Жарнама
Инфрақұрылым

Тұрғындардың  жанайқайы

Атырау қаласының кәріз жүйесін толық жаңарту және шағынаудандарды орталық жүйеге қосу мәселесі көтеріліп келе жатқанына көп болды. Бұл тақырыпта сөз қозғалса, жерасты суының жоғары деңгейі мен оның салдары да жиі талқыланады. Бұл – қала тұрғындары үшін аса маңызды инфрақұрылымдық мәселе. Себебі кәріз жүйесінің дұрыс жұмыс істемеуі халықтың өмір сүру сапасына, экологиялық қауіпсіздік пен денсаулыққа, тіпті жалпы тұрғын үй жағдайына кері әсерін тигізіп отыр.

Облыстық «Атырау» қоғамдық-саяси газетінің редакциясы соңғы жылдары бұл тақырыпқа айрықша назар аударып, сала мамандары мен инвесторлардың пікірлерін жариялап келеді. Дегенмен, мәселенің толық шешілуі әлі де бірнеше жылға созылатын түрі бар.

Кейбір шағынаудан тұрғындары бұған қатысты жергілікті әкімдікке талай рет шағым түсіргенімен, нақты жұмыс іске аспай, дайын жобалар мақұлданбай, ұсыныстар қаралмай, жауапкершілік мекемелер арасында қақпақылға салынып, уақыт текке өтіп жатыр. Мысалы, «Өркен» шағынауданының тұрғындары бірнеше жылдан бері орталық кәріз жүйесін жүргізуді сұрап келеді. Мұндағы басты проблема – жерасты суының жоғары деңгейі. Осы себепті жекеменшік үйлерде септиктерді пайдалану мүмкін емес. Көктемде күн жылынғанда көптеген үйдің септиктері суға толып, қалдық суды кері «теуіп» кетеді.

Шағынаудан тұрғыны Жайлы Қазиева әкімдік пен коммуналдық мекемелердің мәселені бір-біріне сілтеумен шектелетінін айтады. Бұдан төрт жыл бұрын «Өркенге» кәріз жүйесін тарту жобасы мемлекеттік сараптамадан өтіп, оң қорытынды алған. Алайда қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің мамандары бұл жұмыстың қаланың оң жақ жағалауындағы кәріз тазарту имараты (КОС) құрылысының жобалануы мен салынуына байланысты уақытша тоқтатылғанын айтқан.

2021 жылдан бері шағынауданда жаңа үйлер салынып, жобаға қайта түзету енгізу қажеттігі туындапты. Инженерлік-коммуникациялық желілердегі өзгерістерді ескере отырып, жекеменшік компаниямен қосымша келісім жасалып, жобаны қайта қарау жоспарланған.

Былтыр қала әкімі Шәкір Кейкин «Өркенге» кәріз жүйесін жүргізу үшін жергілікті бюджеттен қаржы қарастырылмағанын, нақты қашан бөлінетіні әлі белгісіз екенін айтқан еді. Жуырда қалалық мәслихаттың кезекті сессиясында «Жұлдыз-1», «Жұлдыз-2» және «Геолог» шағынаудандарындағы жекеменшік үйлерді кәріз жүйесіне қосу жұмыстары жүзеге асатыны белгілі болды. Осы мақсатқа қазынадан 100 миллион теңге бөлінген. «Жұлдыздағы» кәріз жүйесінің құрылысына 5,9 миллиард, ал «Геолог» шағынауданындағы жұмыстарға 1,7 миллиард теңге қарастырылған.

Кәріз жүйесінің болмауы төтенше жағдайларға да душар етіп отыр. Мысалы, былтыр «Жұлдыз-1» шағынауданында бірнеше үйді су басып, арнайы техникалар жұмылдырылғанымен, мәселе түбегейлі шешілген жоқ. Қаржының бөлінуі – бастаманың алғашқы қадамы ғана. Ендігі мәселе – бөлінген қаржының тиімді және уақытылы игерілуінде. Өйткені бұған дейін де мақұлданған түрлі жоба аяқсыз қалып, бірақ ақшасы жым-жылас жоқ болғанын көз көрді.

Атырау қаласының кәріз жүйесін жаңарту – кезек күттірмейтін өзекті мәселе. Әкімдік тарапынан кейбір шағынаудандарға қаржы қарастырылғанымен, «Өркен», «Жұлдыз», «Геолог» сияқты аудандардағы тұрғындар әлі де мәселенің нақты шешімін күтіп отыр. Ал әзірге әкімдік пен құзырлы құрылымдардың әрекеті тым баяу.

