Келесі жылы «Миялы-Тайсойған» тас жолы пайдалануға беріледі
Бұл туралы Қызылқоға ауданы әкімі Қанат Әзмұханов Тайсойған ауылдық округінің тұрғындарымен кездесуде мәлімдеді, — деп хабарлайды аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.
Өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен алдағы жоспарлары талқыланған жиында Тайсойған ауылдық округінде атқарылып жатқан жұмыстар туралы толық ақпарат берілді.
Тайсойған ауылында осы жылы 4,9 шақырымға созылатын көше жарықтандыру жүйесі толықтай аяқталды. Жоба аясында 177 баған мен жарық шамдары, сондай-ақ 1 трансформатор орнатылып, жыл соңына дейін іске қосу жоспарлануда.
–Ауылдар арасындағы «Миялы-Тайсойған» автокөлік жолының құрылысы да қарқынды жүруде. Келер жылы бұл жол толық пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, Тайсойған ауылына 3,3 шақырым ауылішілік жол салу бойынша жобалау-сметалық құжаттамасы келесі жылы әзірленетін болады. Ауылда Ғ.Сланов көшесіндегі футбол алаңы салынып, Ғ.Асанов көшесіндегі ойын алаңына жөндеу жүргізілуде. Сонымен қатар, 2025 жылы 50 орындық балабақша құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалады, — деді Қ.Әзмұханов.
Тайсойғанда мәдениет үйі мен спорт кешені құрылыс жұмыстары басталған. Алайда, спорт кешені құрылысында жұмыстың баяу жүруі себепті «Ansal Group» ЖШС-мен келісімшартты бұзу шешімі қабылданып, жаңа конкурс жарияланды. Сонымен қатар, ауылда ашық спорт алаңы салынып, оны жыл соңына дейін қолданысқа беру жоспарланған.
Тайсойған округіне жуырда шағынавтобус берілетіні де хабарланды. Кездесу барысында тұрғындар инженерлік инфрақұрылым мәселелері мен денсаулық сақтау саласындағы өзекті тақырыптарды көтерді.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА