
Сапалы жол – қауіпсіз қозғалыс
Былтыр күз айларында жол жабындысын жаңарту басталып, аяқталмай қалған Доссор-Құлсары және бірнеше жылдан бері қайта құру жұмыстары жүріп жатқан Атырау-Астрахан тас жолдары бойынша жергілікті халықтың арыз-шағымы көп болған еді.

Соған байланысты биылғы 14 ақпанда «AMANAT» партиясының жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық кеңес отырысы өтті. Жиында Атырау облысындағы Доссор-Құлсары трассасындағы жол мәселесіне орай Қазақстан Республикасы Көлік министрлігіне және «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ-на тапсырма беріліп, наурыз айында аталған жолға асфальт төсеу жұмыстары басталған болатын.
Таяу күндері Атырау облысына «AMANAT» партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық кеңестің төрағасы Ерлан Саиров келіп, көшпелі отырыс өткізді. Кеңеске қатысушылар республикалық маңыздағы Доссор-Құлсары тас жолында жөндеу жұмыстары жүріп жатқан учаскеде бас қосып, мәселенің мән-жайын талқылады.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Дархан Сақанов, өңірлік филиал директоры Серік Керімқұлов және Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев аймақтағы республикалық маңыздағы күре жолдарыңдағы жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Құрылысшылар Доссор-Құлсары тас жолының қырылып, ашық қалған 8,5 шақырымын биыл бірінші маусымға дейін аяқтауға уәде берді. Жалпы, аталған жол жабындысын жаңарту жұмыстары толықтай тамыз айына дейін мәресіне жеткізілетінін мәлімдеді.

Аталған учаскедегі жол жөндеу жұмыстарына жауапты «Бірлікжолстрой» ЖШС басшысы Қанышбек Шахарбаевтың айтуынша, құрылыстың белгіленген мерзімінен кешіктірілуіне біріншіден, Ақтөбе облысынан келетін қиыршықтастың жеткізілуінің кідіруі, екіншіден битум тапшылығы, үшіншіден ауа райының қолайсыздығы себепші болып, кедергі келтірген.
Қазір жұмыс қайтадан жанданып, қарқын алды. Мердігерлер маусым айына дейін өздері жасалған қателіктің бәрін жойып, тамызда толық жол жөндеу жұмыстарын тәмамадайды. Әрине, жолды жөндеу қажет, бірақ халыққа қолайсыздық туындатпау керек. Өйткені, өздеріңізіге белгілі көліктің дөңгелегі, арнайы құрылғылары бұзылатын болса, бұл жұрттың қалтасына тиеді. Қандай жұмыс атқарсақ та, ең бастысы елдің берекесін кетірмей, тыныштығын сақтауды және материалдық тұрғыда зиян келтірмеуді басты назарда ұстауға тиіспіз. Отырыста айтылған әңгіменің түйіні осыған тірелді.

– Енді осы жол жөндеу жұмыстарының сапасын бақылауға «AMANAT» партиясының бақылау бекеттері құрылатын болады. Мәселені облыстық, Мақат аудандық мәслихаттардың депутаттары өздерінің тікелей бақылауына алады, — деді кеңес жұмысын қорытындылаған оның төрағасы, Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Биахметұлы. Көшпелі отырысқа қатысушылар Атырау-Астрахан тас жолының Исатай ауданының аумағындағы жұмыстарының барысына назар аударды. Қадағалаушы мемлекеттік органдар мен мердігер мекемелердің басшыларына көрсетілген жұмыстарды тез әрі сапалы орындап, межелі мерзімінде тапсыруды ұсынды.
Дәулетқали АРУЕВ