болатын. Шама-шарқынша  халыққа қызмет көрсетіп келген пәтер иелері кооперативтері мен пәтер иелерінің тұтыну кооперативтері таратылып, оларды мүлік иелері бірлестіктерімен (МИБ) және жай серіктестіктермен (ЖС) алмастыру туралы шешім шықты. Арнайы заң қабылданып, оны жүзеге асырудың мерзімі белгіленді. Бұл 2019 жылдың желтоқсан айы болатын.

2020 жылдың қаңтар айынан бастап, осы реформаның құқықтық негізі болып табылатын арнайы заң күшіне енді. Заң талабына сай, бастапқыда ұйымдастыру шараларын жүргізуге бір жыл мерзім (2021 жылдың 7 қаңтарына дейін) берілген-ді. Ал, 2022 жылдың 1 шілдесіне ПИК-тер өз жұмысын толықтай тоқтатып, көппәтерлі үйлердің тұрғындары кондоминиум нысандарын басқарудың жаңа формасына – МИБ-ке немесе ЖС-ке көшуі тиісті еді.

Алайда, қалыптасқан жағдайға байланысты оның да белгіленген мерзімі кейінге жылжытылып, 2023 жылдың 1 шілдесіне дейін ұзартылғаны белгілі. Мұнда көзделген басты мақсат – тұрғындардың өздері тұратын пәтерлеріне иелік ету, басқару жауапкершілігін арттыру. Осылайша, олардың өмір сүру деңгейі мен сапасын жақсарту болатын. Дегенмен, бұл реформаға әу бастан дәйекті дайындалмағандықтан  ескі жүйеден жаңаға ауысуда көптеген қиындықтар туындап, кедергілер кездесті. Соның ішінде, бүгінгінің бұрынғыдан түбегейлі айырмашылығы мен артықшылығын егжей-тегжейлі түсіндіріп, маңыздылығы мен қажеттілігін адамдардың санасына сіңіру оңайға түспеді.

Бір қарағанда, мүлік иелері бірлестігіне немесе жай серіктестікке тән «бір үй – бір басқару органы – екі банкілік шот» (ағымдағы және жинақтық) қағидатына негізделген бұл жүйе соншалықты қарапайым және оны құру мейлінше жеңіл сияқты болып көрінгенімен, шын мәнінде олай еместігіне көз жеткізілді. Тіпті, бұл өзгерістердің тұрғындардың тарапынан қабылдану көрсеткіші де түрліше қалыптасты.

Осы саланың білікті де тәжірибелі маманы, тәуелсіз сарапшы Амангелді Үмбетәлиевтің пайымдауынша, реформаны іске асыру барысында қандай да бір асығыстыққа, ағаттыққа жол беруге болмайды. Олай еткен жағдайда өрескел қателіктерге, «шикі шешімдердің» алынуына жол берілуі ықтимал. Өкінішке қарай, бұл жолы да осындай олқылықтар орын алғаны ақиқат. Соның салдарынан ПИК-тен МИБ пен ЖС-ке көшу мерзімін тағы да ұзартуға, тіпті оны белгісіз бір уақытқа кейінге қалдыруға мәжбүр болғанымыз жасырын емес.

Ащы да болса шындығы сол, осыған дейінгі үш жылдың ішінде бұл шаруа «қағаз жүзінде қатқанымен», нақтысында реформаның жүзеге асырылу көрсеткіші 12 пайызбен ғана шектеліпті. Яғни, пәтер иелері кооперативтерінен мүлік иелері бірлестіктері мен жай серіктестіктердің құрылуы жаңа басқару нысанына көшірілуі жоспарланған тұрғын үй қорының осынша ғана бөлігін қамтыған. Ашығын айтқанда, бүгінде үйлердің 90 пайызға жуығына  бұрынғысынша пәтер иелері кооперативтері қызмет көрсетуде. Бұған халықтың ұсынылып отырған реформаның оң нәтижесін беретініне күмәнмен қарап, сенімсіздік білдіруі себеп болғанға ұқсайды.

