«Атырау–Астрахан» жолының құрылысы қашан аяқталады?
Биыл желтоқсанда республикалық маңызы бар «Атырау–Астрахан» күре жолы пайдалануға беріледі. Осылайша, 5 жылға созылған жол құрылысы мәресіне жетпек.
Былтыр ұзындығы 277 шақырым жолдың 252 шақырымы жартылай пайдалануға берілген болатын. Қалған жұмыстар алдағы наурыз айында басталып, жыл соңында толық аяқталады деп күтілуде. Еліміз үшін ерекше маңызы бар жол құрылысының созылуын Мемлекет басшысы да сынға алғаны белгілі. «Республикалық маңызы бар «Атырау–Астрахан», «Ақтөбе–Қандағаш», «Талдықорған–Өскемен» жолдарының жөнделіп жатқанына 5 жылдан асты. Биыл осы жұмыстар біржола аяқталуға тиіс. Бұл жерде бірнеше мәселені ескеру қажет» деген еді сол жолы Президент.
Наурызда ауқымды жұмыс басталады
Мамандардың пікірінше, жобаның уақытылы аяқталуына қажетті инертті материалдардың қымбаттауы мен жүк вагондарының жетіспеушілігі кедергі болған. Енді осындай кемшіліктерге жол бермеу үшін қыс бойы құрылыс материалдары тасымалданды. Бүгінде қажетті 1,5 млн. тонна қиыршық тастың (щебень) 90 мың тоннасы Ақтөбеден Атырауға жеткізілген. Қалған материалдарды жеткізуге 21 мың жүк вагоны керек екен. Әзірге айналыста 1,5 мың вагон жүр.
– Наурыз айынан бастап бізде барлық учаскеде құрылыс жұмыстары басталады. Бұл дегеніңіз, жоғарғы қабат асфальтын салады, кірме жолдар жолақтар мен жол белгілері, жолға мал шығып кетпеуі үшін тор қоршау қойылады. Атырау–Астрахан жолының мерзімінен кешігуінің бірқатар себебі бар: Айталық, 2016 жылы мемлекеттің сарптамадан өткен жоба пандемия кезінде тоқтап қалды. 2021-2022 жылдары инертті материалдардың қымбаттауына байланысты оның уақыты созылды. Кейін түзетулер мен толықтырулар енгізілген жоба мақұлданды. Енді ол осы жылдың аяғында мәресіне жетеді деп жоспарлап отырмыз, — дейді «Қазавтожол» Ұлттық компаниясы Атырау филиалы басшысының орынбасары Мұрат Мықтыбаев.
Жоба неге уақытында аяқталмады?
Ендігі мәселе – жылдар бойы зарыға күткен жолды күтіп ұстап, тиімді пайдалану. Тапсырыс иесі «Қазавтожол» ұлттық компаниясы атынан ол жұмыспен «Қазсервис» компаниясы айналысатын болады. Одан өзге, мердігер мекемелердің 5 жылдық кепілдігі бар. Жол құрылысын 4 мердігер мекеме жүргізіп жатыр. Оның бірі отандық, қалғандары Италия, Түркия және Әзербайжанның құрылыс компанияларымен бірлескен құрылымдар. Жоба толық аяқталғанда халықаралық талаптарға сәйкес, 2-санатты жол пайдалануға берілмек. Алайда, жергілікті депутаттар «жолдың алғашқы жобада көрсетілген 1 санатты болғаны дұрыс еді» деп отыр.
Атырау–Астрахан жолы еліміз үшін де, халықаралық жүк тасымалында да маңызы бар логистикалық байланыс ролін атқаруы тиіс. Орта Азия мемлекеттерін Ресей арқылы Еуропаға байланыстыратын ең қысқа автомагистраль. Жол құрылысының ұзаққа созылуының көптеген себебі бар. Біріншіден, жобаны жүзеге асыру барысында еліміздің теміржол саласындағы көптеген келеңсіздіктердің беті ашылды. Атыраудан жергілікті инертті материалдардың шықпауына байланысты құрылысқа қажетті материалдардың барлығы өзге өңірлерден тасымалданды. Ал, нағыз құрылыс қызатын маусымда жүк вагондарының жетіспеушілігі қолбайлау болды. Екіншіден, елдегі битум тапшылығы. Өткен жылдары Маңғыстау облысы жолға қажетті битумды шығарып үлгере алмады.
Міне, осы мәселелер жобаның уақытылы аяқталуына бөгет болды. Тағы түйінді мәселе жолдың санатына қатысты. Жалпы, жол құрылысы басталмас бұрын оның техникалық-экономикалық негіздемесін жасаған кезде оны 2-ші санатты емес, 1 санатты жолға жобалау керек еді. 1-ші категориялы жол салынса, ол төрт жолақты болатын еді. Ол көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Жүретін көліктердің нөпірін көбейтеді және ақылы болады. Бұл елдің бюджетіне және жолды күтіп ұстау шығындарын ақтауға, мемлекеттің қаржысын үнемдеуге көптеген көмегін тигізетін еді. Бүгінде 3-тен 2-ші санатқа өткізіп жатыр, оған да шүкір. Содан соң бұл құрылыс кезінде жобалау құжаттарына түрлі түзетулер енгізілді, кейбір технологиялық өзгерістер болды. Осы мәселе бойынша көптеген қоғамдық тыңдаулар өтті. Сол жолы тұрғындар өзінің реніштерін де айтқан болатын. Жол сапасы қазір көпшілікті алаңдатады. Қазірдің өзінде бір қабаты төселген жолдың бойында көптеген ақаулар шығып жатыр, — деп қынжылады жол құрылысына қатысты қоғамдық тыңдауларға екі мәрте төрағалық еткен облыстық мәслихат депутаты Нұрлан Қайырденов.
