
Құрманғазыда жаңа көпір салынады
Құрманғазы ауданындағы “Шипажай” және “ПМК” шағынаудандарын байланыстыратын жаңа көпір құрылысына қатысты жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Бұл туралы аудан әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жоба аясында Шарон өзені арқылы өтетін ұзындығы 200 метр болатын 2 көпірдің құрылысы жоспарланған. Сонымен қатар 1 шақырым ауылішілік жол, 1 шақырым тротуар, көше жарығы, жағалауды нығайту жұмыстары, 6 жерде су өткізгіш құбырлар орнату қарастырылған.

Құрылыс жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттамасын дайындау үшін “МПК-проект” ЖШС мердігер мекемесі таңдалып, келісімшарт жасалды. Бұл жұмыстар Мемлекеттік сатып алу туралы заңға сәйкес жүзеге асырылып жатыр. Тапсырыс беруші – Құрманғазы ауданы әкімдігі.

-Жоба 2026-2027 жылдары толық жүзеге асырылады деп жоспарланған. Бұл көпірлер екі шағынаудан арасындағы көлік қатынасын жеңілдетеді. Жобаның іске қосылуы ауданның инфрақұрылымдық дамуын одан әрі жандандырып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасайтын маңызды бастама болмақ, — дейді аудан әкімі Абат Жанғалиев.
Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