
Көрінген сонадайдан Атырауым!
Республикалық маңызы бар Атырау – Астрахан автомагистралынан Атырау қаласына кіреберіс жол шаһардың батыс беттегі қақпасы саналады. Алыстан көрінген атырау туралы алғашқы әсер де соған орай қалыптасады. Сондықтан ол көлік қозғалысына қолайлы, қауіпсіз әрі сапалы болуы тиіс. Осы мақсатта бүгінде төрт жолақты жол салу жұмыстары басталып кетті. Мамандар оның кезең-кезеңімен жүзеге асатынын айтады.

Мердігер компанияның жауапты өкілі, учаске бастығы Әсет Бектеновтің айтуынша, екі бөліктен тұратын жобаның бірінші кезеңі бойынша тиісті жұмысты істеуге 6 автокөлік пен арнаулы техника, 11 инженер-техник, 23 жұмысшы кіріскен. Жұмыс ауқымына қарай техника мен қол күші тағы көбейтіледі. Бүгінде жолдың асфальт қабатын түгел қырып тастап, жолдың астына топырақ пен қиыршықтас жаңадан төселіп жатыр.

– Реконструкциядан өткізілетін учаскенің жалпы ұзындығы – 6,4 шақырым, ені – 22 метр. 17 метрлік көлік жүретін бөлігі төрт жолаққа бөлінеді. Сол жақ бетінен жаяу жүргінші жолы, қос қапталынан жиектас төселуі тиіс. Әзірге бес шақырым аумақта жұмыс басталды. Қажетті инертті материалдар – отандық өнімдер. Мәселен, топырақ Индерден, қиыршықтас пен ірі түйіршікті маститті тас Ақтөбеден, битум Ақтаудан теміржол арқылы жеткізіліп отыр. Материалдар компанияның Солтүстік өндірістік аймақтағы өз базасында сақталып, учаске басына жеткізіледі. Жиектастар да жергілікті зауытта өндіріледі. Келешекте төрт жолақты жолға айналатындықтан, автокөліктердің бір мезгілде қарама-қарсы қозғалысын қамтамасыз ету үшін ортасынан жолайырық жүргізу жоспарланған. Соның бойына түнгі жарық шамдары орнатылады. Мұның бәріне бір ғана компания үлгермейді, сондықтан қосалқы мердігер де тартылады. Көлік жүруге қолайсыз болмауы үшін жол бойына күніне үш мезгіл су шашылады. Бір қиыны, облыстық және республикалық маңызы бар трассалардағы сияқты, бұл жобада құрылыс барысында уақытша айналма жол салу қарастырылмаған. Сол себепті, бізге бекітілген учаскеде кідіріссіз көлік қозғалысын қамтамасыз ете отырып, қауіпсіздікті сақтау керек. Жоба бойынша Сарыөзек көпірін қайта жаңғырту және бес шақырымдық «Атырау-Астрахан» автомагистралына кірмежолды күрделі жөндеу де бізге жүктелген, — деді учаске бастығы.

Енді бірер айдан кейін жаңғыртылған жолға алғашқы асфальт қабатын төсеу басталмақшы. Жыл соңына дейін нысанның бір бөлігін аяқтап, пайдалануға беру межеленген.
Дәулетқали АРУЕВ
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