Құрманғазыда су тазарту имараттары қайта жаңғыртудан өтеді
Құрманғазы ауданында ауыз су тапшылығын жою мақсатында 11 елді мекендердегі су тазарту имараттарына қайта жаңғырту және 1 елді мекенге жаңадан су тазарту имаратын салуға жобалық құжаттама жасақталады.
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Құрманғазы, Кадырка, Жұмекен, Бірлік, Жамбыл, Шортанбай, Дыңғызыл, Теңіз, Орлы, Арна, Хиуаз ауылдарында орналасқан су тазарту имараттарына қайта жаңғырту және Құрманғазы ауылдық округіне қарасты Жапырық және Байтарал елдімекеніне жаңадан су тазарту имараты салынады.
Аталған елдімекендер ішіндегі Дыңғызыл ауылдық округі Жыланды елдімекенінде орналасқан су тазарту имаратын «Қиғаш-Маңғышылақ» су құбырына қосу қарастырылуда. Осы бағыттағы жұмыстарды пысықтау мақсатында аудан әкімі Абат Жанғалиев бастаған топ аталған елдімекенде болды.
Аудан басшысы мен «Қиғаш» бас су сорғы стансасы басшысы Мәди Канбетов «Қиғаш- Маңғышылақ» су құбырына қосу болашақта қалай және қандай бағытта жүретінін, орналасу бағыттарын талқылады.