Алмас ҚАБДОЛОВ

* Сіз не дейсіз? 

Әмин БИСІМОВ,

«Сарықамыс-2» шағынауданының тұрғыны:

Жеті жыл жырғалған жоба

– Бұл мәселе бойынша әкімдіктің босағасын тоздырғанымызға бір жылдан асты ғой. Облыс әкімінің қабылдауында да болдық. Әкімдіктің кәріз жүйесіне 2018 жылы жасатқан жобасы нәтижесіз деп танылды. Оның бер жағында екі әкім ауысты. Алайда өзгерген ештеңе жоқ. Бір жыл бойы жоба жоқ, оның болашағы да белгісіз. Осыған қарап, кәріз жүйесінің мәселесі әлі бірнеше жылға созылатынын болжауға болады.

Жоба болса да, жерастында әр үйдің газ, су, телефон желілері, кей жерлерде электр желілері де жатыр. Оларды бүлдірмей жұмыс істейтін компанияны табу бізде өте қиын. Жұмыстың үзіліссіз жүруі, уақытша тоқтап қалуы – міндетті түрде болатын жағдай. Ең үлкен қиындық – күн сайын орын алып жатқан апаттар. Мысалы, жүз метр жолды бір жыл бойы жөндеп, келесі жылы қайтадан сол жерді жөндеп жатқанда, жер астындағы коммуникацияларды бүлдірмеу өте қиын. Мұндай жағдайда мәселені шешу де мүмкін емес.

Осының бәрін саралай келіп, біз қала әкіміне бірнеше ұсыныс жасадық:

1.  Мәселені зерттеу үшін мамандар мен ғалымдарды шақыру. Бұл өте маңызды, себебі мәселенің оң шешілуі үшін ғылыми және техникалық негіз қажет;

2. Республика Үкіметінен көмек сұрау. Президент осы мәселені өз бақылауына алатынын мәлімдеген еді. Сондықтан, мәселені жасырып қалу қауіпті. Егер бір нөсер жауыннан кейін қала суға кетсе, тікелей Президентке сын болады;

3.  «Сарықамыс-2» шағынауданынан жерді бұрғылап тесіп, жауын суын төменге бағыттау. Қазіргі белгілісі – 8 метр тереңдікте тұз қабаты бар, сондықтан бұған егжей-тегжейлі зерттеу қажет;

4.  Шетелдік компаниялардан көмек сұрау. Мысалы «Теңізшевройл» сияқты компаниялар қажетті ресурстармен қамтамасыз ете алады, тәжірибесі де бар.

Бұл жерде қынжылтатыны, жыл бойы жергілікті әкімдік ешқандай қадам жасаған жоқ. Халық: «Өзің білме, білгеннің тілін алма» деп тегін айтпаған. Былтыр басталған кәріз жүйесінің мәселесі әкімдік үшін де, тұрғындар үшін де үлкен сынға айналды.

Серік СӘДУАҚАСОВ,

коммуналдық қызмет саласының маманы:

Кәріз жүйесін іске қосу қымбат па?

– Кеңес өкіметі тарап, еліміз тәуелсіздік алған жылдары өндірістік мекемелердің жұмысы тұйықтала бастады. Атырау мұнай өңдеу зауыты, химия және балық зауыттары, «Ембімұнайгаз» өндірістік бірлестігі, теміржол бөлімшесі секілді ірі кәсіпорындардың коммуналдық қызмет көрсету бөлімшелері жұмысын тоқтатты. Соның нәтижесінде осы мекемелердің бағынышында болған тұрғын үйлердің су, кәріз және жылу жүйелері қараусыз қалды. Сол кезеңде қалада ауыз су және кәріз жүйесінің апаттары жиі орын алды.

1999 жылы қала әкімінің шешімімен барлық иесіз қалған су және кәріз жүйелері «Горводоканал» басқармасына, ал жылу жүйелері «Атырау жылу жүйелері» мекемесінің теңгеріміне берілді. Қалыптасқан тәжірибе бойынша бір мекемеден екінші мекемеге теңгерімге беру кезінде жұмысшылармен қатар, экскаватор, вакуум тәрізді қажетті арнайы техникалар және құбырлардың жобалау-сметалық құжаттамасы бірге тапсырылуы керек еді, қаржылық қолдау да қарастырылуы тиіс болатын. Алайда тек жұмысшылар ғана ауысып, қалған қажетті ресурстар берілген жоқ.