Дайындықсыз шаруа дәйексіз болады

Қазіргі таңда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында жан-жақты саралап, терең де сауатты талдау жасауды қажет ететін тұстар көп. Ол үшін «Ұлттық тұтынушылар лигасы» республикалық қоғамдық бірлестігі сарапшыларының мәліметтеріне жүгінсек, ұсынылып отырған мүлік иелері бірлестігі негізінен көппәтерлі тұрғын үй кешендеріне ғана үйлеседі. Ал, пәтерлерінің саны 80-ге жетпейтін үйлер үшін мұндай құрылымға көшу тиімсіз. Өйткені, «қысқа жіптің күрмеуге келмейтіні» тәрізді, мұндай үйлердің тұрғындарынан жиналатын қаржы төрағаның жалақысы мен есепшінің еңбекақысына, жөндеу жұмыстарын жүргізу мен техникалық жабдықтарды күтіп ұстауға жетпейді.

ksk 2

Жасыратыны жоқ, МИБ-ке немесе ЖС-ке көшу үрдісі басталысымен-ақ, бұрынғы ПИК басшылары өздері, болмаса «сенімді адамдары» арқылы кондоминиум нысандарын басқарудың жаңа формасына ауысуға қарсылықтарын, тіпті наразылықтарын білдіріп бақты, кедергі келтіруге де тырысты. Сонысымен қоймай олар жаңадан құрылған МИБ-тердің төрағаларына кілт пен құжатты беруден бас тартып, «жұдырықтарын ала жүгірген» сәттері де кездескен. Бұдан бетер, олар жекелеген тұрғындарды меншік иелері бірлестіктерін құрудан бас тартып, орнына формальды түрде жай серіктестік құра салуға итермелеген көрінеді.

Сайып келгенде, мұның бәрі онсыз да жүрісінен тұрысы көп жұмыстың тежеліп, қарқыны баяулай түсуіне әкелді.

 Машақаттан қайтсек құтыламыз?

Әңгімесіне жоғарыдағыдай келеңсіз жайттар мен соның дәлеліндей деректерді арқау етіп, көптеген мысалдарды келтірген сұхбаттасушымыз Амангелді Сисенқұлұлы мұндай дәйексіздіктің реформаға дайындықсыз келудің, «атүсті қараудың» салдарынан орын алып отырғанын меңзеді. Сол жағын ескерген ол бұл мәселеде ненің, қалай болу керектігін басынан бастап, «тайға таңба басқандай» қылып  қайта түсіндіруді мақсат тұтты.

Оның сөзінше, МИБ-ті немесе ЖС-ті құру үшін ең алдымен тұрғындар жиналысы шақырылып, оған ең кемі пәтер иелерінің 10 пайызы қатысуын қамтамасыз етуі тиіс. Бірлестік төрағасы немесе серіктестіктің сенімді өкілі 1, ал үй кеңесі мен тексеру комиссиясының мүшелері (кемінде 3 адам) үш жылға сайланады. Жиналыстың шешімі қатысушылардың көпшілік дауысымен ғана  заңды болып саналады. Одан әрі МИБ мемлекеттік тіркеуден өтіп, ағымдағы және жинақтық шот ашылады. Бұдан кейін бірлестік төрағасы оның құрылғаны туралы нақты жұмыс жасап тұрған басқару органы мен тұрғын үй инспекциясына хабарлама жібереді. Сосын жабдықтаушы және сервистік қызмет көрсетуші субъектілермен арада келісім-шарт рәсімделеді.

Талап – тәртіптің кепілі

Осындай іс-шаралар бекітілген ереже-талапқа сай, белгіленген мерзімінде жүзеге асырылып, тараптар арасында толықтай түсіністік орнаған жағдайда ғана кондоминиумді басқарудың жаңа формасына көшуге болатынын уақыт көрсетуде.

Сөзін осылай сабақтаған сарапшының ойынша, процесті жеделдету үшін бұл салаға да жаңа технологиялар мен цифрландыру, сонымен қатар есеп-қисап пен қаржының жинақталуы мен игерілуінде ашықтықты қамтамасыз ету үшін жалпыға ортақ бухгалтерлік жүйесін енгізген дұрыс. Осылай істегенде ғана ПИК-тен МИБ-ке көшудің машақатынан құтылып, тұрғын үй қорын басқарудың жаңа жүйесіне түбегейлі ауысып, нақты нәтижеге жетуге болады. Әйтпесе, бәрі де «баяғы жартас бір жартас» күйінен өзгерместен қалуы ықтимал деп есептейді сұхбаттасушымыз. Сонда ғана жаңа құрылымның жарылқайтынына сеніммен қарап, іс жүзінде көз жеткізуге болатын сыңайлы.

Дәулетқали АРУЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button