Өзгенікі озық па?
Үкіметтің кеңейтілген отырысында сала жұмысын сынға алған Мемлекет басшысы республикалық маңызы бар жолдардың тендерін көп жағдайда тек шетелдік компаниялар ұтып алатынын да айтқан еді. Ел игілігіне қызмет ететін жобаларға қолынан іс келетін, тиісті техникамен жабдықталған өз кәсіпорындарымызды тарту маңызды. Бірақ, халықаралық деңгейдегі жобаларға енуге отандық жол салушы құрылымдардың мүмкіндігі шектеулі екенін сала басшылары да жоққа шығармайды.
– Отандық мердігер компанияларды тарту бойынша бірнеше себепті айтайық: Мысалы Атырау–Астрахан автомагистралының ұзындығы 277 шақырымды құрайды. Оның 60 шақырымы республикалық бюджеттен болса, қалған 217 шақырымы халықаралық қаржы институттарының қолдауымен жүзеге асырылуда. 2023 жылдың аяғындағы мәлімет бойынша, қазір сол 60 шақырымды салған отандық, жергілікті компаниялар өз жұмыстарын тиянақты атқарды. Соның нәтижесінде қозғалыс қалпына келітіріліп, жол пайдалануға берілді. Қалған 217 шақырымның қаражат көзі халықаралық институттан болғандықтан жобаны жүзеге асырушы мекемелер де, қойылатын талап та өзгерді.
Тағы бір назар аударатын мәселе, еліміз бойынша құрылысы созылған жобалардың барлығы 2016-2017 жылдары жасалған. Сондықтан, ондағы құрылыс материалдарының бағалары сол кезеңге нақтыланған. 2021 жылдан бастап инертті материалдардың бағасы күрт қымбаттауына байланысты жобаға түзетулер енгізуге тура келді. Ол көп уақытты талап ететін күрделі процесс. Алдымен бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалғанын анықтауға аудит жүргізіледі. Содан соң барып мемлекеттік сараптамадан, 2 мәрте республикалық бюджеттік комиссиядан өтеді. Осының өзіне 1-1,5 жыл уақыт кетеді. Соған қарамастан аталған учаскелерде жұмысты тоқтатқан жоқпыз, бар мүмкіндікті пайдаланып жалғастырдық.
Атырау–Астрахан жолының ақылы немесе тегін болатынын Көлік министрлігі қабылдайды. Оның да өзіндік сипаттамалары бар. Бұл мәселе жол құрылысы толық аяқталған соң оның жағдайына байланысты пысықталатын болады, — дейді «Қазавтожол» Ұлттық компаниясы басқарма төрағасының орынбасары Сырым Хамзин.
Тендерді үнемі шетелдіктер ұтып алады
«Қалыптасқан тәжірибеге қарасақ, республикалық маңызы бар жолдардың тендерін көп жағдайда тек шетел компаниялары ұтып алады. Мұндай жобаларға қолынан іс келетін, тиісті техникамен жабдықталған өз кәсіпорындарымызды тарту керек. Сонымен қатар, жол құрылысына қажетті техниканы елімізде шығару жолдарын дамытып, өзіміздің дайын өнімді пайдалану керек» деген болатын Президент.
Халықаралық қаржы институттары ұйымдастыратын конкурстық рәсімдердің талаптары отандық компаниялардың оң жамбасына келе бермейтіні ақиқат. Мысалы, Қаржы министрлігі бекіткен мемлекеттік сатып алу ережелері бойынша жол құрылысына қатысатын мекемелердің еңбек өтілімен қоса соңғы 10 жылдағы жол салу жұмыстарына лицензиясы талап етіледі.
– Біздің жолшыларымыз осы талаптың үдесінен шыға алмай жүр. Негізі отандық компания-лармен жұмыс істеу бізге де тиімді болар еді. Мысалы, құрылыс аяқталғаннан кейін қандайма ақаулар шыға қалса отандық мердігерді табу оңайға түсер еді. Бірақ, ірі жобаларға қатысушы компаниялардың материалдық-техникалық базасы, технологиясы мен жабдықтарына баса мән беріледі. Өкінішке қарай, біздің жергілікті компаниялардың мүмкіндігі шектеулі болғандықтан, шетелдіктер жол нарығында басымдыққа ие болып отыр, — деді Сырым Хамзин.
Атырау–Астрахан автомагистралы – еліміз үшін ғана емес, халықаралық логистиканың дамуына да ерекше әсер ететін маңызды желі. Облыс арқылы тәулігіне 6300-дей автокөлік өтеді екен. Оның басым бөлігін жүк көліктері құрайды. Жол құрылысы аяқталғанда Атырау арқылы өтетін жүк тасымалы 1,5-2 есеге артатын болады.
Арыстанбек КЕНЖЕ