Су және кәріз жүйелері мекемесіне негізгі қиындық осы иесіз қалған құбырларды қабылдаған сәттен басталды. Ал 2000 жылдан бастап қалада көп қабатты үйлер салу және жекеменшік секторларға жер телімдерін бөлу қарқынды түрде жүргізілді. Сол кезде жаңа үйлер мен жекеменшік ғимараттар көп салынды. Бірақ ескі су құбырларының қысымы жеткіліксіз болып, жоғары қабаттарға су көтерілмей, жертөлелерді су басты. Темір құбырлардың тозуы да ахуалды ушықтыра түсті.

Ескі кәріздік сорғы станциялары қосымша жүктемеге шыдай алмай, апатты жағдайлар жиіледі. СМП-136, автовокзал маңы, Лесхоз, Елшібек ауылы сияқты аудандарда кәріз суын айдайтын сорғы станциялары, сосын қаланың оң жақ бөлігіндегі кәріз тазарту станциясының қызметі ауырлай берді.

2003 жылдан бастап қалаішілік су және кәріз жүйелерін жаңғырту бағдарламасы аясында республикалық және облыстық бюджеттерден бөлінген қаржыға ауқымды жұмыстар жүргізіле бастады. Қала мен оның маңындағы елді мекендерге жаңа су құбырлары тартылды. Кәріз жүйесі бойынша ішкі сорғыларды ауыстыру, ішкі және сыртқы жүйелерді жөндеу, ағынды коллектор жүйесінің құбырларын жаңарту жұмыстары атқарылды.

Бүгінде қала аумағы айтарлықтай кеңейіп, жаңа тұрғын үй кешендері мен өндірістік базалар бой көтерді. Бұл нысандар бір жүйеге қосылғандықтан, кәріз су жүйесіне түсетін жүктеме қайтадан көбейіп, қосымша қиындықтар туындап отыр.

Кәріз жүйесінің (механикалық және биологиялық тазарту қондырғылары) кәріздік тазарту станциясы құрылысы бірнеше жылдан бері жүргізіліп келеді. Алайда маңызды жоба әлі толық аяқталған жоқ. Егер Жайық өзенінің екі жағалауынан кәріз суын тазарту қондырғысы пайдалануға берілсе, қордаланған экологиялық және коммуналдық мәселелер өз шешімін табар еді. Қондырғылардың іске қосылуы қала экологиясын жақсартып, тұрғындардың өмір сүру сапасына оң әсер ететіні сөзсіз.

Қазір баспасөз бетінде жекеменшік сектордағы үйлер мен ғимараттарды кәріз жүйесіне қосу мәселесі жиі көтеріліп жүр. Бұл – өте өзекті әрі күрделі сұрақ. Мұны шешу үшін, әуелі сала мамандары, атап айтқанда, «Атырау облысы Су арнасы» мекемесі қала аумағындағы барлық үйлердің есебін алуы қажет.

Кәріз жүйесін жүргізу үшін қалалық, облыстық мәслихат немесе мәжіліс деңгейінде жобалау-сметалық құжаттамасына және құрылыс монтаждау жұмыстарына қаржы бөлінуін тиісті басқармасының мамандары дайындаған құжаттары бойынша депутаттардың алдында дәлелдеп қаржыландыру мәселесін шешу қажет. Осы мәселе шешілгеннен кейін құрылыс-монтаждау жұмыстары басталады, алайда оның жүзеге асуы тым көп уақыт алуы мүмкін және миллиардтаған қаржыны талап етеді.

Бұл үлкен маңызды жобаны жүзеге асыру үшін өздігінен ағатын коллекторлар салынып, оларды жаңадан салынатын бірнеше кәріздік сорғы станциясына қосу керек. Кәріз суын тазарту үшін механикалық немесе биологиялық қондырғыларға жеткізетін қысымды коллекторлар қажет.

Осы жұмыстың барлығы өте күрделі әрі ұзақ мерзімді талап етеді. Бұл бірнеше миллион теңгеге салына қоймайды, қымбат жобалар. Онсыз жүзеге асыру мүмкін емес.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button