
”Нұрсаядағы” жерасты кәріз коллекторы жөндеуден өтті
Атырау қаласындағы “Нұрсая” шағынауданын қамтитын жерасты қысымды кәріз коллекторына жөндеу жұмыстары жүргізіліп, толық аяқталды.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2024 жылдың соңында басталған жоба аясында диаметрі 600 мм болатын 8 шақырымдық екі құбырдан тұратын кәріз коллекторы жаңартылды.
Жөндеу барысында тозығы жетіп, істен шыққан 30 ысырма жаңа болат ысырмалармен алмастырылып, олар тоғыз тораптық темірбетонды камераға орнатылды. Сондай-ақ, коллектор құбырлары қоқыс пен кәріз қалдықтарынан тазартылды.
Сонымен қатар диаметрі 100 мм болатын ысырмалар демонтаждалып, қайта орнатылды. Екі тораптық камераға жаңа жабын плиталары (қақпақтар) орнатылды. Сегіз темірбетонды құдық (диаметрі 1,5 м) салынды. Тоғыз тораптық темірбетонды камера толық тазартылды.
Қазір кәріз жүйесі қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. “Нұрсаядан” шығатын кәріз сулары булану алаңына еш кедергісіз жіберілуде.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА