
Кәріз жүйесі: үміттен күдік басым
Жаңбыр жауса ауласы шалшық суға толатын Жұлдыз шағынауданының түйткілді проблемасы – кәріз жүйесі. Күрделі мәселені жиі көтеретін тұрғындар жаз басталса жағдай тіптен ушығатынын айтып шағымданады. Осы мәселе енді біртіндеп шешімін таппақшы. Бүгінде аталған шағынауданда кәріз жүйесін жүргізу жұмыстары қолға алынды. Десек те жұлдыздықтар жүргізіліп жатқан құбыр тарту жұмыстарының сапасына алаңдаулы: оның диаметрі аз, ертең-ақ бітеліп қалуы, қыста қатуы әбден ықтимал. Сондықтан тұрғындар «осыған айрықша назар аударылып, бақылау күшейсе екен» дейді.
– Бұл шағынауданда тұрып жатқаныма үш жылдан асты. Әуелде көшіп келгенімізде мұнда кәріз жүйесі атымен жоқ болатын. Әр үй өз алдына септик қазып алып, амалдайтын. Қысы-жазы сол шұңқырды тазалап, иісімен, машақатымен алысып келдік. Әсіресе жауын-шашынды күндері, жаздың аптап ыстығында жағдай тіпті қиындап кететін.
Балалар ойнап жүрген жерде ағынды сулар жиналып, санитарлық жағдай ушығатын. Біз үшін бұл тек тұрмыстық қолайсыздық емес, денсаулығымыздың мәселесіне айналды. Бірнеше рет жиналысқа қатысып, әкімдікке хат жаздық. Енді міне, жылдар бойы күткен арманымыз орындалып, шағынауданымызда кәріз жүйесі тартылып жатқанына қуандық. Жақында қуанышымыз су сепкендей басылды. Себебі, тартылып жатқан құбырлардың көлемі көңілімізден шықпады. Диаметрі 100 мм-лік құбырлардың өткізу қабілеті төмен болады емес пе? Оның үстіне біздің шағынауданда тұрғын үйлер аз емес. Кейбір үйлердің жанынан терең ор қазылып, уақытша қолайсыздықтар туындап жатыр. Көшелерге кіру қиындаған. Бірақ біз бұл уақытша қиындық екенін түсінеміз. Тек басталған жұмыс сапалы аяқталса екен дейміз. Өйткені бұл тек бүгіннің емес, болашақтың инфрақұрылымы. Балаларымыз таза, қауіпсіз ортада өссе екен,-дейді Жұлдыз шағынауданының тұрғыны Ризабек Кубашев.
Атырау қаласы әкімдігі баспасөз қызметінің жетекшісі Ғасырбек Төлегеннің айтуынша, бұл нысанда құрылыс монтаждау жұмыстары толық жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес жүргізілуде. Бүгінде 2800 метр құбыр төселген. Аталған нысан бойынша жобалау-сметалық құжаттама мемлекеттік құрылыс нормаларына сәйкес әзірленіп, тиісті сараптамадан өткен. Жобада кәріз жүйесі үшін 110 мм диаметрлі құбыр қолдану қарастырылған.
– Қолданыстағы құрылыс нормалары бойынша 110 мм диаметрлі құбыр тұрмыстық кәріз жүйелері үшін қажетті өткізу қабілетіне ие және жобада көрсетілген төсеу тереңдігі сақталған жағдайда қыс мезгілінде қатып қалу қаупі туындамайды. Осыған байланысты нысанда қолданылып жатқан құбырлар жоба талаптарына және техникалық қауіпсіздік стандарттарына толық сәйкес келеді. Жұлдыз шағынауданында кәріз жүйесін салуға мердігер мекемені анықтау үшін 28-мамырда мемлекеттік сатып алу конкурсы өтіп, оның қорытындысына сәйкес «Байсын-А» ЖШС жеңімпаз ретінде анықталды. Алғашқы келісім-шарт жасақталды. Бүгінде Жұлдыз шағынауданында кәріз жүйесін салуға мердігер мекеме «Байсын-А» ЖШС-мен 5 млрд. 621,6 млн. теңгеге келісім шарт жасалған,-дейді Ғасырбек Төлеген.
Біз осы мәселеге қатысты сала мамандарының да пікірін білгенбіз. Коммуналдық шаруашылық және құрылыс салаларында ұзақ жылдар бойы еңбек еткен тәжірибелі маман Серік Сәдуақасовтың айтуынша, тұрғындардың алаңдауы бекер емес. Оған бірнеше себеп бар.
Маманның түсіндіруінше, кәріз жүйесі екіге бөлінеді: қысымды және ағынды кәріз коллекторлы жүйелері. Бірақ оның екеуіне де диаметрі 100 мм-лік құбырлар жарамайды.
Мұндай құбырлар тек бір шарбақта орналасқан үйдің арасындағы кәріз жүйесін көше бойына орналасқан орталық ағынды кәріз жүйесіне жалғау үшін қолданылады.
– Жұлдыз – жыл сайын кеңейіп, халық саны көбейіп келе жатқан шағынаудан. Демек, оған кем дегенде диаметрі 200 мм-лік болатын құбырлар салынуы тиіс. Қысымды коллекторлы жүйеде кәріз суы насоспен /КНС/ қысыммен жіберіледі. Яғни, егер жол көше бойында жүріп жатқан кәріз жүйесінде апатты жағдай болғанда тұрғылықты халықтың қандай қолайсыз жағдайда қалатыны айтпаса да түсінікті,-дейді Серік Сәдуақасов.
Р.S:
«Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды» демекші, Жұлдыз шағынауданы тұрғындарының жанайқайы тектен-тек емес болып шықты. Десек те қалалық әкімдік жұмыстың талапқа сай жасалып жатқанына сенімді. Қайткен күнде де санаулы уақыттан кейін тұрғындар бармақ тістеп қалмас үшін қазірден-ақ қамдану керек сияқты. «Он рет өлшеп, бір рет кескен» дұрыс емес пе? Сіз қалай ойлайсыз?
Айбөпе САБЫРОВА