
Қыста тоңбайсыз: Жылу жүйесінің тозуы азайды
Өңірдің қуаттылығы оның энергетика кешенінің әлеуетімен өлшенеді. Аймақта тұтынушыларды жылумен қамтуға маманданған бірден-бір кәсіпорын – «Атырау жылу жүйелері» АҚ. Мұнда 2021-2025 жылдарға бекітілген инвестициялық бағдарлама шеңберінде былтыр жалпы сомасы 746 млн. 658 мың теңгені құрайтын іс-шаралар толықтай орындалды. Бұл туралы Атырау облысы бойынша табиғи монополияларды реттеу департаменті ұйымдастырған баспасөз туры барысында баяндалды.

Акционерлік қоғамның президенті Әлібек Темірғалиевтің айтуынша, ұзындығы 3,5 шақырым магистральды жылу желісі ауыстырлды. Оған қоса, жылу желілерінің 9,3 шақырымы көбікті полиуретанмен (КПУ), 3,6 шақырымы минералды мақтамен оқшауланса, және 12,8 шақырым тұрба құбыры мырышталған қаңылтырдан дайындалған қорғаныш қаптамамен қапталған. Сондай-ақ, «ОНС-1» стансасындағы істен шыққан сорғылардың орнына 2 сорғы жаңадан сатып алынып, орнатылған.

-Атқарылған жоспарлы жұмыстардың нәтижесінде, негізгі активтердің тозу көрсеткіші 68%-дан 66,5%-ға төмендеді. Айта кету керек, кәсіпорында 55 орталық жылу бекеті абоненттерге қызмет көрсетеді. Оның ішінде 38-і акционерлік қоғамның теңгерімінде болса, алтауы сенімгерлік басқаруға беріліп отыр. Қалған 11 бекетте келісім-шартқа сай техникалық қызмет көрсетіледі. Бүгінгі таңда кәсіпорынның иелігінде теңгерімінде 2 сорғы станциясы мен ұзындығы 427 шақырымға жуық жылу желісі бар, — деді Әлібек Темірғалиев.
Дәулетқали АРУЕВ
Суреттердң түсірген автор