Шалғайдағы ауылдарға жазғы су құбыры тартылды
Өркениеттің өзі елді мекендердің инфрақұрылымын жақсартудан басталатыны белгілі. Оның бір көрінісі іспетті бүгінде қос өзен аралығын қоныстанған Исатай ауданының Х.Ерғалиев, Тұщықұдық және Жанбай ауылдарында жазғы су құбыры тартылуда.
Аудан әкімінің орынбасары Нұрберген Өтегеновтің айтуынша, өңірде жалпы ұзындығы 140 шақырым жазғы су құбырын жүргізу жоспарланған. Соның ішінде аудандағы ірі елді мекендердің бірінен саналатын Тұщықұдық ауылына тиесілі 50 шақырымдық құбырдың құрылысы былтыр басталған. Бұл нысанды биыл пайдалануға беру межеленген. Қазір аталған учаскедегі жұмыс 35%-ға орындалған. Қажетті су Бақсай каналы арқылы жинақталып, тартылған құбырлардың бойымен ауыл
тұрғындарына жеткізіледі. Ол үшін арнадан алынған суды құбырларға жіберетін арнайы
гидротехникалық нысандар салынбақшы.
– Жобаға сәйкес, бастауын Жайық өзенінен алатын Бақсай каналының жағасынан су жинақтау қоймасы мен сорғылау станциясы тұрғызылады. Осыған орай, «Қазсушар» РМК Атырау филиалынан алынған келісім шартта қарастырылғандай, салынатын су жинақтау қоймасын ауылға бір тәулікке қажетті су мөлшерінің бес есе көлемінде қамту көзделіп отыр. Осы нысандарды энергиямен қамтамасыз етіп, іске қосу үшін 10 кВт-тық электр желісі жүргізіледі. Ауылішілік су құбырларының бойынан көшеаралық құдықтар орналастырылады Онда желідегі суды реттегіш құрылғылар қондырылады, — дейді Н.Өтегенов.
Іске жауапты мердігер мекемелер өкілдері мен мамандардың пікірінше, тұтастай алғанда жазғы су құбыры ауыл тұрғындарының үй маңында бау-бақша өсіріп, тал-терек егуіне, атакәсіппен айналысуына, тұтастай алғанда елдімекенді көгалдандырып, жасыл-желекпен көмкеруге кепілдік береді. Жоспар бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары биылғы күз айларында аяқталады. Құрылыс толықтай аяқталғасын нысан сенімгерлік басқаруға беріледі. Суды тұтынатын ауыл тұрғындары оны пайдалану жөнінде сол кәсіпкерлік субъектісімен келісім-шартқа отырады.
Дәулетқали АРУЕВ
Исатай ауданы