Жарнама
Инфрақұрылым

Қазақстанда үш әуежай салынады

Республика Көлік министрлігі жақында жаңадан үш әуежай салатын орынды анықтады. Олар Шығыс Қазақстан облысындағы Қатонқарағай, Зайсан және Маңғыстау облысындағы Кендірлі курортты аймақтарынан салынбақшы. Бұл жөнінде министрліктің ресми сайтында жарияланды.

Министр Марат Қарабаев осы аптада жұмыс сапарымен Шығыс Қазақстан облысына барғанда жаңа әуежайлардың орындарын барып көрді. Мысалы, Қатонқарағай ауданындағы жаңа әуе айлағы Солдатово ауылынан алыс емес жерден, Қатонқарағай мен Үлкен Нарын ауылдарының арасынан салынады екен. Құрылыс алаңынан Қатонқарағай ауылына дейінгі қашықтық – 38 шақырым. Ал, екіншісі Зайсан қаласынан 25 шақырым жердегі бұрынғы Сәтбаев атындағы әскери аэродромның аумағында болады.

Бастапқыда әуежайларда Q400, ATR 42/72 және CRJ200 ұшақтары үшін ұзындығы 2200 метрлік жасанды ұшу-қону жолағы салынады. Бұл ұшақтар Астана мен Алматыдан облыстың туристік бағыттарына әуе қатынасын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Кейін бұл жолақты кеңейту арқылы Airbus A320, Boeing 737 сияқты сыйымдылығы жоғары кең фюзеляжды ұшақтардың ұшып-қонуына жағдай жасалады.
«Мемлекет басшысы Қатонқарағай, Зайсан және Кендірлі курорттық аймақтарында сапалы жол инфрақұрылымымен қамтамасыз етілген аэровокзал кешендері мен әуежайлар салуды тапсырды. Оны орындау мақсатында өңірлердегі жаңа әуежайлар салынатын пункттерді аралап жүрміз. Үш әуежайдың құрылысы да 2025 жылы басталады», — деп атап өтті министр.
Ведомствоның баспасөз қызметінің хабарлауынша, жергілікті атқарушы органдар өкілдері, құрылыс және авиация саласының сарапшыларымен кездесуде әуежайды салу жоспары да талқыланды. -Тиісті учаскелерді таңдағанда жер бедері мен метеожағдай ескеріле отырып, ұшақтардың ұшып-қонуына кедергі жоқтығы, әуежай инфрақұрылымын болашақта кеңейту мүмкіндігі, Үлкен Нарын, Қатонқарағай, Зайсан, Тарбағатай маңындағы ыңғайлы локоция, инженерлік инфрақұрылымның болуы, көлік жолдарына жақындығы, басқа да факторлар қатаң ескерілген. Осыған сәйкес авиация және құрылыс саласының сарапшылары мен жобалаушылар алдын ала зерттеулер жүргізіп те көрген, — деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.

Өз тілшіміз
Суреттер министрлік сайтынан алынды

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button