
Шаһардың басты даңғылының реконструкциясы келер жылы жалғасады
Ресми дереккөздердің хабарлауынша, шаһардың бас көшесі — Сәтпаев даңғылын реконструкциялау жобасы шеңберінде жоспарланған Студенттер және Байтұрсынов көшелеріндегі асфальт жамылғысын ауыстыру қыркүйек айына қалдырылды.
Айта кету керек, даңғылды қайта жөндеу жұмыстарының жобалық құны 20,3 млрд. теңгені құрайды. Бас мердігер — «Атырауинжстрой-АИС» ЖШС жоспарланған жұмыстарды белгіленген кестеге сәйкес атқарып, жол сапасының жоғары деңгейде болуын басты назарда ұстауда. Мұны қадағалаушы құрылымдардың мамандары да растауда.
Атырау қаласы әкімінің орынбасары Тілек Махуовтың сөзінше, әу баста күрделі жөндеу жоспарланғанымен, бірнеше ай бойы кептелісте тұрған бірқатар учаскелерде асфальт жабындыларының әлі де жарамды жағдайда болуына байланысты, орташа жөндеумен ғана шектелген. Мұның өзі, біріншіден, көлік қозғалысын мейлінше қысқа мерзімде қалпына келтіруге септессе, екіншіден, қазына қаражатын үнемдеуге мүмкіндік берген көрінеді.
Алайда, қаланың көп бөлігінде жөндеу жұмыстарының қолға алынуына орай көліктердің қозғалысын жеңілдетіп, кептелісті азайту мақсатында жоспарға енгізілген жұмыстардың орындалу мерзімі шегеріліп, кейінге қалдырылып отыр. Олардың қатарында негізінен абаттандыру (балалардың ойын алаңшалары, спорт алаңдары, серуендеу аймақтары, тынығу-демалыс орындары, көлеңкелі аркалар, кіші сәулеттік формалар, түрлі типтегі жарықтандыру шамдары, веложолдар, жаңа аялдама павильондары, тротуарлар, субұрқақтар, бірегей стильдік мүсіндер) жұмыстары қамтылған.
Дәулетқали АРУЕВ