
Қысқа дайындық деңгейі — 90 пайыз
Бүгінде облыс көлемінде, соның ішінде қала мен аудандарда алдағы қыс маусымына дайындық жұмыстары қарқын алып, мәресіне таяп келеді. Қос өзен аралығын қоныстанған мұнайлы әрі малды өңір – Исатай ауданында да жоспарланған іс-шаралардың 90%-ы орындалған. Жоспарға енгізілген 30 жобаның 28-і толықтай аяқталса, Қамысқала ауылдық округіндегі су тазарту қондырғысына сорап орнату жұмысы осы айдың соңына дейін бітуі тиіс.
Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Нұрбол Жанпейісовтің айтуынша, қысқа дайындалатын 60-қа жуық әлеуметтік нысан бар. Оның басым бөлігін білім беру мекемелері, аурухана және емхана сияқты халыққа тікелей қызмет көрсететін нысандар құрайды.
Дегенмен, жүргізілген тексерулердің нәтижесі кейбір нысандарда дайындықтың баяулығын көрсетті. Бұл – пысықтай түсуді қажет ететін мәселе.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында елдің тұрақты дамуы үшін халықты сапалы жылу, жарық және сумен қамтамасыз ету негізгі басымдық екенін атап өткен болатын. «Энергетикасыз экономика дамымайды» деген Мемлекет басшысының сөзі Исатай ауданындағы жұмыстардың маңызын айқындай түседі. Инфрақұрылымды жаңғырту тек әлеуметтік қолайлықты арттырып қана қоймай, өңірдің экономикалық әлеуетін көтеруге, инвестиция тартымдылығын арттыруға да ықпал етеді.
Яғни, аудан деңгейінде атқарылып жатқан қысқы дайындық шаралары – елдік деңгейдегі стратегиялық бағытпен ұштасып жатыр. Бұл жұмыстар уақытында әрі сапалы орындалса, халықтың тұрмыс сапасы жақсарып, өңір экономикасының тұрақты дамуына серпін бермек.
Дәулетқали АРУЕВ