
Тасжол құрылысы тамызға дейін аяқтала ма?
Облыстағы маңызды бағыттардың бірі – Доссор–Құлсары тасжолында орташа жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Жуырда осы жолдың жаңартылған бөлігімен танысу мақсатында арнайы баспасөз туры ұйымдастырылды. Мәселенің маңыздылығына орай, оған жауапты мекеме өкілдері мен мердігер компанияның басшылары қатысты.

Наурыз айында басталған жөндеу жұмыстарының нәтижесінде Доссор –Құлсары тасжолының 3-69 шақырым аралығындағы 12,3 шақырымы толық жөнделді. Бұған дейін бұл бағыттағы жолдың жабындысын жаңарту жұмысы басталғанымен, түрлі себептерге байланысты аяқталмай қалған болатын. Жыл басында өңірге келген «AMANAT» партиясы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық кеңестің төрағасы Ерлан Сайыров бұл мәселені көтеріп, жауаптыларға жұмысты жедел әрі сапалы орындау туралы тапсырма берген еді.
Жөндеу жұмыстарына 24 техника мен 50-ден астам жұмысшы жұмылдырылған. Жұмысты жүзеге асырып жатқан «Бірлікжолстрой» ЖШС басшысы Қанышбек Шахарбаевтың айтуынша, сәуір айындағы құрылыс кезінде жерасты суының көтерілуі мен топырақтың ылғалдануы салдарынан жаңадан төселген 5048 шаршы метр асфальт жабындысы бүлініп, қайта қалпына келтірілген.
– Туындаған қиындықтарға қарамастан, жөндеу жұмыстары қарқынмен жүргізілуде. Бүлінген учаскелер толығымен қалпына келтірілді. Жоспар бойынша әрбір 1-2 шақырым сайын қайта қырып, жөндеу жүргізу көзделіп отыр. Жалпы жөнделетін жол ұзындығы – 66 шақырым. Оның ішінде 29 шақырымында асфальт жабындысы толығымен ауыстырылады. Бүгінде тек 13 шақырым бөлігі қалды. Сонымен қатар, жол жиегін бекіту бойынша да 11 мың шаршы метр көлем қарастырылған, оның 7 мыңы былтыр, ал қалған 4 мыңы биыл аяқталуы тиіс, – деді компания басшысы.

Жөндеу кезінде жобада қарастырылмаған, бірақ аса қажет болған жұмыстар да атқарылған. Кейбір ашық жерлерде топырақ көтеріліп кеткен. Бұл учаскелерде 1,5 метр тереңдікке дейін қазу жүргізіліп, 22 вагон ірі тас төселген. Бұл жұмыс мекеменің өз қаржысы есебінен атқарылған. Сонымен бірге жол төсемесінің беріктігі күшейтілді. Алайда жол бойында арнайы белгілер қойылғанына қарамастан, кей жүргізушілер жылдамдықты асырған. Жол қызметкерлеріне зақым келтірген жағдайлар да тіркелген. Осыған байланысты «AMANAT» партиясы облыстық филиалының партиялық бақылау инспекторы Абзал Мақсотұлы жазғы маусымда көлік ағыны артатынын айтып, жұмыстарды жедел әрі сапалы атқаруды ұсынды. Жоба толық аяқталғанша партия бақылауында болады.
«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК облыстық филиалы да орташа жөндеу жұмыстары басталған учаскелерді тексеріп, ақаулар анықтаған. Филиал директоры Аслан Дүйсеновтың айтуынша, жолдың тегістеу қабатын қалпына келтіру кезінде негізгі қабат ылғал әсерінен бұзылып, ақаулар пайда болған. Аталған ақауларды мердігер компания өз күшімен жойып жатыр.

– Құрылыс кезінде әр қабат төселген соң сапаға қатысты тексерулер жүргізіледі. Егер қандай да бір қабат талапқа сай болмаса, келесі қабатты төсеуге рұқсат берілмейді. Асфальт құрамындағы су өткізгіштік пен ылғалдылық деңгейі белгіленген нормаларға сәйкес болуы тиіс. Осындай талаптар орындалмаған жағдайда қосымша тығыздау және қалпына келтіру жұмыстары қолға алынады. Қазіргі уақытта барлық ақаулар жойылып, құрылыс сапалы түрде жалғасып жатыр, – деді Аслан Темірғалиұлы.
Өткен жылы жөндеу жүргізілген кейбір учаскелерде жаңбыр және қар суы жер төсеміне өтіп, шұңқырлар пайда болған. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Атырау облыстық филиалының директоры Серік Керімқұлов мұндай ақауларды жою мақсатында 6 мың шаршы метрден астам аумақта қосымша жөндеу жұмыстары жүргізілгенін айтты. Алғашқы кезеңде бұл учаскелер топырақпен жабылғанымен, ол нәтиже бермеген. Сондықтан балама шешім ретінде ірі тасты қолдану жөнінде шешім қабылданып, 20-дан астам вагон тас Ақтөбеден жеткізілген. Бұл шығындар да бастапқы жобада қарастырылмаған.
Сонымен қатар, қалған шақырымдарға асфальт төсеу жұмыстары басталмақ. «AMANAT» партиясының Мақат аудандық филиалының атқарушы хатшысы Айбол Долдашевтың айтуынша, партия тарапынан Доссор бағытындағы жол учаскесіне екі мәрте бақылау жүргізілген. Айналма жолдың болмауы мен жолдың нашар күйде болуы көліктердің жиі бұзылуына, тіпті жол апаттарына әкеп соқтырған.
Қазір көлік жүргізушілері жаңа жолға дән риза. Жолдың жаңартылған бөлігімен қатынау жеңілдеген. Көлік жүргізушісі Алымбай Шыңбергеновтің айтуынша, жол айтарлықтай тегістеліп, қатынауға қолайлы болған.
– Бұрын бұл жолмен жүру қиын еді. Қазір жақсы, уақытымыз да үнемделіп жатыр. Әзірге сапасы жақсы көрінеді, — дейді ол.
Жол жөндеу жұмыстарына 2 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. Мердігер компания халыққа қолайсыздық тудырмас үшін жөндеу кезінде жолдың тек 1 шақырымын ғана жауып отыратынын айтады. Сондай-ақ мамандар жүргізушілерге жөндеу жүріп жатқан аумақтарда жылдамдықты бәсеңдетіп өтуге кеңес береді.
Түйіндей келгенде, Доссор–Құлсары бағытындағы жол мәселесі кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді. Биылғы жұмыстардың сапасына басымдық беріліп, кемшіліктер тез арада жойылуда. Тамыз айына дейін толық аяқталуы жоспарланған бұл жоба тұрғындардың көлікпен еркін, қауіпсіз және ыңғайлы жүруіне септігін тигізетіні сөзсіз.
Алмас ҚАБДОЛ