
Құлсары – Мұқыр бағытындағы жаңа автожолдың құрылысы қалай жүргізілуде?
Жылыой ауданында ұзындығы 136 шақырымды құрайтын Құлсары – Мұқыр бағытындағы республикалық маңызы бар жаңа автожолдың құрылысы қарқынды түрде жалғасуда. Аталған жобаны екі мердігер мекеме жүзеге асырып жатыр.
Жылыой ауданының әкімі Жұмабек Қаражановтың айтуынша, қазір 16 шақырым жолға ұсақ түйірлі асфальт жабындысы төселді. 20 шақырым аумақта ірі түйірлі асфальт жабындысы салыну үстінде.
-Жұмыстар жоспарға сай жүргізіліп жатыр. Жоба толық аяқталған соң, бұл бағыт жүк және жолаушылар тасымалы үшін қолайлы, қауіпсіз әрі заманауи стандарттарға сай жол болады. Бұл – ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін беретін маңызды инфрақұрылым нысаны, – деді Ж.Қаражанов.
Аталған жол аймақтың көлік логистикасын жақсартып, елді мекендер арасындағы байланысты нығайтуға, экономикалық белсенділікті арттыруға бағытталған. Жоба аяқталғаннан кейін тұрғындар үшін де, кәсіпкерлер үшін де жаңа мүмкіндіктер ашылады деп күтілуде.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА