Жарнама
Инфрақұрылым

Кептелістен құтылатын күн жақын

Оқушылардың күзгі демалыс күндері аяқталып, қалада қозғалыс көбейді. Десек те, ауа райы салқындап, жол жөндеу жұмыстарының аяқталуына байланысты кейбір көшелер пайдалануға беріліп жатыр. Жақында Сырым Датов көшесі бойындағы теміржол бөлімшесінен «Арын» базарына дейінгі аралық ашылды. Бұл көшедегі қайта жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен үшінші жыл қатарынан жүргізіліп келеді. Ал, алдағы уақытта облыс орталығында қай жолдар жөнделеді? Қандай жобалар жүзеге асады? Біз осы сауалдарды Атырау қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Алмас Сәрсеновке қойған болатынбыз.

Сапалы жол – қауіпсіздік кепілі

Биыл қалалық көлік инфрақұрылымы бағдарламасын дамыту шеңберінде жолдарды қайта жаңғырту, күрделі, орташа, ағымдағы жөндеу және жаңа жолдарды салу бойынша жұмыстарды орындау үшін 28 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінді. Оның ішінде республикалық бюджеттен – 2,5 млрд. теңге және жергілікті бюджеттен шамамен 25,5 млрд. теңге.

 – 2024 жылы қала мен оның маңындағы ауылдың 68 көшесінде, яғни Еркінқала-2, Ақсай, Ақжар, Дамбы, Зарослый-1 көшелерінде 55,5 км жаңа автожол, сондай-ақ, Сарыөзек шағынауданына, Алмалы ауылына ауылішілік жолдар салу жоспарланды. Олар жыл соңында пайдалануға беріледі деп күтілуде. Бұдан басқа, Нұрсая шағынауданындағы Әбілқайыр хан мен Бейбарыс даңғылдарын жалғайтын және Әл-Фараби атындағы Binom мектебінің жанынан өтетін жолдардың құрылысы жақында аяқталмақ. Ал, электр желілерін жер астына көшіру жұмыстары келесі жылы жалғасады. Яғни, бұл ауыспалы нысан болады, — деп нақтылады Алмас Сәрсенов.

Биыл бұрынғыдай көшелерді қайта жаңғырту және олардың жол төсемін кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары атап өткендей, бұл жобаларға өткен жылдан қалған (Азаттық даңғылы мен Сырым Датов көшесі) өтпелі нысандар да енгізілген.

Биыл Гагарин көшесінде (900 метр), Бигельдинов көшесінде (Құрманғазы көшесінен Тайманов даңғылының қиылысына дейін), «Көктем» сауда үйінен бастап Жастар көшесі арқылы Жұмыскер шағынауданына қарай, Әбілқайыр хан даңғылынан Жастар көшесіне дейін Сарықамыс шағынауданы бағытында  қайта жаңғырту жұмыстары басталды. Соңғы жоба бойынша бүгінде жұмыстар Ерік– Мостовой каналының маңында жүргізілуде. Осы маңдағы үйлердің тұрғындары мен қалалық мәслихат депутаттарының ұсынысымен бұл жобаға өзгерістер енгізіліп, жаңбырдың лай суларын каналға құятын қосымша арықтар салынуда. Жұмыстар келесі жылы аяқталмақ. Жалпы, қала бойынша 22,1 шақырым жолды қайта жаңғырту жоспарланған болатын. Алайда, инженерлік коммуникацияларды ауыстыру кезінде олардың басшылығымен келісім уақытының кешеуілдеуіне және осындай жобалардың шығыны көп болуына байланысты тек 8,7 км жол қайта жаңғыртылды,-деді сұхбаттасушымыз.

Орташа жөндеу жұмыстары аяқталды

Өткен жылы Атырау қаласының 11 көшесінде орташа жөндеу жұмыстары басталған еді. Атап айтқанда, Берғалиев, Қошқарбаев, Құнанбаев, Құлманов, Молдағұлов, Жұмағалиев, Темірханов, Әліпов көшелері және тағы басқасында осындай шаралар жүзеге асты.

Бөлім басшысының орынбасары жалпы ұзындығы шамамен 5 км болатын осы нысандардың барлығы жыл соңына дейін аяқталатынына сендірді. Жасалған шарттарға сәйкес ағымдағы жөндеу бойынша 50 мың шаршы метр жол жабыны қамтылған. Барлық шұңқырларды жөндеу жұмыстары әлі жүргізіліп жатыр. Ол күн суытып, жер қатқан кезде ғана тоқтатылады екен. 2022 жылдан бері жалғасып келе жатқан басқа жобалардың қатарында жол жиектерін орнату және оларды асфальттау да қамтылған. А.Сәрсенов атап өткендей, жол жиектерінің жобаларына қайтадан өзгеріс енгізілуіне байланысты аяқталмапты. Олар мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алған кезде қайтадан қолға алынады екен. Мұндай тоғыз нысанның алтауы іске асыру сатысында, ал үшеуі пайдалануға берілген. Осы жобада Қайыршақты, Ақсай, Еркінқала ауылдық округтерінің елді мекендерінде, Геолог және Жұмыскер шағынаудандарында, сондай-ақ, қала орталығындағы бірнеше көшеде жол жиектерін төсеу қарастырылған.

