
Туризмді дамыту – уақыт талабы
Елдің экономикалық әлеуетін көтеретін бірегей саланың бірі – туризмді дамыту бағытында Атырау өңірінде жүзеге асып жатқан жұмыстар аз емес. 2023-2027 жылдарға арналған туризмді дамыту бағдарламасы да қабылданған. Облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы бағдарлама аясында 2027 жылға қарай 550 жаңа жұмыс орнын құруды межелепті.
Бір жылда – 13 жоба
Соңғы екі жылда облыс бойынша туризм саласында 240-қа жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Атап айтсақ, 2023 жылы – 108, былтыр – 130 жұмыс орны. Бұл жөнінде enbek.kz порталында 2024 жылы 13 жоба енгізілген еді. Оның ішінде Атырау қаласындағы «Керемет» паркі және «Sabalaq Oiynbaq» ойын-сауық кешені, қонақ үй құрылысы, Ақсай, Дамбы ауылдарындағы спорт кешендері, «Сарайшық» сапар орталығы, мәдениет үйлері, жол бойындағы кемпинг, тамақтану орындары, ойын-сауық кешендері, басқа да қызмет көрсету нысандары бар.
Биыл 110 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Қазір жұмыс орындарын құру бойынша enbek.kz порталына 14 жоба енгізілген.
Субсидиялауға – 3,3 млрд. теңге
Бесжылдық бағдарламаны жүзеге асыру мерзімінде кемінде 40 кәсіпкерлік нысанын ашуға қаржылай қолдау жасау жоспарланған. Ал, «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» аясында туризм саласы бойынша 3,3 миллиард теңгеге 17 несиелік жоба субсидияланды.
Соңғы төрт жылдан бері бұл салада 4 мемлекеттік қолдау бағдарламасы кезең-кезеңімен іске асып келеді. Атап айтқанда, туристік нысандарды салу немесе реконструкциялау кезінде жол бойындағы сервис объектілерін салу бойынша жалпы шығынның 10 пайызы, туристік автобус сатып алған жағдайда көлік құнының 25%-ы мемлекет есебінен қайтарылады.
Қолданыстағы заңнамаға сай жол бойында немесе туристік аймақта санитарлық-гигиеналық тораптар орнатқан бизнес иесіне айына 83 мың теңге көлемінде субсидия төлеу қарастырылған.
Жеті жоба мақұлданды
Бағдарлама шеңберінде былтыр санитарлық-гигиеналық тораптарды күтіп-ұстауға арналған шығындарды субсидиялауға Махамбет ауданының Сарайшық ауылынан бір кәсіпкердің жобасы мақұлданып, бюджет есебінен 750 мың теңге көлемінде субсидия төленді. Биыл мақұлданған барлығы жеті кәсіпкердің жобасын қаржыландыру ойластырылған.
Бүгінгі күні санитарлық-гигиеналық тораптарды күтіп-ұстауға арналған кәсіпкерлік субъектілерінің шығындарын субсидиялауға қатысты Махамбет, Құрманғазы және Индер аудандарынан үш өтінім қабылданды.
Дәулетқали ЛАТИФҰЛЫ
Коллажды жасаған Айнагүл ЖОЛДЫБАЕВА