Орталық қайта жаңарады

Алмас Сәрсенов әңгіме барысында қала басшылығының автожолдарды қайта жаңғырту, орташа жөндеу және қайтадан салу бағытындағы ауқымды жобалармен де бөлісті. Айталық, Махамбет көшесі бойынша Сырым Датов көшесінің қиылысынан Уәлиханов көшесіне дейін, Азаттық даңғылы бойынша «Жастар» аялдамасынан Әуезов көшесіне дейін орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Осы жұмыстарды жүзеге асыру мақсатында электрондық конкурстар жарияланды және оларды жеңіп алған мердігер де бар. Оны биыл бастау жоспарланғанмен, оларды жүзеге асыру мерзімі тағы да өзгеріп, 2025 жылға ауыстырылып отыр.

Сондай-ақ, Молдағұлова көшесі бойынша Мақатаев көшесінің қиылысынан айналма жолға дейінгі орташа жөндеуді жалғастыру қажет. Онда да жұмыстың мердігері белгіленген. Енді мұндай жұмыстар Абай көшесі бойынша «Ақжайық» қонақ үйінен Драмтеатр аумағына дейін, сондай-ақ Әбілқайыр хан даңғылы, Ерниязов және Жарбосынов көшелеріне дейін қамту жоспарланған. Абай және Әбілқайыр хан көшелерін орташа жөндеу бойынша екі жоба мемлекеттік сараптама органдарында қаралуда.

Екі батыр көшесі қосылады

Келесі жылға арналған жаңа жолдардың құрылысына келетін болсақ, Бейбарыс даңғылынан Самал шағынауданындағы 31-ші көше арқылы Атырау–Астрахан тас жолына қарай жол салу жоспарланып отыр. Махамбет көшесінен Сырым Датов көшесіне дейін Канцев көшесінің қиылысы арқылы, яғни, бұрын ескі теміржол тармағы болған аумаққа жаңа жол салынады. Бастапқыда бұл жаңа жолды екі жолақты ету жоспарланғанмен, кейін төрт жолақты етіп салу туралы шешім қабылданыпты. Рас, бұл жоба техникалық сәттерге байланысты пысықталып жатқан көрінеді. Өйткені бұл учаскеде жоғары вольтты электр желілері бар екен. Автожолдардың жаңа құрылысын салу шеңберінде қалада жалпы ұзындығы 10 км болатын бірқатар көшені, соның ішінде Самал шағынауданында (23-ші және 25-ші көшелер) және шағын көшелерді асфальттау қажет.

Сондай-ақ, жаңа жолдарды салу аясында жалпы ұзындығы 53 км жол төсеу үшін жобалық-сметалық құжаттама (ЖСҚ) әзірлеу жоспарлануда, оған қаладағы, ауылдық округтердегі қалған көшелер енгізіледі. Оларды әзірлеу, мемлекеттік сараптама органдарына бекітуге жіберу жыл соңында аяқталмақ.

Айналма жолдар ретке келтіріледі

2021-2025 жылдарға арналған кешенді даму жоспарына сәйкес, Қожақаев көшесіндегі (Балықшы шағынауданы, бұрынғы Қызыл әскер) автомобиль жолдарын қайта жаңарту жоспарланған. Сәтбаев және Елорда даңғылдары (Нұрсая шағынауданы) бойынша, сондай-ақ Сырым Датов пен Қабдолов (Элеваторная көшесі-700 метр) арасындағы жалпы ұзындығы 13,6 км және Атырау–Астрахан жолының 6,4 километріне қайта жаңғырту жұмыстары көзделіп отыр. Ол төрт жолақты болады. Сондай-ақ, қала басшылығының 2025 жылға арналған жоспарында ұзындығы 3,5 километр болатын айналма жолды қаладан шығатын жол айрығынан («Мұнай тамшысы» мүсіндік композициясы) ескі айналма көпірге дейін қайта жаңғырту жұмыстары бар. Бұл жолдың жобалау-сметалық құжаттамасы бұған дейін жасалып, оң қорытындысы алынған. Бірақ, оның дайындалғанына үш жыл өтіпті. Ал, еліміздегі заңдылықтарға сәйкес ЖСҚ үш жыл ішінде іске асырылмаса, яғни, ештеңе салынбаса, онда жоба мен сметаны қайтадан жасап, мемлекеттік сараптамаға жіберуге тура келеді.

Жол төсемін кеңейту бойынша осындай жұмыстарды Тайманов көшесі бойында «Мұнай тамшысы» мүсіндік композициясынан «Арнаулы автобаза» аумағына дейін, сондай-ақ, Қабдолов көшесімен Атырау-Доссор тас жолынан Перетаска көпіріне дейін ұзындығы 11,7 километр болатын жүргізу жоспарланып отыр. Әрине, олардың барлығының жүзеге асырылуы қаржыландыруға байланысты. Себебі, бұл бастамаларға қомақты қаражат қажет. Ал, бастысы, ойлаған жобалар жүзеге асса, көшелердегі кептелістерден құтылуға мүмкіндік туар еді.

Айбөпе САБЫРОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button